Пәкістан Үндістанмен шиеленіс күшейген тұста баллистикалық зымыранды сынақтан өткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Euronews агенттігіне сілтеме жасап.
Пәкістан әскери күштерінің хабарлауынша, «жер-жер» класты зымыранның ұшу қашықтығы 450 шақырымды құраған.
Әскерилердің мәлімдеуінше, «Абдали» баллистикалық зымыранының ұшырылуы әскердің жедел дайындық деңгейін арттыруға және зымыранның жетілдірілген навигациялық жүйесі мен маневрлік мүмкіндігін тексеруге бағытталған.
Пәкістан президенті мен елдің премьер-министрі сынақтың сәтті өткенін мәлімдеп, осы іске қатысы бар барлық адамдарды құттықтады.
Ақпарат министрі Аттаулла Тарар бірнеше күн бұрын Пәкістанда Үндістан тарапынан шабуыл жасалуы мүмкін екендігін дәлелдейтін нақты барлау мәліметтері бар екенін мәлімдеген.
Тарардың айтуынша, егер ядролық қаруы бар көрші мемлекет шабуыл жасайтын болса, Пәкістан қатаң түрде жауап береді.
Жұма күні Пәкістан Парсы шығанағындағы одақтастарынан 22 сәуірде Үндістанның Кашмир аймағында болған шабуылдан кейін туындаған Үндістанмен арадағы шиеленісті азайтуға көмектесуін сұрады.
Үндістан шабуылды ұйымдастырды деп Пәкістанды айыптады, алайда Исламабад бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Айта кетейік, даулы Кашмир аймағы Үндістан мен Пәкістан арасында бейресми түрде бөлінгенімен, екі ел де оны толығымен өз жері деп есептейді.