Әншілерге енді авторлар да қосылмақ. Мейрамбек Беспаевтың шулы мәлімдемесі

6424
Adyrna.kz Telegram
"Қазақтың бозторғайы" атанған Мейрамбек Беспаев не жазса да әлем желіде хит болып жатады. Себебі, Мейрамбек те біледі не жазу керек екенін. Басқа әншілер сияқты жеген тамағын, киген киімін салу Мейрамбектің әдетінде жоқ. Сол Мейрамбек бүгін әншілердің мүддесін қорғап шықты.
Кеше ғана Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланған Беспаев ешқашан жоғары қызметке ұмтылмағанын да жасырмаған болатын.

"Бүгін өнерде жүрген барша әріптесім ұсыныс жасап, бірауыздан дауыстарын беріп, мені Қазақстан орындаушылар одағының (КОУПИС) басқарма төрағасы етіп сайлады. Біраз жұрт біледі, қазіргі таңда бұл қоғамдық ұйымның қаржылық жағдайы нашар, біраз құрылымдардың алдында қарызы бар, әншілер мен ән өңдеушілердің алдында беделі де төмендеп кеткен.  Бірлестік тарихының осындай ауыр кезеңінде әріптес-достарым мені басшы қып сайлап отырғаны - маған сенгені деп қабылдап отырмын. Әрине, мұндай ұйымға жетекшілік ету маған үлкен жауапкершілік артатынын жан-дүниеммен жақсы сезініп әрі түсініп отырмын. Мен ешқашан басшылық қызметке ұмтылған адам емеспін. Мұны бір сахнада жүрген әріптестерім мен қадірлі тыңдармандарым да жақсы біледі", - деп жазған болатын.

Бүгін Мейрамбек Беспаев өзінің инстаграмм парақшасында белгілі қоғам қайраткері Зағипа Балиеваға қарата мәлімдеме жасады. Әншінің айтуынша, Балиеваның ұлы осы одақты бұрын басқарып, әншілердің тиесілі ақшасын бермей келген екен. Жаңадан сайланған төрағаға Зағипа Балиева құқық қорғау органдары арқылы қысым көрсетіп жатса керек. Мейрамбектің сөзін қаз қалпында берейік.

"Құрметті Зағипа Яхияқызы!
Мен 2020 жылдың 15 қаңтар күні Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы боп сайландым. Дауыс беруге ұйымның ең жоғарғы басқару органы - құрылтайшылардың жалпы жиыны жасақтаған басқарма мүшелерінің барлығы қатысты. Сайлау өткізуге қажетті кворум болды. Барлық регламент пен заңдылық толықтай сақталды. Хаттама толтырылып, мені бас директор қызметіне кірісуім туралы бұйрық та шығып қойды. Енді келіп, бұрынғы басшылық жаңа басшылыққа қарсы қоқаң-лоққы көрсетіп, әртүрлі жағымсыз әрекеттер арқылы қарсылық көрсетуде. Бұрынғы басшылықтың артында Сіздің ұлыңыз және өзіңіз тұр екенсіз. Сіз заңды түрде сайланған маған, басқарма мүшелеріне қысым көрсетіп, әртүрлі мемлекеттік және құқық қорғау органдарына телефон шалып жатыр екенсіз. Мұныңыз мүлде дұрыс емес деп білеміз! Неге сіз әншілердің шаруасына араласып, алашапқын боп жатырсыз?! Біз соны түсінбей отырмыз. Бұл әрекет-қылығыңыз сіздей үлкен мемлекет қайраткеріне жараспайтын шаруа. Әншілерге тиесілі ақшаға тек сіздің балаңыз иелік ету керек деген ой сізге қайдан келген?! Біз өз шаруамызды өзіміз шешуіміз керек, өзімізге тиесілі қаражатты өзіміз тиісінше жұмсауымыз қажет. Еңбектен түскен қаражат бір қалтаға, нақтырақ айтқанда сіздің балаңызға емес, мың қалтаға яғни маңдай терімен тауып жүрген әншілер мен ән өндеушілердің қалтасына түсу керек. Сізден осындай әрекеттеріңізді тоқтатуды талап етеміз!" деп жазған әнші өзінің инстаграмм парақшасына.
Қазақ қоғамында өте зор абыройға ие Мейрамбектің бұл мәлімдемесіне қатысты Зағипа Балиева әзірге жауап қатпады.
Қызық енді басталады. Бұл орындаушылар қоғамы ғана. Әншілердің әні мен сөзін жазып беріп жүрген Қазақстан авторлар одағы (ҚазАҚ)  да авторлардың ақшасын бермей жатыр деп, одақ мүшелері хабарласуда. олар да болашақ та өз алдына төраға сайламақ көрінеді.
"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер