Жамбыл облысы ауыл шаруашылығына ең қолайлы өңір. Облыста мал және егін шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Жері құнарлы табиғаты жайлы облыстың асыраушы салада атқарып жатқан шаруасы шаш етектен. Оның үстіне соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар Әулиеатаның ауыл шаруашылық саласын одан әрі дамытып отыр. Бір сөзбен айтқанда, облыстың шаруалары жер емін, төрт түліктен табыс тауып отыр.
Жамбыл ауданының тумасы Ақжол Теңгебаев «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» "Игілік" бағдарламасы арқылы 4 млн теңге несие рәсімдеп, 115 бас қой сатып алған. Өз малын қосқанда қорасында 500-ден астам қойы бар.
Жуалы ауданындағы «Бурный сүт компаниясы» ЖШС өз өнімдерінің 30 пайызын Ресейдің Самара қаласына экспорттап отыр. Белгілі кәсіпкер Әбдібек Пошқаевтың зауыт жұмысын қолға алуымен және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» қатысуымен кәсіпорынның тамырына қайтадан қан жүгіре бастады.
Меркі ауданында Мақсұт Несіпбаевтың «Ар-Ас» шаруа қожалығы 100 бие сауып, соңғы технологиялармен жабдықталған құрылғылардан күніне 70-100 литрге дейін қымыз шығаруда. «Тау қымызы» аталған қымыз шөлмектерге құйылып, еліміздің бірнеше өңіріне экспортталып жатыр.
Байзақ ауданында Владимир Лесняк жетекшілік ететін «Лесняк-молочный бидончик» сүт өңдеу цехы табысты еңбек етуде. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 16,3 млн тг несие алған кәсіпкер он шақты азаматты жұмыспен қамтып отыр.
«АДЫРНА»
ұлттық порталы