Дабыл! Коронавирус Қазақстаннан 150 шақырым жерде!

3511
Фото: nege.kz

Қытайдың Ухань қаласынан тараған дерт бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Ресми Қытай 80 адам көз жұмғанын хабарлағанымен, кейбір ақпарат көздері өлгендердің саны әлдеқайда көп дейді.

Nege.kz тілшісі Динара Мыңжасар шығыс медицинасы дәрігері, бір кездері өзі де Қытайдан келген Ержан Нұрмұханнан қауіпті вирустың жайын сұрады.

Ержан Нұрмұхан

– Бұл вирус 1937 жылы тауықтан шыққан. Түрі тәжіге (коронаға) ұқсайды. Сол кезде мамандар тауықтың денесінен бөлініп шыққан вирусты зерттеген. 1975 жылдан бастап осы вирустың адам денесіне жұғып, одан екінші біреуге жұғатыны белгілі болды. Ал 2002 жылы Қытайда осы вирустың салдарына ұқсас ауру пайда болды. Оны SARS және MERS деп атады. Бұл дерт адамның өкпесін қабындырады. 2012 жылдан кейін ДСҰ бұл аурудан қалай сақтану жөнінде әртүрлі қарар қабылдады, – дейді Е.Нұрмұхан.

 Бұл вирустың түрі көп деген сөз бе?

– Мұның жеті түрлі вирусы бар. Тышқан, ит, мысық, шошқа, жыланнан жұғады. Ал осы жолғы коронавирус жарқанаттан келген дейді. Жарқанаттан жұққаны өте тез тарайды. Бір демде Қытай асып, Германия, Ұлыбритания, Франция, Тайланд, Оңтүстік Америка, Сингапур, Гонконг, т.б. елдерге жетті. Өйткені, бұл елдерден Қытайдан саяхаттайтындар өте көп. Жылына 100 млн адамға дейін барады. Сондықтан да таралымы тез болды. Оның үстіне Қытайда жаңа жыл мерекесінде 1 ай демалған соң, ақшасы барлары сырт елдерге қыдырады. Міне, сол кезде бірнеше адам вирусты сыртқа алып шықты.

 Адамнан адамға қалай жұғады?

– Әдетте ауру сілекейден, түшкіргеннен, ауа арқылы тез тарайды. Мұның алдын алу жолы – тазалық. Қолды жиі жуып, бір уақыт үйді желдетіп алу керек.  Бұл аурудың тез тарайтыны – жасырын түрі. Оның клиникалық симптомы 2-5 күнге дейін байқалмайды. Қауіптісі де сол, вирус кіріп алып, жасырын өседі.

 Ғаламторда түрлі ақпарат жүр. «Қытайда ауруханалар науқастан аяқ алып жүргісіз. Дәрігерлердің өзі жұмысын тастап, қашып жатыр» дейді. Бұл рас па?

– Қытай тіліндегі басылымдарды да, АҚШ, Ресей ақпарат көздерін де қарап отырмын. Қытайдың саясатына бейімдеп жазатын ақпарат құралдары бар. Ал АҚШ басылымдары шындыққа жақын жазады. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Қытай алғашқы кезде бәрін жасырып бақты. Неге? Әлемдегі саяси беделімізге нұқсан келтіреді деді. Осы әрекеті арқылы дүниежүзіне қарабет болды. Әуелгіде аузына бетперде таққандарды ұстап, «Неге тағасың? Мұндай ауру жоқ» деп мойындамады. Дерт тараған соң ғана, амалсыз айта бастады.

– Тазалық деп қалдыңыз ғой. Олар бұл дертті өздері тауып алған жоқ па осы?

– Бұрын қазақта «Жарқанат қағып кетсе, жынды боласың» дейтін. Сол сөздің кері келді ме деп ойлаймын. Аузына не түссе, соны жейтін халық қой. Бұл – тазалықтың жоқтығынан келген нәубет.

– Сонымен, бұл вирусқа қарсы ем бар ма?

– Тағы бір ерекшелігі, қазір бір вирусқа қарсы емдеу шарасын қолдансаңыз, ол әп-сәтте басқа формаға көшіп кетуі мүмкін. Әзірге бұған қарсы екпе де, ем де жоқ. Бұдан кім аман қалады? Денсаулығы мықты, иммунитеті күшті адам ғана аман қалады. Қазіргі уақытта бір адам емделді деген ақпарат естіген жоқпын. Қытай мемлекетінің өзі таратқан дерегі бойынша, вирус 2784 адамға жұғып, 80 адам көз жұмды. Қазақстан тарапы назар аударатын жайт, қазақтар көп шоғырланған ШҰАР аймағындағы Үрімші қаласында үш адамға (қытайға), Құлжада бір адамға жұғыпты. Демек, Қазақстан шекарасына 150 шақырым ғана қалды.

– Онда бізге де сақтану керек қой!

– Әңгіме біздің не жеп жүргенімізде. Біз, қазақтар қазы-қарта, жал-жая жейміз. Қой етінің сорпасын ішеміз. Тамақты талғап жесек, сақтанып жүрсек, жұға қоймайды.

2003 жылы осы аурудың алдын алуға байланысты Қорғас шекарасына жұмыспен бардым. Халыққа кеңес бердік. Сол кезде бұл ауру қазақ пен ұйғырға, яғни, мұсылмандарға жұқпаған. Қытайлар бір-біріне жұқтырған. Алланың көзі түзу болсын дейміз.

«Сақтықта қорлық жоқ». Шекарадан кірген-шыққандарды қатаң тексеріп, сақтық шараларын күшейту керек. Лаж болса, бетперде тағып жүру қажет. Әр адам жеке тазалығына қарауы тиіс. Екі-үш күннің бірінде жылқының етін жеп, қой етінің қара сорпасын ішу керек. Өзіміздің дәстүрлі тағамды ғана тұтынсақ, бәле-жала жоламайды.

Nege.kz

Пікірлер
Редакция таңдауы