Бір суреттің тарихы

1600

Орыс суретшісі Татьяна Яблонскаяның атақты «Утро» картинасы жайлы Александр Беляков фейсбуктағы парақшасында былай деп жазыпты: «Оның көшірмесін «Огонек» жорналы басқан соң, барлығы дерлік сүгіретті кесіп алып, қабырғаға іліп қоюды ғадетке айналдырды. «Утро» Арсенның үйінде де бар-тұғын. Сөйтіп, бала бұрымды қызға ғашық боп қалады. Арсен Бейсембинов ат жалын тартып мінген соң Мәскеуге жол тартып, Строгановский училищесіне оқуға түседі. Содан не керек, ол жанындағы топтасымен көңіл жарастырады. Жазда бозбала қоярда-қоймай бойжеткенді көндіріп, Алматыға әкеледі. Сол жерде ол қабырғадағы суретті көріп, сондағы қыз өзі екенін айтады. Иә, әлгі сұп-сұлу қыз – Лена Киевте емес, жаңағы училищеге құжат тапсырған екен. Арманшыл Арсен қаршадайынан ынтық боп жүрген әлгі картинадағы қызға үйленеді. Дап-дайын сюжет! Лена Алматыға ат басын тіреп, Бейсембинова деген фамилияға өтеді. Ол мультипликатор ретінде жұмыс істеп, кітап иллюстрациясымен айналысып, гобелендер әзірлеген әрі сол шәр-шаһарда күні бүгінге шейін тұрады. Заңғар деген ұлы бар, ол – да қылқалам иесі. Лена – немере-шөберелі». Біз картинаны көз алдымызға келтіріп, ой елегінен өткізгенімізде көп сұраққа жауап таба алмай қиналдық. «Шымылдық» артына жасырынған шығарманың түпкі идеясын табу үшін де асқан байқампаздық қажет. Полотно көп сыр-құпияны ішіне бүгіп қалғандай. Яблонскаяда кеңістікті керемет сезіну бар. Ол бояу арқылы өз заманының көңіл-күйін көрсеткен.

Татьяна Яблонская 1917 жылы Смоленскте суретші, график әрі мұғалім Нил Яблонскийдың отбасында туған. Олар 1928 жылы Одессаға, 1930 жылы Каменец-Подольский, кейін Луганскке көшіп, жеті жылдық мектепті тамамдаған соң, Киев суретшілер техникумына қабылданады. Суретшілік әкесінен дарыған-ды. Кішкентайынан натюрмортқа қызыққан сары қыз өсе келе қарапайым дүниені өнер деңгейіне көтеруді үйренеді. Жемісті еңбек етіп, айрықша қолтаңбасын қалыптастыру арқылы студент кезден-ақ Мәскеу, Лондон, Будапешт, Киев кенттерінде отызға тарта көрме ұйымдастырып, көптеген Бүкілодақтық және Халықаралық бәйгеде топ жарған ол 1999 жылы инсульт алып, арбаға таңылса да, өнерге адалдық танытып, сол қолымен сурет сала береді. Ал, 2005 жылы 89 жасқа қараған шағында фәниден бақиға озады. Құлпытасында (Эпитафия. – Ә.Б.) өзі ерекше сүйіп оқыған орыс ақыны Афанасий Феттің:

  – Что такое день иль век,
    Перед тем, что бесконечно?
    Хоть не вечен человек,

    То, что вечно, – человечно, – 

деген өлең үзіндісі ойып жазылған. Шебер манағы картинасын 1954 жылы салыпты. 1953 жылдың наурызында Сталин о дүниеге аттанған соң, тас-талқаны шыққан «Темір тәртіп» орнына «Жылымық» ойысады. Бұл – қырқыншы жылдар қырғынынан қырау қатқан талай қабақ жіби бастаған шақ. Яблонская жыл құстарынша ұша жөнелген осы бір сәтті ұстап қалған. Оның шығармашылығына тән өзгешелік – жылылық, мейірімділік, мейірбандық, қайырымдылық. Қанша дегенмен ана емес пе?! Жалпы, суретші қылқаламынан туған картиналарда өзі күн кешкен кезең кеңінен қамтылған. «Утроға» жай әншейін сурет деп қарауға болмас. Өйткені, бұл – түстер үндестігімен, терең лиризмімен және монументализмның өзара үйлесім табуымен ерекше. Шебер қолынан шыққан шығарма бір көргенде-ақ көрерменді тарта түсері талассыз. Аты орыс, украин елінің аясынан асып, КСРО көлеміне танылып, кейін шетелге мәшһүр болған ол саналы ғұмырын туған жерін суреттеп, өзін живопись пен пейзажға алаңсыз арнаған. Яблонская шығармашылығының өзегі – адам толғаныстары, мұңы, қайғысы, қуанышы, замандастар бейнесі, шаруалар өмірі. Полотноларында тыныс-тіршілік сипатын, философиясын ашқан Татьяна Нилқызы отандастар портретін поэтикалық күш-қуатпен бейнелеуде асқан шеберлік танытып, талдау, ойын жүйелеу, идеясын әсем әрі әсерлі түрде жеткізе білу сынды аспектілерді алға қойған. Оның туындыларында кісі табиғаты поэзияға тән өрнектермен өріле астасып, адам – табиғат, табиғат – адам байланысы үнсіз үндестік тапқаны рас. Т.Яблонская картиналарында этнографиялық белгі-нышандарды көбіне-көп штрихпен береді. Бірде оған соңғы он жыл бойына шығармашылығын зерттеп жүрген Киев сурет институтының түлегі, жас өнертанушы қонаққа келіп, сұрақты бұршақша жаудырады. Жас ғалым арадағы әңгімені қойын дәптеріне түртіп алады. Өнертанушы кеткен соң Яблонская біраз ойланып отырады да өзіне-өзі: «Біреуге айтқаннан гөрі, осының бәрін жазсам қайтеді?! Тарих үшін, өнер үшін қажет қой», – дейді. Шыны керек, сол естеліктерді оқысаңыз шебердің шыңдалған, өскен, тоқыраған, өзін жоғалтып барып қайта тапқанына таң-тамаша қаласыз. Мысалы, ол кісі былай дейді: «Бәрі әлі күнге шейін мен неге алпысыншы жылдары этнографиялық-декоративті бағытқа бет бұрып, ал кейін қайтадан «дәстүрлі» кескіндемеге ден қойғаныма таң қалады. Неге сонша сең соққан балықша сенделдім екен?!. Институтта оқып жүргенімде, яғни соғысқа шейінгі кезеңде живописьпен құмарттым. Соның арқасында түс пен тұтастық дегенді түсіндім. Бастаған істі жалғауға кесірін тигізген нәрсе – соғыс. Бейнелеу өнерінен үш-төрт жылға қол үзіп едім, нәзіктікті сезіну дегенді жоғалтып алдым. Оны қайта қалпына келтіру үшін натураға қарап жұмыс жасау қажет болды. Уақыт жалынан сипатар емес. Сөйтіп, картина артынан картина туып, көрермен қошеметіне ие болдым. Асықпай-аптықпай алға жылжу арқылы ұмытқаным еске түсе бастады. Әсіресе, бұл «Перед стартом» атты туындымда аз-маз байқалды. Бояуды жұп-жұқа жағу негізінде қысты күнгі адамдардың мінезін көрсеткім келді. Сол шығармам Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған еді. Ол хабарды естісімен-ақ үйіме тілшілер мен фотографтар ағылды. Енді, қаулы-қарар қабылданарда «формализмге» соққы берілмесі барма! Мендей жасты былай қоя тұрыңыз, Дейнека, Герасимов, Фаворскийлердің өзі жел тұрғандағы теректей теңселіп кетті. Содан, «Перед стартом» Украин өнерінің мұражайында шаң басып жатып қалды. Сый-сияпаттың орнына сыбағамды берді, олар. Мені біреулер формалист, тағы бірі импрессионист етіп шығарды. Негізі, олай емес қой! Күлкілі жағдай... бірақ, факт. Ол заманда импрессионизм туралы айтуға қорқатын».

Александр Беляков жазбасын былайша аяқтайды: «Яблонская «Утрода» туған қызы – он үш жастағы Ленаны бейнелеген екен. Мұны Киевтегі пәтерінде салған-ды. Иә, бір қарағанда бөлме абажадай көрінгенімен, бұл – коммуналка ғана еді. Лена 1941 жылдың шілдесінде туған. Ай бұрын Яблонская мен оның күйеуі – Сергей Отрощенко Киев көркемсурет институтын бітірген. Содан кейін-ақ, ері қолына қару алып, майданға аттанады. Кетер алдында қызының атын Лена – Алена деп қоюды аманаттайды. Отанына аман-сау оралғанымен де, аз уақыттан кейін Сергей әйелімен ажырасып кетеді. Яблонская ұзақ өмір сүрді. 1917 жылдың ақпанында дүние есігін ашып, 2005 жылы Киевтен топырақ бұйырады. Қарап отырсақ, бұл жерде шып-шымыр киноға бергісіз тауарих бар». 

«Утро» – символикалық мәнге ие полотно. Онда елдің, ұлттың оянуы сезіледі. Егер қызға зер салсаңыз, оның бойынан нәзіктік пен серпілісті байқайсыз. Беляков картинаға италия суретшілерінің ықпал-әсері барын айтып қалады. Рас! Татьяна Нилқызы Леонардо да Винчи, Мазаччо, Рафаэль Санти, Сандро Боттичелли, Джорджоне, Караваджо, Давид Гирландайо секілді Өрлеу дәуіріндегі алыптарды пір тұтқанын, солармен өзін салыстыра келе әлдеқайда әлсіздеу екенін мойындағаны – кішіпейілдігінен. Суретшінің тақырыпқа тамызық ретінде басқа-басқа емес, дәл осы таң мезгілін алуында да мән бар. Бір көргенде-ақ жылылық лебі ескен осы туынды сап-сары сағынышқа малынған. Өйткені, сол тұста ата-әжелеріміз өмір сүрді. Сондықтан, бүтін бір дәуірді көз алдыңа әкелетін «Утрода» сүйіспеншілік, сенім, тазалық, іңкәрлік бар. Нобель сыйлығының иегері Орхан Памук «Менің атым – қырмызы» романында суретшілікті басты нысан етіп алуы да бекер емес. Немесе жапон новелисі Рюноскэ Акутагаваның «Тозақ азабындағы» Ëсихидэның ең ғажайып картинасын қандай құрбандыққа бару арқылы тудырғаны туралы оқығанда жанымыз түршігіп, жан азабын тарту негізіндегі іште бұлқынған саф дүние сыртқа қандай қиындықпен шығатынына еріксіз иланған едік.

 

Әлібек БАЙБОЛ, 

жазушы-драматург, 

әдебиеттанушы, сыншы. 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы