Армян көліктерінің төңірегіндегі  дағдарысты қалай шешеміз?

3852
Adyrna.kz Telegram

 Алдымен болып жатқан жағдайды таразылап көрелік:

  1. Бұл жағдай бір ай емес, бір жыл емес, 4-5 жыл дамыды. Осы уақыт ішінде 170 мың адам «арзан» көліктерді елге алып келу мүмкіндігін пайдаланды. Ал бұл уақыт аралығында тиісті органдар қайда қарады? Халыққа түсіндіру жұмыстары неге жүргізілмеді?
  2. Бұл көліктерді кедендік рәсімдеудің өзі бір автокөліктің құны тұратынын ескерсек, енді Үкімет бір жыл ішінде  осы автокөліктерді екінші рет - мемлекеттен сатып алуды ұсынып отыр.
  3. Кедендік баж негізінен Ресейдің бюджетіне кетеді, ал біздің бюджетке 7 пайызға жуығы ғана қалады. Бұл әу бастан Кеден Одағы құрылған кезде ойластырылған болатын. Бұл әрекетімен біздің билік ресейлік авто өнеркәсіпті ғана емес,  ресейлік бюджетті де  қолдағысы келді.
  4. Көліктерді кәдеге жарату үшін біздің Үкімет міндеттеп отырған төлем де біздің бюджетке емес, «РОП» ЖШС жеке шотына түседі. Бүкіл ел бойынша төлемді тек осыбір жеке фирма жинайды. Төлемді үкімет міндеттейді, ал қаржы жеке фирманың қалтасына түседі.

       Ал енді осы түйткілді қалай шешеміз?

  1. Қазақстанда соңғы 20 жылда күмәнді мүлік пен көлеңкелі қаражат бір емес, үш мәрте заңдастырылды. Бұған дейін біздің елде «10 пайыз төле де, таза жүр» деген ұранмен біраз дүниелер заңдастырылды емес пе?! Міне, армян көліктеріне қатысты да осы бағытты ұстану керек.
  2. 2010 жылға дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының ешкімге тәуелсіз егеменді Кеден Кодексінің «Автомобильдерді әкелу туралы» ережесін қайтару керек.
  3. Монополияға қарсы заңнамаға сәйкес келмейтіндіктен «РОП» ЖШС туралы Үкімет қаулысының күші жойылып, барлық мемлекеттік алымдар елдің мемлекеттік бюджетіне өтуі тиіс.
  4. ЕАЭО-дан шығуға дайындалу керек. Бұл процесс біршама уақытта алады. Бірнеше жылдар кетуі де мүмкін. Бірақ экономикалық әл-ауқатымызды көтергіміз келсе, бұған баруымыз керек. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, біз одан әрі осы құлдық пен кедейшіліктен шыға алмай қаламыз.

 

 Мұхтар ТАЙЖАН

Пікірлер