Ануар Абдулдин Шығыс Қазақстан облысы, Дін істері басқармасының басшысы: Діни экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарлама ойдағыдай жүзеге асуда

5534
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының  дін саласындағы мемлекеттік саясатын  жүзеге асыру  мәселелерін үйлестіретін негізгі бағдарламалық құжаттардың бірі - діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарлама екені бізге белгілі. Біз осы бағдарламаның жұмысы жайлы Шығыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасының басшысы Ануар Әлмырзаұлы мен сұхбаттасқан едік:

- Ануар Әлмырзаұлы, Қазақстан Республикасының  дін саласындағы мемлекеттік саясатын  жүзеге асыру  мәселелерін үйлестіретін негізгі бағдарламалық құжаттардың бірі - діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарлама екені бізге белгілі. Оның негізгі мақсат-міндеттері мен көрсеткіштері туралы айтып беріңізші?

 

-Елімізде дін саласының негізгі басым бағыттарын реттейтін бірнеше іргелі бағдарламалық құжаттар бар. Біріншіден, бұл мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыруға арналған  2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы, ұлттық қауіпсіздік стратегиясы іс-шараларының жоспары және басқалары. Ал сіз айтып отырған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарлама, бұл экстремизм мен терроризм қауіп-қатерлерінің алдын-алу саласындағы өзекті мәселелерді шешудің нормативтік және ұйымдастырушылық негізі болып табылады. Ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 124 қаулысымен бекітілген.

Бағдарламаның басты мақсаты–діни экстремизм мен терроризмнің қауіпті көріністерінен жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бағдарламаны жүзеге асыруға көптеген мемлекеттік органдар қатысады. Ал біздің облыстық басқарма  бұл  бағдарламаны іске асыруға үлес қосып жатқан үлкен механизмінің бір бөлігі ғана.

Қоғамда радикалды идеологияға қарсы иммуниттеті және радикалды көріністерге нөлдік төзімділікті  қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру бұл бағдарламаның басты міндеттерінің бірі.

Және де адамдарды радикалдануға итермелейтін сыртқы күштердің әсерін төмендету, сондай-ақ  діни экстремизм мен терроризм фактілерін анықтау және  оны болдырмаудың тиімділігін арттыру міндеттері де көзделген.

Бағдарламаның мақсатты көрсеткіштері:
Арамызда экстремистік идеяларды таратып,  діни алауыздықты қоздыратын адамдардың  санының азайту;  Террористік және экстремистік сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттердің уақтылы жолын кесудің үлесі; Қазақстан Республикасының аумағында террористік актілердің салдарын азайтуға және жоюға, терроризм актілеріне тойтарыс  беруге, дайындық деңгейі;

- Бағдарламаның мақсат-міндеттері түсінікті болды, ал  негізгі бағыттары туралы айтып беріңізші?

-Айтып өткенімдей, бұл бағдарламаны жүзеге асыруда   көптеген мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істеп келеді. Ал дін істері басқармасы өз тарапынан  мына бағыттарды жүзеге асырады. Атап айтқанда, аймақтағы конфессияаралық келісім мен діни ахуалдың тұрақтылығын нығайту, діни бірлестіктердің өзара қатынастарын реттеу, мемлекеттік қызметтер көрсету және басқа да  шараларды қабылдау.  Сондай-ақ қоғамның радикалды көріністерге нөлдік төзімділігін және теріс діни  идеологияға қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Және де түрлі діни бірлестіктермен және діни топтармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп,  деструктивті діни идеологиялардың  әсерінен зардап шеккен адамдарды қайта оңалту шараларын ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламтор желілерінде деструктивті діни идеологияларға қарсы ақпараттық-насихат материалдарын әзірлеп тарату да негізгі  бағыттарымыздың бірі.

 

- Шығыс Қазақстан облысында дін ахуалдың жағдайы туралы не айтасыз?

-Жалпы алғанда, аймақтағы діни ахуалды тұрақты деп айтуға әбден болады. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсандағы жағдай бойынша облысымызда 314 діни бірлестіктер мен филиалдар тіркелген. Олардың ішінде ҚМДБ-ға қарасты 208 мешіт, 40 православ шіркеуі, 58 протестанттық және  6 католик шіркеуі, сонымен қатар  1 кришнаиттік, 1 иудейлік ғибадатхана бар.  Халықтың діндар бөлігіне 303 ғибадат нысандары, 20 діни құлшылық-рәсімдерді атқаруға арналған 20 орын (намазхана), 15 часовен, 1 ғибадат ету бөлмесі жұмыс істеп тұр. Аймақта  28 миссионер тіркелген, олардың 5-і Қазақстан Республикасының азаматтары, ал 23-і шетелдік азаматтар. Діни бірлестіктер мен миссионерлердің қызметін бақылауда Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталған жоқ. Жүргізілген әлеуметік зерттеулерге  сүйенсек сауалнамаға қатысқан облыс халқының 85,6  пайызы  дін саласындағы қолданыстағы саясатты оң бағалаған,  ал аймақтағы діни ахуалды жоғары  бағалайтын халықтың үлесі 88,2 пайызды  құрады.

 

- Діни бірлестіктермен конфессияаралық келісімді нығайту және діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу мақсатында өзара бірлескен  іс-шаралар  қалай жүзеге асырылады?

-Бізде діни конфессиялардың өкілдерімен сындарлы диалог орнату дұрыс жолға қойылған. Облыс әкімінің және қалалар мен аудандардың әкімдері жанындағы мемлекеттік органдар мен конфессиялардың өзара қарым-қатынасының диалог алаңы ретінде қызмет ететін  діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестер құрылған. Сонымен қатар, облыстағы діни бірлестіктер жетекшілерінің клубы жұмыс істейді. Рамазан, ораза айт, құрбан айт, рождество, пасха сынды діни мерекелердің әлеуеті конфессияаралық келісімді нығайту үшін де қолданылады. Діни бірлестіктер арасында ашық есіктер күндері, қайырымдылық акциялары, түрлі спорттық жарыстар да жиі өткізіліп тұрады. Биыл Рухани келісім күні қарсаңында  өткен рухани музыка мен поэзия кешіне діни бірлестіктер мен конфессия өкілдері келіп қатысты. Сондай-ақ облыстағы діни конфессиялар басшыларының облыстық съезі, рухани  музыка кеші және басқа да мәдени-көпшілік шаралар өткізілді. Діни бірлестіктердің аймақтың  мәдениетін дамытудан да тыс қалмай,  белсенді қатысатындығын айта кеткенім жөн болар. Мысалы  Православие шіркеуінің Қасиетті Троица соборында епархия мұражайы ашылып, онда Шығыс Қазақстандағы православие дінінің  дамуын айшықтайтын құнды экспонаттар қойылған. Сондай ақ облыстық «Халифа Алтай» мешітінде Ислам мәдениеті мұражайы да ашылды. Ол жерде қазақ жерінің  исламға дейінгі ежелгі кезеңінен бастап,  ислам дінінің біздің жерімізде алғаш таралуы мен дамуын, біздің заманымызға дейінгі кезеңдерін көруге болатын құнды жәдігерлер бар. Қазіргі  заманауи  озық  ақпараттық технологиялармен жарақталған бұл мұражайдан  халқымыздың  тарихы мен  рухани бай мұраларын, ислам дінінің құндылықтарын көріп тамашалауға болады. Жоғарыда аталған игі істердің бәріне облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов әрдайым қолдау білдіріп келді.

 

-Халықтың діни сауаттылығын  арттыру және  деструктивті діни идеологиялардан сақтандыру  мақсатында  жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып беріңізші?

- Халықтың діни сауаттылығын арттырудың негізгі және тиімді тетіктерінің бірі бұл  – ақпараттық насихат жұмысы. Ағымдағы жылы облысымызда  жалпы саны 165 адамнан тұратын 20 ақпараттық топ  нәтижелі жұмыс істеді.  Атап айтқанда 1 - облыстық, 4 – қалалық және 15 – аудандық ақпараттық-түсіндіру топтарына тәжірибелі мамандар, теологтар, тарихшылар, психологтармен қатар қоғам белсенділері де тартылған. Олар 2019 жыл көлемінде 1 958 ақпараттық іс-шаралар өткізіп, нәтижесінде 109789 тұрғын қамтылды. Мамандардың  біліктілігі мен жұмыстың сапасын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері үшін шеберлік сыныптары, оқу семинарлары, ғылыми-практикалық конференциялар жиі өткізіліп тұрады.

Жүргізілген ақпараттық-насихаттау жұмыстарының жемістілігі әлеуметтік сауалнамалардың  нәтижелерімен айқындалды.  Яғни сауалнамаға қатысқан халықтың көпшілігі дін саласындағы мемлекеттік саясатқа оң баға беріп, деструктивті діни идеологияға деген жағымсыз көзқарастары қалыптасқан. Сондай-ақ  Қазақстан қоғамының  құндылықтарын құрметтеуге, өзге  діндерге  толеранттылық танытып, Қазақстанда тұратын өзге этнос өкілдерінің  мәдениетіне құрмет сезімдерінің артқанын байқаймыз.

-Тұрғындарға дін мәселелері бойынша кеңестік және практикалық көмек көрсету, «Қауырт желі» немесе «Сенім телефоны» жұмыстары ұйымдастырылған ба?

 

- Әрине, Шығыс Қазақстан облысының дін мәселелерді зерттеу орталығында халыққа діни мәселелері бойынша кеңестік және практикалық көмек көрсету үшін құрылған  8/7232 / 70-56-56  «Сенім телефоны» жұмыс істеп тұр. 2018 жылы «сенім телефонына»    тұрғындардан 32 өтініш келіп түссе, 2019 жылдың ағымдағы кезеңінде діни бірлестіктердің қызметіне, хиджаб киюге, дін қызметкерлерінің уағыз айтуына, отбасылық және басқа да мәселелерге қатысты 20-дан астам өтініш келіп түскен.  Барлық өтініштер қаралып,  кеңестер мен жазбаша түсініктемелер берілді. Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дін істері комитетінің «114» сенім телефоны жұмыс істейді, ол хабарласушыларға психологиялық және теологиялық тұрғыдан көмек көрсетеді. Өскемен, Семей, Аягөз қалаларында және Үржар ауылында деструктивті діни ағымдардан зардап шегушілерге  оңалту және кеңес беру бөлмелері бар.- Бағдарламада деструктивті  діни ағымдардан зардап шегіушілерді қайта оңалту жұмыстарына да көңіл бөлінетіні туралы жазылған.  Бұл бағытта жұмыстың қандай түрлері  мен әдістері қолданылады.

-Бүгінгі таңда бүкіл әлемде  радикалды діни идеологиялардың таралуы сыртқы қауіптердің бірі болып табылады және біз бұл мәселеден тысқары  қалмаймыз.  Қазір біздің елімізде деструктивті діни идеологияларды  ұстанушылар бар екендігі де  ешкімге құпия емес. Бұл идеологиялар осындай адамдарды пайдалану арқылы қазақстан қоғам құндылықтары мен ұлттық дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жоққа шығарып, қоғамға іріткі салу арқылы   қол жеткізген конфессияаралық келісімдердің арасына сына қағуды көздейді. Сондықтан бұндай тұлғалармен жүйелі адрестік жұмыстар жүргізу басты міндеттеріміздің бірі.  Бүгінгі таңда бұл жұмыс Шығыс Қазақстан облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандарына, теологтар, психологтар мен  дінтанушыларға жүктеліп отыр. Олар теріс діни ағымдардың идеологиясын ұстанушы тұлғалармен  кездесулер, пікірталастар, кеңестер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Оң нәтижелер бар.

-Қазір өзекті мәселенің бірі  - ғаламтор кеңістігінде деструктивті діни идеологиялардың таралуы. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыздар?

 

-Ия, шынымен де радикалды діни идеологияның негізгі  ағымы ғаламтор кеңістігі арқылы таралуда.  Әсіресе өмірлік ұстанымы толық қалыптаспаған жастарды «ВКонтакте», «Телеграм», «YouTube» арналарында және басқа да әлеуметтік желілерде  өз бағыттарына қарай тартуға тырысады.  Таңқаларлығы ондай ақпараттардың  басым көпшілігі қол жетімді және ашық алаңдарда орналасқан.  Біздің міндетіміз – интернетте жастарымызды радикалды діни идеологияның әсерінен қорғау үшін қарсы-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру. Деструктивті діни идеологияны насихаттайтын материалдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде.  Біздің мамандарымыз бірлесе  оларға  қарсы-насихат материалдарын, аудио және бейне жазбалар дайындап, танымал интернет желілерінде таратуда.

Танымал әлеуметтік желілерде және ғаламтор қауымдастықтарда 15 аккаунт ұйымдастырылып,  орыс және қазақ тілдеріндегі «Адасудың құны», «Бөгде сенім» сияқты  деректі фильмдер  белсенді түрде таратылуда. Сонымен қатар Сириядағы соғыс аймақтарынан оралған адамдардың және олармен жұмыс жүргізіп жүрген  теологтар мен психологтардың да түсіндірмелері жиі жариялануда.  - Түзету мекемелерінде жазасын өтеушілердің арасында  дінді белсенді ұстанатын адамдар  діни білімді қайдан алады, сотталғандармен алдын-алу жұмыстары қалай жүргізіледі? -Иә, дұрыс айтасыз, түзеу мекемелеріндегі  жазасын өтеушілердің  кейбірі әртүрлі себептермен дінге бет бұрады. Алайда олардың арасында  деструктивті діни ағымдардың жақтаушылары болып табылатын адамдар да бар, олардың ықпалына басқа сотталушылар тартылуы мүмкін. Сондықтан да түзету мекелерінде радикалды діни идеологияның таралу қаупін жоққа шығара алмаймыз.

Осыған байланысты қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты түзету мекемелерінде  алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін теологиялық қызмет құрылып, инспектор-теологтармен қамтылған. Сонымен қатар, жазасын өтеушілермен Шығыс Қазақстан облысының дін мәселелерді зерттеу орталығы теологтары мен мамандары жүйелі түрде жұмыс істейді. Осы жұмыс аясында теологтар мен психологтардың, дін саласындағы сарапшылардың кездесулері, сотталушылар арасында түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, дәстүрлі исламдық және православ христиандық шіркеуінің дін қызметшілері де профилактикалық жұмыстарға қатысып, сотталғандармен кездесулер өткізіп тұрады.

 

-Бүгінгі таңда жастарға  мектеп қабырғасынан бастап рухани - адамгершілік дүниетанымын қалыптастыру мәселесі  өте маңызды.  Өйткені, өзіңіз білесіз, қазіргі жастар жағымсыз  әсерлерге өте бейімделгіш келеді.  Бұл туралы не айта аласыз?

 

-  Шынында да, жастар өмірлік тәжірибе мен діни білімнің жоқтығынан, ғаламтор арқылы күмәнді уағызшыларды тыңдап, жат ағымдардың қармағына жылдам түседі. Нәтижесінде, ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырата алмай, азғырушылардың  қақпанына қалай аңдамай түскендерін  өздері де аңғармай қалады. Бейбіт өмірде өз орнын әлі тауып үлгермеген жас максималистер осылайша біртіндеп радикалды ағымдарға тартылады. Осыған байланысты жастармен алдын алу жұмыстарын жүргізу  өте маңызды. Бұл бағытта біздің жоғарыда мен атап өткен тәжірибелі мамандардан құралған  ақпараттық-насихат тобының мүшелері жастармен түрлі кездесулер өткізіп,  дін мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Оқушылармен және студентермен  дебаттық турнирлер, конференциялар, психологиялық  тренингтер өткізеді.

Бұл бағытта біз «Парасат» консультативтік-әдістемелік орталығы, «Салауат» жастар бірлестігі және «Семей жастар ассамблеялары» сияқты үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс жасаймыз. 2018 жылы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында «Салауат» жастар қоғамдық бірлестігі «Аягөз ауданының жастары арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» жобасын жүзеге асырды. Сондай-ақ ағымдағы жылы «Семей жастары ассамблеялары» жастар бірлестігі мемлекеттік тапсырыс аясында «Семей жастарының арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» жобасын жүзеге асыруда.

Сонымен қатар, облыстың білім беру ұйымдарында студенттердің рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, оларға ұлттық дәстүр мен қазақстан қоғамының  құндылықтарын құрметтеуге бағытталған   «Мәңгілік  Ел»  атты  25 білім беру орталықтары ашылды.


- Өңірге дін саласының білікті мамандарын тарту  мәселелері  қалай шешіліп жатыр?

-  Шынында да, білікті кадрлар мәселесі барлық аймақтарда өзекті, өйткені дін саласының  жұмысы тек теологиялық біліммен ғана  емес, сонымен қатар психология, әлеуметтану, тарих және құқықтану саласында арнайы білімді қажет етумен ерекшеленеді.  Бүгінгі таңда облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығында 18 теолог, сонымен қатар психологтар, тарихшылар және дінтанушылар келісімшарт бойынша жұмыс істейді. Олар жат ағымдарды  жақтаушы адамдармен  жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Білікті теологтарды, дінтанушылар мен  исламтанушы ғалымдарды даярлау үшін  «Нұр Мүбарак» ислам мәдениеті университетінде оқуға облыстық бюджеттен гранттар бөлінеді. Биылғы жылы  бөлінген гранттар бойынша 6 адам білім алып жатыр. Алдағы жылдары да  үміткерлердің аймақтан грант алуы жоспарлануда. 2019 жылы осы университеттің 4 түлегі бізге келіп, қазір дін мәселелерін зерттеу орталығында жұмыс істеп жүр.

2017 жылы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі мен Семей көпсалалы колледжінде «Исламтану», «Ислам негіздерінің мұғалімі» және «Имам Хатиб» мамандықтарын  даярлау бойынша  лицензия алып, жұмысын бастады. Қазір бұл мамандықтар бойынша 65 студент білім алуда.

Сонымен қатар, біздің дін істері басқармасы және Дін мәселелерін зерттеу орталығы тарапынан дін саласында жұмыс істейтін мамандар үшін жыл сайын республикамыздағы жетекші дінтанушы ғалымдар мен теологтарды шақыртып,  семинарлар мен  тренингтер өткізіліп тұрады. Биыл білім берудің 6  семинары, тренингтер, 2 шеберлік сыныптары, республикалық және аймақтық конференциялар өтті.  Мамандардың көпшілігі осы іс-шараларға қатысып, біліктілігін арттырып  сертификаттар алды. Біз бұл бағыттағы  жұмыстарды әлі де  жалғастырамыз.

- Мемлекеттік бағдарламадан көріп  отырғанымыздай, халықтың әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірінің маңызды бөліктерін қамтыған көптеген іс-шаралар ұсынылған.  Бағдарламаның  жалпы нәтижелері қандай?

- Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мерзімі 2018 - 2022 жылдарға арналған. Соңғы жылдың қорытындысы бойынша діни алауыздық пен  өшпенділікті қоздыруға бағытталған экстремистік идеяларды тарататын адамдардың санын азайту жөніндегі бағдарламаның негізгі көрсеткіші іске асырылғанын атап өткен жөн. 2 жыл қорытындысы бойынша ондай адамдар санының азаюы 30 пайызды құрады.

Бағдарламаның негізгі мақсатына сәйкес - қоғамда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін радикалды идеологиялар мен радикалды көріністерге нөлдік төзімділікк иммунитетін қалыптастыруға бағытталған шараларын жетілдіруде  мыналарды атап өту керек:

Біріншіден, деструктивті діни  идеологияның таралуына жол бермеу үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау тетігі құрылды, ведомствоаралық комиссиялар мен жұмыс топтары құрылып, өзекті мәселелер шешіліп, бірлескен іс-шаралар өткізілуде.

Бағдарлама аясында діни бірлестіктермен ашық есіктер, спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу үшін  шығармашылық жұмыс түрлері қолданыла бастады.  Олардың арасынан діни бірлестіктер көшбасшылары  клубының қызметін ерекше атап өткім келеді.

Сондай-ақ радикалды діни идеологиялар таралуының ошағы болып табылатын интернет-кеңістікте  қарсы-насихат жұмыстарын  ұйымдастыруға арналған өзекті сұрақтар пысықталды.  Бұларда қарсы насихат жүргізу бөлімі құрылды.  Қарсы-насихаттық мазмұнда материалдар әзірлеу үшін теологтар топтары құрылып,  әлеуметтік желі блогер топтары тартылды.

 

 

Сұхбаттасқан

Ермек Құрманғалиев

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер