Өзін антифашист қаһарман, интернационалист күрескер бейнесінде жарнамалап жүрген Бахытжан Копбаев пен оның әріптесі Анна Невская Ресей телеарналарының біріне берген сұхбатында «Қазақстанда фашизм бас көтерді» деген еді. (
Қазақстандағы «қазақ фашистері» кімдер?
05.02.2020
4739
«Бұлардың дәл осындай тұжырым жасауының себебі не?» деген сауалға интернет желісінен жауап іздедік. Сөйтсек, әртіңгі жылдары Манас Бестаев атты маскүнем, қазақ тілінен мақұрым шалақазақ «Орыс әлемін» былапыт сөздермен балағаттап, «Бір кезде сендер қазақ ұлтының жартысын қырып тастағансыңдар, сол үшін сендерді кескілеп өлтіреміз! Тіпті сендерді кескілеп өлтірмей-ақ аштықпен қырамыз!» деп шатпақтаған көрінеді. Мас күйіндегі сандырағы үшін сол байғұс барынша сазайын тартыпты: тал түсте бірнеше адам жабылып сойылмен есінен тандыра ұрып, соққыға жығып кеткен! (). Әлеуметтік желі қолданушылары да оған сес көрсету ауанымен жауап қайтарыпты. Әрине, құқық қорғау органдары тарапынан да ол тиісті жазасын алды.
Ал Б. Копбаев болса қайдағы бір маскүнемнің әрекетін өзін жарнамалауға әккілікпен пайдалана қойған. Сөйтіп, ютуб арнасы арқылы саяси мәлімдеме жасаған!..
Ол өз кеудесін ұрғылап кіжіне сөйлеп, М. Бестаевтың сөздерін қазақ фашистері идеологиясының бір көрінісі ретінде сипаттап, саяси баға берді!.. Қазақстан Президенті әкімшілігі, «Нұр Отан» мен коммунистер партиялары, ішкі саясат басқармалары, ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақ фашистеріне көз жұмып отыр деген пайымдауын жария етіп, оларды да айыптаған! Есін білмеген кезде «Атың шықпаса – жер өрте» деген ұстанымды бұлғаңдатқан әлгі әңгүдікті тіпті кездесуге шақырып, «сыбағасын» беруге уәде етіпті! Алматыда алкогольді ішімдікке сылқия тойып алып, көршілерімен төбелесіп жүрген «фашист» Манас Бестаев «антифашист» Бахытжан Копбаевпен күш сынасу үшін Шымкентке бармайтыны бесенеден белгілі емес пе... (Оның бұл әрекетін ютубтан көре аласыздар).
Осы тұста еске алатын бір жайт, тіл жанашыры Марғұлан Боранбай қазақ тілін келеке қылған орысша бейнежазбасы үшін сол М. Бестаевты желкесінен ұстап тұрып халықтан кешірім сұратты ().
Бахытжан Копбаев олай істемесе де, туған халқын да ғайбаттаған сүмелекті ұлттық-фашистік идеологияны таратушы саяси радикалды ұйымның көрнекті өкілі сияқты сипаттап әлеуметтік желіден жар салды! Онысын түсінеміз, өзіне саяси бедел жинауды көздеген «антифашист» көшеде жүрген алкоголиктермен күреске түспейді ғой...
Әйтсе де, Ресейде фашизмді ашық дәріптеп, орыс емес ұлттардың, әсіресе Орта Азия, Қазақстан, Кавказ халықтары өкілдерін қоғамдық орындарда аяусыз ұрып-соғып, тіпті өлтіріп кететін скинхедтер жайында атышулы «антифашистің» бір ауыз сөз айтпауы бізге түсініксіз.
Әріптесі Анна Невская да Бахытжан Көпбаевтың осындай іс-әрекеттерін түсінбеуіне байланысты онымен істес болудан бас тартқан сияқты. Әйтеуір, ол фейсбук парақшасында Интернационалистер қозғалысының Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Балқаш, Петропавел, Шымкент қалалары филиалдарының да Б. Копбаевтың ұйымынан бөлектеніп, басқа бағытта жұмыс істейтінін жазыпты.
Солай бола тұра, Бақытжан Копбаев Керекуге келген сапарында өзі көсемдік етіп жүрген «Интернационалистердің қазақстандық қоғамы» ұйымының облыстық филиалын құрғанын айтты. Демек, алдағы уақытта ол Керекуден «қазақ фашистерін» анықтап, соларға қарсы соғыс жариялайтыны жөнінде мәлімдеме жасаса, таң қалмаймыз...
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.
Басқалармен бөлісе отырыңыз
Пікірлер