Исматулла тариқатының күйреуі және оның жаңғыруы

6819
Adyrna.kz Telegram

Министр Ертісбаевтың кадр саясатына наразылық білдіріп, «Қазақстан» телерадиокорпорациясын тастап кеткен «зікірші» журналистер көп уақыт өтпей-ақ өзге ақпарат құралдарына барып орнықты. Тіпті кейбірі «Нұр Отан» партиясының құрылымына кіретін БАҚ-та басшы қызмет иеленді. Ал Исматулла пірді ашық қолдап жүрген Нұрбах Рүстемов  Қазақстанның Иран Ислам Республикасындағы елшісі болып тағайындалды, ол өзінің кеңесшісі етіп Ғалым Боқашты жұмысқа алды. Діни идеологиялық алаңда Досай Кенжетай, Мұқан Исахан, Зікірия Жандарбек сияқты дінтанушылар Исматулла тариқаты ұстанып отырған яссауи ілімінің қазаққа ауадай қажет екенін талмай айтып, екпінді уағызды күшейтті.

Исматулла тариқатының уағызшылары өздерін  «Қазақстан» ұлттық арнасынан қуып шығуға астыртын атсалысқан адамдарды біліп қойған тәрізді. Енді олар ауатаяқтанып, жалпылама емес, нақты тұлғаларға дәлдеп соққы беруге көшті. Әрине, олар үшін көздеріне теріскендей қадалып, әбден мазасын кетірген Бекболат Тілеухан (депутат, қоғам қайраткері), Мұхамеджан Тазабеков («Асыл арна» телеарнасының жетекшісі), Әбдіғаппар Сманов (Сарыағаштағы медресе директоры), Дарын Мұбаровтарды (уағызшы) сәләфизмнің радикал қанатына  теліп, уаһабизммен байланыстырып қоюға тырысты. Себебі әлемдегі діни экстремизм мен терроризге қарсы күрес осы кезеңде Қазақстан үшін де маңызды мәселеге айнала бастаған.

«Антизікіршілер» коалициясында елеулі рөл атқарған журналистердің белсенді өкілдері министр Ертісбаевтың тұсында «Қазақстан» ұлттық арнасынан лауазымды қызмет ала алмай қалғаны үшін Бекболат Тілеуханға, «қажылыққа апарып келеміз» деп берген уәдесін орындамағаны үшін Бас мүфти Әбсаттар Дербісәліге өкпелеп, Исматулла тариқатына қарсы бұдан былайғы күрестен бас тартқан.  Бұл да «антизікіршілердің» күшін әлсіретіп жіберді.

ҚМДБ-дағы «антизікіршіл» тұтастықтың мәні кетіп, божырағаны да осы тұс. Мүфтият ішіндегі билікке таласу одан әрі күшейді, нақышбанд және нұршы сопылық мектебінің өкілдері сәләфизмді түбегейлі мансұқтай бастады. Әсіресе, мүфтияттағы басшы қызметке ұмтылып жүрген дінтанушы Қайрат Жолдыбай «сәләфизмнің кез келген бағыты момақан емес» деген сыңайдағы уағызды күшейтті. Есесіне «сопылық деген ауыр жол, ұстансаңыз  тәуір жол» деп екіұшты пікір айтып, суфизм идеологиясының негізін ақтап алуға тырысты. Оның бұл ісі мүфтият ішіндегі нұршы сопылардың ҚМДБ-ға оппозиция саналатын «зікіршілерді» қолдағанындай көрінетін. 

Алғашқыда бейтарап позиция ұстанып, сырттай ғана бақылап жүрген «құраншылардың»,  дәлірек айтқанда, рационал монотеистер лидерлерінің бірі Асылбек Мусиннің діни идеологиялық ағымдар арасындағы кикілжіңге кірігуіне бір-бірімен астасып жатқан екі себеп болды. Біз «Ізгі амал» қоғамдық ұйымын құрып, діндегі рационал монотеизм идеясын жариялай сала, қарсы сын күшейді. Әсіресе, бұл идеяға өз ұстанымдарын «таза дін» деп жүрген сәләфилік көзқарастағы уағызшылар мен діни наным-сенімге монополия жасағысы келетін ҚМДБ имамдары өшпенділік танытты. Осы жағдаятқа орай  «құраншылар» да басқа ағымдарға қарсы ақпараттық насихат жасап, діни идеологиялық күреске қатысуға мәжбүр болды. 

2009 жылы Асылбек Мусин Ұлттық қауіпсіздік комитетінің офицерлер құрамының алдында Қазақстандағы діни ағымдардың идеологиясы мен оның шығу тарихы, қауіптілігі жөнінде дәріс оқыды. Мұндай жиын өткізуге ҰҚК-нің мүдделі болғанын немесе бұл әкесінің лауазымды қызметіне арқа сүйеген Асылбектің жеке бастамасы екенін мен анық білмеймін. Бірақ оның лекциясында басқа діни ағымдарға өшпенділік анық байқалды, олар экстремизм мен терроризмге бейім ағымдар ретінде сипатталды. Оның емі ретінде рационал монотеизм идеясын қолдау және оны насихаттау жөнінде үндеуге ұқсас ұсыныс тасталды.

Асылбек Мусиннің бұл ісі қоғамды дүрліктіріп, журналистердің сынына ұшыратып қана қоймай, «Ізгі амал» ұйымы мүшелері арасында кескілескен пікірталас тудырған. Рационал монотеизмді  демократия мен либерализм құндылықтарына сәйкес дамытуды көздесек, басқа адамдардың зайырлы мемлекеттің конституциясымен кепілдендірілген наным-сенім бостандығына нұқсан келтіретінімізді, сондай-ақ дінді саяси идеологиялардан арылту билік тетіктерін пайдалану арқылы жоғарыдан емес, төменнен, қарапайым азаматтардың демократиялық таңдауы жолымен жүзеге асу қажеттігі айтылды. Ал Қазақстандағы діни ағымдар арасында жүріп жатқан қым-қиғаш  қақтығыс жөнінде жиналған мәліметтерді рационал монотеизм идеясын дамытуға қажетті тәжірибелік әрі методологиялық ішкі нұсқаулық ретінде ғана пайдалану көзделді.

 Өз кезегінде Асылбек Мусин де лауазымды қызмет атқаратын әкесінің дін мәселесіне араласпайтынын, «құраншыларды»  қолдап немесе оларға кедергі жасамайтынын мәлімдеген. «Құраншылар» да басқа діни ұйымдар сияқты мемлекеттің саясатына араласпайтыны, егер кімде-кім саясаткер  болғысы келіп, билікке ұмтылса, «Ізгі амал» ұйымынан біржола кететіні жария мәлімделіп, елдегі саяси партиялардың біріне барып қосылу міндеті тұжырымдалды. Егер біз де саяси билік тетіктерін пайдалану арқылы діни идеологиядағы қарсыластарымызды тұқырту тәсілін стратегиялық тактика ретінде тәжірибеге енгізсек, онда өзге діни ағымдар да дәл осылай жасауға моральдық құқық алатыны, оның либерализм құндылықтарын түбегейлі жоюға бағытталған ауыр салдары болатыны да айтылған. Бірақ Асылбек Мусин принциптік мәселеден ауытқып кетті.

Қазақстанда  2000-жылдардың соңына қарай билік элитасының жоғарғы эшелонында саяси интрига күшейді. Алда болатын биліктің өтпелі кезеңіне дайындық – ел басшысына сол сәтте жақын болып, мығым позицияны ұстап тұруды көздеп жасалатын саяси тактика. Мұны біз Ресейдегі, Түрікменстан мен Өзбекстандағы билік транзитінің тәжірибесінен байқаймыз. 

Президент әкімшілігінің жетекшісі болып, елдегі ең ықпалды саясаткерлердің біріне айналған Аслан Мусин өзінің басты бәсекелесі ретінде Астана қаласының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовті көрді. Әрине, Президенттің сеніміне ие болған тәжірибелі саясаткерді жылы орнынан қозғап, Ақордадан алшақтатып тастау оңай шаруа емес. Сондықтан оны «астыртын саяси билікке ұмтылған және билікті алуға әлеуеті жететін экстремистік сипаты бар»  Исматулла тариқатымен байланыстырып тастау саяси стратегиялық жоспардың маңызды тактикасы ретінде қарастырылды. Сол себептен «құраншылардың» діни саладағы жұмысына біршама уақыт араласпай жүрген Аслан Мусин жеме-жемге келгенде ұлынан көмек сұраған сияқты. Мүмкін, әкесінің қиналып жүргенін сезген Асылбек оған «құраншылардың» қызметін өзі ұсынған шығар, мұны біз ешқашан анықтай алмаймыз. Анығы – Асылбек Мусин Исматулла тариқатының саяси режимге  қауіптілігі жөніндегі материалдарды жинақтап, шетін діни идеологияға билік элитасындағы шенеуніктердің ішінде кімдердің шатылғанын тәптіштеп, Президент әкімшілігіне арнайы баяндама жолдады. Ол берген мәліметтерде тариқат пірлерінің бұған дейін жасаған қылмыстық әрекеттері түгел айтылды. 

2010 жылы Исматулла тариқаты лидерлерін жаппай ұстап, қамауға алу басталды. Мемлекеттік төрт күш құрылымы – Қаржы полициясы, Прокуратура, ҰҚК және ІІМ қызметкерлерінен тұратын тергеу тобы жасақталды. Бұл істе діни экстремизм  мен терроризмге қарсы күрес міндетін үнемі өзіне алатын ҰҚК-нің қосалқы рөл атқарып, тергеу тобына қаржы полициясының жетекшілік жасап, негізгі шаруаны сол органның атқаруы «зікіршілерге» қатысты қылмыстық істі Аслан Мусин өзінің жеке қадағалауында ұстап отырғанын білдіретін.

Осылайша нақты қылмыстық әрекетіне 10 жылдан астам уақыт бойы құқықтық баға берілмей келген Исматулла тариқатына бір сәтте жойқын соққы беріліп, қиратылды. Қоғамда «сопылар ісі» деп аталған, бір жылға созылған  процестің нәтижесінде оншақты адам ұзақ мерзімге сотталды. Олардың ішінде 14 жылға сотталған тариқат пірі Исматулла Әбдіғаппар мен 12 жыл түрме жазасын арқалаған ҚазҰТУ профессоры, діни ұйым ішінде «үшінші тақсыр» саналатын Саят Ыбыраев бар. Олар «қылмыстық ұйым құрды», «экстремизм», «маскүнемдік пен нашақорлықты адамдардың денсаулығына зиян тигізе отырып емдеу», «адамдарды заңсыз бас бостандығынан айыру» және т.б. қылмыстар бойынша айыпты деп танылды. Ал «екінші тақсыр» Нарымбай Разбекқажыұлы құрыққа ілінбей құтылып кетіп, оған іздеу жарияланды, ол шетелде қашып жүріп, 3-4 жылдан соң жүрек талмасынан қайтыс болды.

«Сопылар ісі» бойынша қылмыстық қудалау құқықтық норма шеңберінен шығып кетті деп айтуға болмайды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері  өздерінің өкілетілігінен асып кетпеуге тырысты, өйткені әрбір сотталушының нақты қылмыстық әрекетке қатыстылығы дәлелденді. Соттан кейін «Білім. Сенім. Өмір» қоғамдық  ұйымының қызметіне тыйым салынуы да әлгі қылмыстық әрекетке қатыстылығына байланысты қабылданған шешім. Егер Конституциядағы наным-сенім бостандығы тұрғысынан қарасақ, бұл норманың формалды болса да сақталғанын мына жағдаяттан көреміз: «зікіршіліктің» белсенді уағызшысы болған журналистер мен дінтанушылардың біреуі де «сопылар ісінде» зардап шеккен жоқ. Олар Ахмет Яссауи атын жамылған Исматулла тариқатының ілімін бұрынғыша уағыздай берді,  насихаттарын әлі де жалғастырып жатыр.

 «Құраншылар» үшін де «сопылар ісінің» салдары жақсы болған жоқ. Рационал монотеистер арасында ағымдағы саяси мәселелерге қатысты көзқарас қайшылығы күшейді, мен «Ізгі амал» ұйымын жауып тастадым. Сопылар мен сәләфилердің қарымта соққысынан қауіптенген Асылбек Мусин шетелге қоныс аударды, ол 2017 жылдың соңында Рига қаласында қайғылы қазаға ұшырады.

«Сопылар ісіне» сәләфилер мен мүфтият құрамындағы тариқаттардың қатысы болған жоқ десек, бұл «құраншылардың», әсілінде, Асылбек Мусиннің рөлін тым жоғары бағалап көрсету болар еді. Оның жинаған мәліметі бойынша, «зікіршілердің» лидерлерін қамауға ала салысымен қоғамда үлкен дау туды. Тіпті билік элитасында наразылық күшейген. Сондықтан «сопылар ісінің» құқықтық норма шеңберінде қарастырылып жатқанын, істі экстремизммен күрес және терроризмнің алдын алу шарасы тұрғысында көрсету маңызды болды. Мемлекеттік «Хабар» арнасынан көрсетілген «Ақиқат» атты  екі бөлімнен тұратын фильмді дайындауға және Исматулла мен оның жақтастарын әшкерелеуге «Время» газетінің атышулы журналист Геннадий Бендицкийді қосуы бекер емес. Бұл шаруа Исматулла тариқатын қиратуды қоғамдық пікір алдында ақтап алу үшін жасалған, 2006 жылы депутаттар назарына Ертісбаев ұсынған фильмге ұқсас медиа жоба болатын. Логикаға салсақ, бұл жобаны «зікіршілерге» қарсы тапсырыспен ақпараттық соққы беруге әбден машықтанған журналистер О. Әлімбеков пен Б. Қосбармақовтың тобы жүзеге асыруы тиіс еді. Бірақ олай болмады. Себебі «зікіршілерді» қоғамға құқай қылып көрсету  тағы да Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабековке жүктелген, ал олардың әлгі екі журналиспен қарым-қатынасының бұзылғанын, өкпелеп жүргенін бұған дейін айтқанбыз. Сондықтан «Ақиқатты» жасау Бекболаттың үнемі сенімінен шығатын Мұхамеджанның жерлесі, журналист Мұрат Есжанға тапсырылды.

«Ақиқат» фильмі мен Г. Бендицкийдің «зікіршілер» жөнінде жазған едел-жедел мақалаларын қарап отырсақ, О. Әлімбеков пен Б. Қосбармақовтың ұзақ жылдар бойы жинақтаған материалдарының ізі көрінеді. Кейбір мәлімет бойынша, атышулы екі журналист мүфтидің сол кездегі орынбасары Қайрат Жолдыбайға қызмет еткен. Олай болса, «Ақиқат» фильмін жасауға, «зікіршілерге» берілген ақпараттық екінші жойқын соққыға бұл топтың да қатысы бар деп болжам жасауға болады.

Қазақстандағы діни ахуалды зерттеп, сараптамалық мақалалар жазған журналистер мен дінтанушылар ешқашан бейтарап болған емес, олар да  наным-сенімнің сезіміне беріліп, әлдебір діни идеологияның ықпалында қалды немесе нақты бір діни ағымға мүдделі қызмет етті, қарсыласты әшкерелеп, абыройын айрандай төгумен ғана айналысты. Мұндай жағдайда ақиқат бұрмалана айтылып, шындық жартыкеш болып шығатыны заңды құбылыс. Мысалы, «сопылар ісі» деп аталатын сот процесінде Исматулла тариқатының экстремистік сипатын теологиялық тұрғыда негіздеп берген сарапшылардың қатарында Әбдімүтәліп Дәуренбековтің болуы «антизікірші» коалицияның тағдыршешті кезеңде ішкі алауыздықты былай ысырып қойып,  «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» мүдделі екенін көрсетті. Сондай-ақ сотталушылардың адвокаттары тарапынан Ә. Дәуренбековтің дін мәселесі бойынша әділетті сарапшы-маман екеніне күмән айтылды. Айыпталушы тарап та өзінің наным-сенімінің сезіміне берілген немесе Яссауи тариқатының белсенді уағызшылары болып жүрген Б. Бабаджанов пен А. Муминовті сарапшы ретінде сотқа шақырып, Исматулла тариқаты ілімінің экстремистік сипаты жоғын дәлелдеуге тырысты. Бұл жағдай қазақ қоғамындағы өзекті проблеманың бетін ашып берді. «Дінтанушымын» деп өзіне дардай атақ жапсырып алғандардың біреуі де бейтарап емес, олардың әрбірі қандай бір діни идео- логияның ықпалында қалған, тіпті сол ағымның бейресми лидері саналады. Олай болса, даулы мәселеде,  тағдыршешті сотта осындай «мамандардың» пікірін шығарылатын үкімнің негізіне алуға бола ма? Мұндай «мамандардың» пікірін теологиялық сараптама деп қалайша қабылдаймыз?!

Әрине, наным-сенім және сөз бостандығы жөніндегі декларация тұрғысынан қарасақ, қандай да  бір діни идеологияның ықпалында қалған журналистерді «Неге бұлайша жаздың?» деп айыптай алмаймыз. Өйткені олардың мақаласы дінтанушы мамандар жасаған сот қарауына ұсынылатын ресми сараптамалық құжат емес. Дегенмен журналистік мақала қоғамда пікір қалыптастырады, ол пікір қандай да бір салаға маманданған сарапшыға әсер етуі ықтимал. 

Журналистер, дінтанушылар мен саясаттанушылардың идеологиялық көзқарасы бойынша жіктелуінің шындықты ашатын жақсы жағы да бар. Мысалы, «зікіршілерге» қатысты қазақтілді журналистер жинаған мәліметтерді Г. Бендицкий діни ахуалдан онша хабары жоқ орыстілді оқырманға жеткізіп қана қойған жоқ, Исматулла тариқатының 90-жылдардың ортасында саяси мақсатпен құрылған арнайы жоба екенін жаңа қырынан дәлелдеді. Ол «сопылар ісіне» қатысты жазған мақаласында қаржы полициясының Исматулла Әбдіғаппар тұрған үйді тінткен  кезде ҰҚК-не қатысты құпия құжаттарды тапқанын жазды. Сондай-ақ Исматулла Әбдіғаппардың ауған соғысындағы жасаған қылмыстық әрекетін тың деректермен толықтырды. 

«Зікіршілердің» діни идеологиясына қызмет еткен журналистер мен дінтанушылардың да еңбегін атап өткен жөн. Олар да сәләфилік ағымдардың жасырын уағызшыларын әшкереледі, заңсыз әрекеттердің жолын кесті. 

Нақты діни идеологиялық ұстанымы жоқ, «кімнің тарысы піссе, соның тауығы» бола қалатын, саяси технологияға әбден машықтанған әккі журналистердің мақалаларынан да діни ахуалды бағамдауға аса қажет мәліметтерді табуға болады.

«Сопылар ісінен» кейін бе, әлде оған дейін бе, дөп басып айту қиын, діни идеологиялық ұйымдар қазақтілді ақпарат құралдарын меншіктей бастады. Дәстүрлі БАҚ бұрынғыша Яссауи ілімін негізге алған «зікіршілердің» ықпалында қалды, оған «Абай.кз», «Маса.кз», «Араша.кз» сияқты сайттар қосылып, ауқымы одан сайын кеңейді. Бұған қарсы сәләфилік көзқарасты «Намыс.кз», «Жақсы.кз», «Шын.кз» сияқты сайттар ақпараттық майдан ашты. Мүфтият құрамында Ханафи мәзхабын тасалаған нақышбандшылар және нұршы-гүленшілер мешіттердің сайттары арқылы уағызын жүргізіп жатты. Бірақ қазақтілді ақпарат құралдарының  бұлайша жіктелуі заман талабына сай сұраныстан туындаған секілді, өйткені діни-идеологиялық ұйымдар Исматтула тариқатын қирату кезінде «төртінші биліктің» – журналистердің әсерінің күшті екенін сезінді. Екіншіден, Исматулла тариқаты сияқты заңды түрде қоғамдық бірлестік тіркетіп, шілхана-медреселер ашып, көзге көрініп тұратын құрылымдық жүйемен әрекет ету қауіпті екенін түсінді. Осы себеп болса керек, сәләфилік құжыралар, қорлар мен ұйымдардың біразы өз бетінше жабылды. Діни ағымдар арасындағы идеологиялық ақпараттық шайқасты БАҚ бетіне, әлеуметтік желілерге көшіру, онлайн режимінде әрекет ету әлдеқайда қауіпсіз саналды. Дегенмен көп ұзамай сәләфилік сайттар түгел жабылды, қазір тек ҚМДБ-ның қадағалауына өткен «Асыл арна» телеарнасы қалып отыр. Бұл жағдайды мемлекеттің діни-идеологиялық ағымдарды өзара теңестіруі десе де болады. Күшейіп кеткенді басып, әлсізге мүмкіндік беріп оңалтып, баланс сақтау саясатта бұрыннан бар әдіс. Осы әдіс бір-біріне өшігіп кеткен сәләфилер мен пір-тақсырлары сотталып кетіп, ауыр зардап шеккен «зікіршілерге» қатысты қолданылған секілді.

Қазақтың «орнында бар оңалар» деген үміт ұялататын сөзін Исматулла тариқатына қатысты айтса болғандай. Қапыда пірлері мен тақсырларынан айырылып қалса да, тариқаттың мақсат-мүддесін идеяға берік мүридтер жалғастырып жатыр. Қазір олар АҚШ үкіметі қаржыландыратын «Азаттық» радиосында да, «Қазақстан» ұлттық арнасында да және басқа ақпарат құралдарында да, өзге салада да табысты еңбек етуде. Бірақ олар бұрынғыша ашық-шашық өшпенді уағыз айтпайды, «екі шоқып, бір қарайтын» сақтыққа машықтанып алды. Мысалы, бұрын журналистика арқылы «зікіршілікті» ашық уағыздап келген Санжар Керімбай қазір әлеуметтік желіде аңыз-әпсана, қисса айтып жүр. Оның жетекшілігімен «Логотерапия», «Сияр Шәріп», «Отбасы хрестоматиясы», «Әлдиден эпосқа дейін», «Яссауи  феномені» атты сары түсті мұқабамен шығарылған кітаптар Исматулла тариқаты насихатының әдебиеті екенін дәлелдеу сарапшыларға да біраз қиындық тудырады. Ауық-ауық төзімсіз, өшпенді сөз айтып қалғаны болмаса, Исматулланың ісін жалғастырушылар үнемі момақан кейіпке кіріп алып жүруге әдістеніп алды.

Пірсіз қалған «зікірші» мүридтер де қазіргі қазақ қоғамындағы сәләфизмге қарсы теріс пікірдің күшеюіне көп үлес қосты. Айы оңынан туып жатса, тіпті діни идеологиялар шеңберінен шығып, саясат алаңына барып, қарсыласына ұрымтал тұстан соққы беруге де дайын. Бұл оқиғалар Қазақстандағы діни-идеологиялық ислами ағымдар өзара күресті ешқашан тоқтатпайтынын, қоғамдағы тұрақсыздықтың қайнар көзі болып қала беретінін көрсетті.  

Жалғасы бар...

Автордың пікірі редакция көзқарасын білдірмейді.

Тұрарбек Құсайынов,

"Демос" ҚБ төрағасы

 

Пікірлер