Есет Досалы: «Өтіп кетті жалған-ай, Жарқынбексіз бес жұма»

652

АЙТЫСТЫҢ АРДАҚТЫСЫ БОЛҒАН ЖАРҚЫНБЕК БАУЫРЫМ -АЙ!

       Пендеміз ғой. Өмірді өтпестей көреміз. Абыройға, мол ақшаға, қызметке жеткіміз келеді. Сөйтіп жүргенде өмірдің жалған екенін де ұмытып кетеміз. Бес күндік фанидің ырылдасуға, бет жыртысуға татымайтынын да естен шығарамыз. Тіпті, Астафуралла… Көзімізді шел басып, Құдайды да ұмыта бастаймыз -ау! Бірақ…

Иә, бірақ… Кенеттен ең аяулы жандардан көз жазып қалғанда, жаңағы асқақтықтан түк қалмай, пенде кейпімізге қайта ораламыз. Құдайдың құдіретін мойындап, тәубеге келе қаламыз.

Сондай аяулы азаматтың бірегейі, Сарыағаштың саңлағы, бар Алаштың ардағы, айтыскер ақын Жарқынбек Наушабековтың ауыр сырқаттан көз жұмғанына да қырық күнге жуықтапты. Алды артына қарамай, зымырап жатқан уақыт.

Осы жазбаны жазбас бұрын Жәкең туралы көп ойланып, еске алдым. Біздер 2006 жылдан бір-бірімізді білуші едік-ау. Оның айтыста ең «хит» болған бір шумағы бар. Бірде қарсыласы Жарқынбектің түріне тисіп, арзан қалжыңмен мысқылдайды ғой. Сонда Жарқынбектің:
» — Құдайдың маған берген түрі ғой бұл,
Соған бола уайым жеп пе едіңіз?
Түрімді емес, жырымды бағалайды,
Қазақ дейтін қасиетті текті еліміз.
Жоқ әлде, сен, жүз басты қатар қойып,
Ішінен таңдап алды деп пе едіңіз?! «, -деп шулатып еді -ау.

2008 жылдары Сарыағашты су алғанда Шымкентте бір айтыста ауылының ауыр халін айтып, ақындық жүрегімен толғанып еді-ау!
Осы жазбаны жазбас бұрын көп ойландым. Жарқынбек досымның әр жылдардағы айтыстарын қарап шықтым. Көзіме түскендерін әрине. Өзінің жерлесі Ақмарал Леубаевамен жекпе-жек айтысында Оңтүстігін әбден жырлапты. «Оңтүстік жаман дегенге, семсердей болып сермелдім» депті. «Оңтүстіктей ел бар ма, Мейірімі жұмсақ мақтадан» депті. Бір жерінде «Жырлауға тарихыңды ғасыр керек» деп туған өлкесіне деген құрметін, мақтанышын сездіріпті. Балдызы Әсем Ережеқызымен айтысы да сәтті шыққан екен.
Оралдық Мұрадым Мирлановпен 2018 жылы Шымкент қаласында өткен Наурыздағы айтыстарын да тыңдап шықтым. Соңғы айтысының бірі болар деп, мұңға баттым. Мұрадым бала сөз арасында: «Тірілмейді адамның о дүниеге барғандары» депті. Жарқынбек тірі болса, мұндай сөздер елеусіз қалар еді ғой. Жарқынбекті жоқтап, жүрегім егіліп отырып: «Бұл сөз неменеге айтылды екен?» дедім. Ол сөзде тұрған ештеңе жоқ қой әрине. Бір тұсында Мұрадым:
«Мәдениет үйіне директор болыпсың,
Басыңда дәурен қанша тұрар дейсің,
Жемқорлықпен ұсталып кетпе ( сөз бе сөз емес, ой осындай)» , депті. Сонда Жарқынбек:
«Несіне уайым жедің бұлай бала,
Әр сөзіңді айтсаңшы шын ойлана.
Директор болып едің шықтыңдар-ау,
Менің қызметімді шыр айнала.
Қызмет уақытша білем оны,
Сондықтан барлығына шыдайды аға.
Пенделер тақта мәңгі отырмайды,
Мәңгілік билік айтар Құдай ғана» , деп керемет сауатты жауап беріпті Жарқынбек.

Жарқынбек дос жайлы енді өткен шақпен сөйлейміз. Өзі мадақтап айта беретін Құдайдың жазуымен, мынау арсыз жалғанды 44 жасында тастады да кетті. Ол фаниден бақиға өтті. Бірақ, айтыскерлердің, өзін жақсы көретін жанкүйерлердің көңілінен кеткен жоқ.

Ертең Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында айтыскер ақын, бірнеше республикалық, халықаралық айтыстардың бас жүлдегері Жарқынбек Наушабековтың өмірден өткеніне 40 күндік ас беріліп, аяулы ақынға құран бағышталады. Алла жазса, барып, жиынына қатысып, қол жайып қайтуға ниеттіміз.

Жатқан жерің жайлы болсын Жарқынбек дос!
Біз сені ұмытпаймыз!
Қазақ елі сені, сенің айтыстарыңды ешқашан ұмытпайды!

 

ЖАРҚЫЛДАҒАН ЖАРҚЫНБЕКТІ ЖОҚТАУ

(Ж.НАУШАБЕКОВТЫҢ РУХЫНА АРНАЙМЫН)

КӨҢІЛ ТОЛҚЫНЫ

Топтың болған тәуірі,
Жоқ Жарқынбек әз аға.
Айтыскерлер ауылы,
Кезікті ауыр қазаға.

Істің қалмай еш мәні,
Сексеуілсіз құмдардай.
Сарыағаштың аспаны,
Мұңға батып тұрғандай.

Көңілім солай боп алды,
Жат «хабарымнан» шығар.
Өлімге қимас адамды,
Жоқтағанымнан шығар.

Жалынамын Аллам — ай,
Панаңа алшы, кеш күнә.
Өтіп кетті жалған — ай,
Жарқынбексіз бес жұма.

«Бақұл бол» деп күбірлеп,
Құдіретке нанамыз.
Мәңгілікке түбінде,
Бәріміз де барамыз.

Жаралған ел бағына,
Өмірге ондай келмейді ұл.
Жарқынбектің жоғына,
Көңіл әлі сенбей жүр.

Атқарған ісі қилы еді,
Тым ауыр еді салмағы.
Бар Алашқа сыйлы еді,
Сарыағаштың саңлағы.

Жүрсе дағы қай тұста,
Шықты биік ізгі үні.
Атанды ол айтыста,
Оңтүстіктің үздігі.

Ардақты боп көп елге,
Талай — талай төрге енді.
Қазақ жаман дегенге,
Семсер болып сермелді.

Егіз еді көктеммен,
Жан еді ол текті, игі.
Өмірімізден кеткенмен,
Көңілімізден кетпейді.

Ақын болды ол – ірі,
Жоқ болуы – зор қайғы.
Айтыстағы орыны,
Ешқашанда толмайды.
**
Жалған өмір – қас қағым,
Ажал келу – ауыр іс.
Сарыағаштың аспанын,
Кернеп тұрар сағыныш!

8. 11.2019 жыл.   

Есет ДОСАЛЫ, Тараз.

Пікірлер