Халықтың "зар-айғайын" Даниал Ахметов елегісі де келмейді

830

Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысында бірде-бір аудан ашылмайтынын мәлімдеді деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген ШҚО әкімі Даниал Ахметов өңірдегі шекаралық аудандарды дамытудың бағдарламасы жасалатынын айтты.  «Марқакөлдің ақсақалдары маған келді. 45 адам болып, сұрақтар қойды. Мен ол кісілерге: «Туысқандарым, айтыңыздаршы, 45 кісі келдіңіздер. Араларыңызда қанша кісі Күршім мен Марқакөлде тұрады?», – деген бір ғана сұрақ қойдым. Қалай ойлайсыздар, қанша кісі Марқакөлден кездесуге келген? Бір кісі ғана. Қалғанының бәрі Өскемен мен Семейде тұрып жатқанына 20 жылдан асқан. Бірақ та өте дұрыс мәселе көтерілді. Сол себептен мен арнайы комиссия құрдым. Қазір бес ауданда жұмыс істеп жүрміз. Үржар, Тарбағатай, Зайсан, Катонқарағай, Күршім аудандарына арнайы бағдарлама жасаймыз. Әлеуметтік жұмыстарды көтеріп, қосымша қаржы бөлеміз. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін ондағы халықпен өзім кездесемін. Ақырғы сұрақ. Бір де бір жаңа аудан ашпаймыз. Неге десеңіз,  аудан ашқанда тек қана жаңа жұмыскерлердің баспана мәселесін шешу үшін 9 млрд теңге кетеді.  Сонда не керек халыққа? Жаңа шенеуніктер ме? Оған қарағанда арнайы бағдарлама керек. Келген 45 ақсақалдың бәрі менімен келісті. Біз осы жобаны іске саламыз», – деді ШҚО әкімі.

Облыс әкімінің бұл сөзіне белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыров әлеуметтік желіде өз көзқарасын білдірді. Саясаттанушының өз Фейсбук парақшасындағы сөзін қаз-қалпында беріп отырмыз.

"Айтпасаң сөзің атасы өледі"...
Өкінішті. Ертең, осынау қиғаш қадамдарына қатысты, әттеген-ай айтатындығы анық. Өйткені, Даниал Ахметов тәрізді тәжірибелі, шаруашылықты дөңгелетуге қабілетті дейтін азаматтар қаракөздің әлеуметтік психологиясын түсінбейді, халықтың шынайы мұң-мұқтажына "қырын" қарайтындығын тағы да көрсетті. "Қызыл директор" дегендер болған кезінде, кеңес заманында ірі шаруашылықтарды басқарып, жоспарлы экономика кезінде қызмет істеп, ұжымның мүдделерімен келіспей шешім қабылдайтын "қырсық" басшылар. Халықтың айтқанын істесе, "тағынан" түсіп қалатындай әсер алады, олар. Өздері тәкапар, менменшіл, халыққа менсінбеген көзқараспен қарайды. ШҚО-ның басшы да сол "қызыл директорлыққа" салынып отырған тәрізді. Өздері басқарып отырған жердің тарихында, халқының мінез-құлқын да түсінбейді, түсінуге пейіл де танытпайды. Біле-білген адамға Шығыс Қазақстанның Катон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандары қазақ халқына біздің ата-бабамыздың қаны, олардың қаншамасының қиылып кеткен өмірі арқылы келген, ол жерлер үшін бүкіл қазақ қанқұйлы соғыса отырып, иеленген. Сол ата-бабамыздың ерлігі, өрлігі, бізге деген қамқорлығының арқасында келген жерлерден бүгінде, ел аман, жұрт тынышта халық үдере көшіп жатыр. Неліктен? Халық Үкіметке, мемлекетке жақын болғысы келеді. Сондықтан орталыққа Өскемен, Семей, Алматы, Нұр-Сұлтанға ауып жатыр. Шекара бос қалды. Сол шекараға бекет ретінде, аудандарды қалыпқа келтіру жөніндегі жергілікті халықтың "зар-айғайын" облыс әкімі Даниал Ахметов елегісі де келмейді. Халықтың жан-тәнін түсінбеушілік дегеніміз осы. "Халықты тыңдауға қабілетті мемлекет" бұл шенеуіктер үшін жәй ғана сөз. Ешқандай құндылығы, мәні жоқ. Бұл мәселе тек облыстық деңгейде емес еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсері бар республикалық мәселе. Сондықтан Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Парламент депутаттарына осы мәселені мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарастыру үшін үндеу жариялаймын! Бұл еліміздің территориялық тұтастығының негізгі мәселесі.
"Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа. Күнінде өзім болдым деп, кең пейілге таласпа!" деген қанатты сөзді бұл кісілерге кім айтар екен?
Ал, дәл осы кезде, халық босып көшіп жатыр, ақсақал мұңын айтар адам таппай сабылып, облыс басшылығының табалдырығында жүр, аудандар тоқырап жатыр. Бүгінгі күннің шындығы осы.
Облыс басшысында пейіл болмаса, халықта қандай мейір болмақ?
Арты дұрыс болсын...

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер