Өзге діни идеологияға құрылған ұйымдардан ислами ағымдардың басты ерекшелігі, олар үнемі мемлекеттік билік тармақтарынан өздеріне жақтастар табуға ұмтылады. Бұл – билікке жетудің стратегиялық жоспарының бір бөлігі ғана емес, мұны олар ағымдағы әрекетінің қорғаны, жамағат ауқымын кеңейту қажеттігін сезінгенде және кейде заң шеңберінен шығып кететін өрескел қадамдар жасаған кезде өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ресурс деп санайды. Бұл – діни ағымдар мен тариқаттар арасындағы өзара идеологиялық күрестің негізгі себептерінің бірі. ҚМДБ ішіндегі тартыс пен оны үнемі сырттан соққылап жататын сынның астарындағы жасырын мүдде де – осы. Себебі, заң бойынша, ҚМДБ қатардағы қоғамдық көп ұйымның бірі болғанымен, халық мүфтиятты өкіметтен өкілеттік алған ресми мәртебелі құрылым деп қарайды. Оның үстіне ҚМДБ қажылық, ораза сияқты діни рәсімдерді өтеудің нұсқаушысы ретінде ислами наным-сенімге монополия ұстап отыр: ораза кестесін белгілейді, Қазақстанға берілген қажылық квотасын үлестіру құқығын өзіне алып алған, пәтуа шығарады және т.б. Бұл – қоғамға ықпал ететін тетіктің бірі. Сондықтан болса керек, Исматулла тариқаты да ҚМДБ-ға ықпал етуге, реті келіп жатса, мүфтиятты өзінің толық қадағалауына алуға тырысты. Бірақ оған ҚМДБ-ға сыналап кірігіп алып, ықпал жасап отырған сәләфилік идеологиялық ағымдар жол берген жоқ.
ҚМДБ жүйесіне кіріге алмаған Исматулла тариқаты зиялы қауымды, сондай-ақ реті келіп жатса, жоғары лауазымды шенеуніктерді өз жағына тартуға тырысты. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін дәстүршілдік, ұлтшылдық, патриотизм секілді сезімге әсер етудің тетіктері пайдаланылды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ресурсына арқа сүйеген жаңа заманғы тариқатшылардың бұл ісі нәтижелі болды. Сезімге берілгіш ақын-жазушылар мен журналистердің түгелге жуығы Исматулла тариқаты ұсынған «Яссауи жолын» «ұмыт қалған қазақтың діні» деп қабылдады.
Деструктивтік ағымдар жөнінде жасалған зерттеулерге көз салсақ, Исматулла тариқаты түрлі деңгейдегі депутатар мен әскери қызметшілердің арасында да жақтастар табу үшін жоспарлы насихат жүргізген. Әскери гарнизондарға барып, руханият тақырыбында дәріс оқу тариқаттың «екінші тақсыры» Нарымбай Разбекқажыұлының тобына жүктелген. Мұның дәлелді фотосуреттері де бар. Ал лауазымды шенеуніктердің ішінде ҚР Мәжіліс депутаты, кейін Қазақстанның Ирандағы елшісі қызметін атқарған Нұрбах Рүстемов қана Исматулла тариқатын ашық қолдайтынын, сол үшін пірге қымбат бағалы «Джип» көлігін сыйлағанын ашық айтты. Журналистер жазған мақалада сол кезде лауазымды қызметкерлердің бірсыпырасы діни идеологиялардың ықпалына шатылғаны айтылады. Дегенмен билік элитасының өз ішіндегі күресте «экстремистік сипаты анық байқалып келе жатқан Исматулла тариқатымен» белгілі лауазымды тұлғаның байланысы жөніндегі әңгіме қомақты аргумент ретінде пайдаланылғаны анық. Сондықтан қауіп-қатердің қара бұлтын тым қоюлатып, осылайша мәселе көтеру беделді шенеуніктің жоғары лауазымды қызметтен шеттетілуімен қатар, тариқат пірлері мен тақсырларының ұзақ мерзімге сотталып кетуінің басты себебі болды.
Исматулла тариқаты ғана жамағат ауқымын кеңейтіп, мемлекеттік органдарға ықпал етуге ұмтылды десек, онда шындық жартыкеш айтылған болып шығады. Бұл әдіспен діни идеологиялық ағымдардың жетекшілерінің бәрі шұғылданды. Мен мұны дін саласындағы өзімнің тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Сәләфи уағызшылар Абдухалил Абдужаббаров («Шейх Халил») пен Тоиржан Ибрагимовтың, сондай-ақ былайғы жұрт «құраншылар» деп атаған ұйымның лидері саналған Асылбек Мусиннің қасында жүргенде мемлекеттік шенеуніктерді дінге тартудың бірнеше оқиғасына қатысқаным бар (кейбір оқиғалар «Мен қалай рухани жаңғырдым» атты өмірбаяндық кітабымда жазылды). Сонда байқағаным, биліктегі беделді адамдарды өздерінің ықпалына түсіру үшін діни идеология уағызшылары арасында тартыс жүреді.
Бірде Асылбек Мусин екеуіміз Президенттің туысы Қайрат Сатыбалдының жұмыс орнына бардық. Ол «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік компаниясында басшы болып қызмет істейтін. Ал «құраншылардың» лидері саналып жүрген Асылбек Мусин бір ауыз қазақша білмейді. Сондықтан ол «қазақша әңгіме бола қалса, жобалап аударып беруге көмектес» деп мені қасына ертіп алатын.
Асылбек Мусин мен Қайрат Сатыбалды арасындағы бір сағатқа жуық уақытқа созылған әңгіме дінге аса қатысы жоқ руханият мәселесі төңірегінде өрбіді. Екеуінің әңгімесі ортадан ауғанда кенеттен кеңсе есігі айқара ашылып, Бекболат Тілеухан ентігіп кіріп келіп, Асылбек екеуімізге алара қарап алды да: «Қайреке, кімді тыңдап отырсыз, бұлар хадисті де, сүннетті де мойындамайтын діннен безгендер, қуып жіберу керек мұндайларды», – деді түтігіп. Қазақша білмейтін Асылбек «не айтып жатыр?» дегендей сұраулы жүзбен маған қарады. Мен «не признающие сунну...» деп дөңгеленте бастаған аударма сөзімді аяқтап үлгермедім, Асылбек Бекболатқа ызалы кекесінмен қарап: «Почему не признаем сунну?! Признаем. Сунну Ньютона признаем, сунну Гегеля признаем, сунну Сократа признаем...» деп, әлем ғалымдарының атын шұбырта жөнелді. Бекболат Тілеухан да бірбеткей қайсар адам, тіпті оны Асылбектің Президент әкімшілігінің сол кездегі жетекшісі Аслан Мусиннің ұлы екені де сескендірген жоқ. «Сүннетті мойындап, дәрет алып келмей, бұдан былай мұнда жоламаңдар» деп бастырмалата жөнелді. Әрі қарай келелі әңгіме болмайтынын түсінген Асылбек пәс кетті, «Кайреке, всего хорошего, как-нибудь в следующий раз поговорим» деп жылдам қоштасып, мені соңына ілестіріп кете барды.
Мен бұл оқиғаны діни идеологиялардың мемлекеттік биліктен жақтастар тауып, сол үшін үнемі күрес жүргізіп жатқанын дәлелдеу үшін ғана емес, олардың арасындағы бәсекелестік кейде кикілжіңді жағдайға дейін жететінін, соның кесірінен мәселеге қатысы жоқ адамдардың зардап шегетінін айтқым келгендіктен келтіріп отырмын. Өзінің наным-сенімін жаппай қазақ халқына тықпалаған діни идеологтардың өзара өшпенді әрекеті «дінге күштеу жоқ» деген зайырлылық принципі шеңберінен шығып кете береді. Қолайлы сәт туғанда билік ресурстарын пайдаланып, қарсыласын тұқырта берудің соңы қоғамдағы тұрақтылықты шайқауға апарады.
2005 жылдың соңына қарай мүдделері түйіскен діни идеологиялық ұйымдар тұтасып, қоғамға ықпалды екі үлкен топ пайда болды. Яссауи атымен құрылған Исматулла тариқаты ақын-жазушылардың басым бөлігін өзіне тартты, дәстүрлі қазақ баспасөзінің түгелге жуығына ықпал жүргізіп отырды, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «зікірші» сопылардың толық қадағалауына өтті. Оларға қарсы күш – Бұхара нақышбанд сопылық мектебінің молдалары «нұршы-гүленшілер» сәләфилік ағым өкілдерімен уақытша болса да мүдде біріктіріп, ҚМДБ маңына топтасты.
Екінші топтың ақпараттық-идеологиялық базасы нашар болатын. Сәләфилік ағымның ықпалына біршама еліткен айтыс ақындары ғана «зікіршілерді» ауық-ауық соққылап отырды, жабық құжыраларда ғана Исматулла тариқаты тарапынан «асыл дінімізге бидға қосылып, қастық жасалып жатқаны» айтылатын. Дегенмен екі діни идеологиялық топтың алда болатын мемлекеттік масштабтағы кикілжіңіне журналистер Ораз Әлімбеков, Бақытжан Қосбармақов, Тоқтар Жақаш пен дінтанушы Мұртаза Бұлұтай сияқты қоғамдық пікірді олай-бұлай манипуляциялай алатын мамандардың, сондай-ақ КТК мен 31-телеараның араласып, «зікіршілерге» қақырата соққы бергенін білеміз. Бірақ бұлардың бәрі ҚМДБ тобына адал әрі идеяға беріліп қызмет етті деп айта алмаймыз. Олар әрдайым «тарысы піскеннің тауығы болу» принципін ұстанды.
Ал КТК мен 31-телеарна осы кезеңде шетелдік көркем фильмдер прокатына қатысты монополия жасап алуға тырысып жатқан «Қазақстан» телерадиокорпорациясымен кикілжіңге ұрынған. ҚМДБ телеарналар арасындағы осы коммерциялық мүдде қайшылығын сәтінде тиімді пайдалана біліп, өз пайдасына бұра алды.
ҚМДБ тобының ақпараттық-идеологиялық саладағы жақтастарымен салыстырғанда «зікірші» сопылық ағымын қолдаған зиялы қауым әлдеқайда принципшіл болды, олар Исматулла тариқатына адал қызмет етті. «Қазақстан» телерадиокорпорациясынан «зікіршілерді» қуып шыққанда да, тариқаттың пірлері мен лауазымды «тақсырлары» ұзақ мерзімге сотталып кеткенде де қарсылығын білдірген бірнеше мәслихат өткізіп, мәлімдеме жасап, қол жинап Елбасыға ашық хат жазды. Тіпті оларды Исматулла Әбдіғаппардың қолына қару алып, Ауғанстанда соғысқа қатысқан содыр екені, сол құрған тариқаттың түрмеге ұқсас шілхана- медреселерінде айлап-жылдап қамауда отырып, зорлық көріп зар илеген жастардың жанайқайы да сескендірген жоқ.
Исматулла тариқатына қарсы берілген жойқын соққыны айтпас бұрын, сәләфизм ағымы мен «зікірші» сопылардың билікке ықпал ету ауқымының кейбір ерекшелігіне қысқаша тоқтала кеткен жөн. Мысалы, елдегі сәләфизм ағымының ықпалына түсіп, намазға жығылып, қажылық жасап келгендердің басым бөлігі – технарьлар. Олардың қатарында өмірге объективті қарайтын, экономиканың түрлі саласы бойынша білім алғандар мен әскери оқу орындарының түлектері бар. Ал «Исматулла тариқатын тікелей қолдады немесе «зікіршілер идеясына лояльды» деп айтылатын шенеуніктердің тізіміне қарап отырсақ, олардың басым бөлігі – педагогика, филология, шығыстану, философия сияқты гуманитарлық білім алғандар.
2006 жылдың ортасында «зікірші» сопылардың құрылымдық жүйесіне елеулі нұқсан келтірген соққы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылдың сәуір айындағы мешіт молдаларымен кездесуінен басталған сияқты. Жалпылама рухани мәселе жөнінде пікір алмасып отырған жиында Алматы қаласы бас мешітінің имамы Құлмұхаммед Махамбет «Қазақстан» ұлттық арнасын «зікірші» сопылар жайлап алғанын, телеарна басшылығы ҚМДБ имамдарын тіпті Ораза мен Құрбан айт кезінде де эфирге жолатпай, алалап жүргенін айтып салды. Жағымсыз жаңалыққа таңырқап, аздап ашуын байқатқан Нұрсұлтан Назарбаев үстел басында отырған Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің жауапты қызметкері Дархан Қалетаев пен Президенттің сол кездегі кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедке (2001–2003 жылдардағы Ақпарат және қоғамдық келісім министрі) қаратып, «Қазақстан» телеарнасындағы өрескел қылықтың ақ-қарасын анықтап, тиісті шара қолдануды тапсырған. Президенттен тапсырма алған екі шенеунік те сол кезде бас изеп ишара білдірген, бірақ «Қазақстан» ұлттық арнасындағы жағдай өзгеріссіз баяғыша қалып қойды. Тіпті «Қазақстан телерадиокорпорациясында басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген Исматулла тариқатының бас идеологы Ғалым Боқаштың қызметі жоғарылап, Алматы қаласының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің орынбасары лауазымын алды. Бұл оқиға «зікірші» сопылардың қоғамға әбден желі тартып орнығып алғанын көрсетсе керек. Осы жағдайға қатысты саяси баға берген журналистер «Исматулла тариқаты саяси билікке жетудің сопылық ағымдар тактикасындағы (сұхбат-жамағат-шухрат-опат) шухрат кезеңіне жетті» деп дабыл қақты. Бірақ билік мұны ескере қоймады.
Исматтулла тариқатына алғашқы жойқын соққы 2006 жылдың басында ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрі болып тағайындалған Ермұхамбет Ертісбаев есімімен байланысты. Ол «Қазақстан» телерадиокорпорациясын салалық министр ретінде толық қадағалауға ұмтылды. Бұған Ғалым Доскен көне қоймаған сияқты. Сондықтан министр Е. Ертісбаев Ғ. Доскенді қызметінен алып тастады. Бұл оқиға қоғамда дүрбелең туғызды: телерадиокорпорацияның 120-ға жуық қызметкері Ғ. Доскеннің қызметтен алынуына наразылық білдіріп, жұмыстан кететінін тікелей эфирден мәлімдеді. Депутаттар министрден дүрбелең туғызған осы әрекеті үшін түсініктеме беруін талап етті. Тіпті бұл мәселе елдің Қауіпсіздік кеңесінде де талқыланған. Бірақ министр Ермұхамбет Ертісбаев өзінің әрекетінің дұрыс екенін дәлелдеп шықты.
Кейін белгілі болғандай, Ермұхамбет Ертісбаевқа «Қазақстан» телерадиокорпорациясын деструктивті діни ағым жайлап алғаны» жөніндегі мәліметті ұсынып, оны аргументтеп берген атышулы екі журналист – Ораз Әлімбеков пен Бақытжан Қосбармақов екен. Оларға «зікіршілердің» саяси билікке ұмтылып жатқанын сопылық тариқаттар идеологиясының астарлы құпия мазмұны арқылы дәйектеп, үнемі ақыл-кеңес беріп отырған ҚМДБ-ның сол кездегі үгіт-насихат бөлімінің жетекшісі Әбдімүтәліп Дәуренбеков, мүфтидің баспасөз хатшысы Оңғар Өмірбек, Алматы қаласы бас мешітінің имамы Құлмұммед Махамбет, «Орбита» ықшам ауданындағы мешіттің молдасы әрі ҚМДБ-дағы нақышбанд сопылық мектебі өкілдерінің бейресми лидері Дайрабай қажы, «нұршы» сопылық идеологиясын жақтайтын дінтанушылар Қайрат Жолдыбай мен Мұхитдин Исаұлы деген болжам бар.
Ертісбаевтың депутаттар мен қауіпсіздік кеңесі алдында өз әрекетін ақтап алуға қажетті видеоматериалды дайындауға жалданған журналистердің шығынын (жолкіресі мен қонақүй шығыны) Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қазақ әуендері» мемлекеттік мекемесінің сол кездегі басшысы көтерген, ал мұның бәрін Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан үйлестіріп отырды.
«Зікіршілерді» «Қазақстан» телерадиокорпорациясынан қуып шығу операциясына «құраншылар» да қатысты» деген – жаңсақ пікір. Бұл кезде рационал монотеистік идеяны насихаттау үшін құрылған «Ізгі амал» бірлестігі жұмысын әлі бастамаған, бірақ дін мәселесімен шұғылданып жүрген Асылбек Мусин «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төңірегіндегі тартысты жіті бақылай отырып, соған қатысты мәліметтерді жинастырумен айналысты. Мен мұны кейін білдім.
Ал былайғы жұрт «құраншы» деп жүрген Мұртаза Бұлұтай «Ізгі амалдың» құрылымдық жүйесіне бағынбайтын, ол әрқашан дербес еркін әрекет етті. Сондықтан оның сол кезеңдегі «зікірші» сопыларға қарсы әрекетін оның жеке көзқарасы мен позициясы деп қана түсінген жөн. Дегенмен бұл жағдай Қазақстандағы «діни ағымдардың бәрі бірігіп, Исматулла тариқатына қарсы шықты» деген ойды терістей алмайды. Егер жоғарыда айтылған мән-жайға сараптай отырып қарасақ, Исматулла тариқатына қарсы сәләфизм ағымының өкілдерімен қатар мүфтият құрамындағы сопылардың екі тармағы күш біріктірген. Ал «құраншылардың» бұл істі сырттай ғана бақылай отырып, бейтарап қалуының себебі бар: өйткені сәләфилер болсын, тәңіршілдер мен тариқатшылар болсын, Құдай мен Құранды ғана дін деп танитын «құраншылармен» уақытша болса да мүдде біріктіруі мүмкін емес еді.
Маңызды ақпараттық плацдарм саналған «Қазақстан» телерадиокорпорациясынан Исматулла тариқатын қуып шығу «антизікіршіл» коалицияны одан әрі жұмылдыра түскен жоқ, қайта олардың арасында алауыздық өршіді. «Қазақстан» төңірегіндегі дау-дамай басылғанша телерадиокорпорацияға бейтарап көзқарастағы журналист Нұртілеу Иманғалиұлының басшы болғанын білеміз. Көп уақыт өтпей-ақ оны Дәурен Әбдіхәмитов ауыстырды. Осы тұстан бастап «Қазақстанды» сәләфи көзқарастағы кадрлар жайлап алды» деген әңгіме шықты. Мұндай алыпқашпа сөздің «зікіршілер» ғана емес, Исматулла тариқатына қарсы ақпараттық күрес жүргізген журналистер тарапынан айтылуы олардың о бастағы мақсатының – өздерінің көрсеткен ақпараттық қолдауының өтеуіне «Қазақстан» телеарнасынан жақсы қызмет алу жөніндегі арманының орындалмай қалғаны себеп болса керек. Сондықтан баспасөзде сәләфизмнің қауіптілігі туралы мақалалар көбейе бастады. Ондай мақалалардың бірсыпырасынан «антизікіршіл» журналистердің стилі байқалады.
Исматулла тариқатының «Қазақстан» телеарнасынан қуылуы осы науқанға «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» қатысқан діни идеологиялық ағымдар үшін түбегейлі жеңіс емес. Олардың алдында «зікіршілердің» құрылымдық жүйесі – Әділет минстрлігінде ресми тіркелген «Білім. Сенім. Өмір» қоғамдық ұйымының аясында жұмыс жасап жатқан, республиканың барлық аймағын қамтыған шілхана-медреселерді тып-типыл етіп жою, тариқаттың пірі мен тақсырларын залалсыз- дандыру мақсаты тұрды. Сонда ғана Яссауи атын жамылған, ерте заманда өткен қазақтың данышпан ойшылдары мен қаһарлы хандарының іс-әрекетін сопылық дүниетаныммен үйлестіріп байлап-матап, шандып тастаған, халықтың салт-дәстүрінің жанашыры кейпіне кіріп алып, зиялы қауымның зор қолдауына ие болып, насихатына журналис- тердің қалың қауымын жегіп қойған әккі тариқатқа қақырата соққы берілетінін бәрі түсінетін. Бірақ бұл мақсатты қалай жүзеге асыру керектігін сол кезде ешкім бағамдай алған емес.
Жалғасы бар...
Автордың пікірі редакция көзқарасын білдірмейді.
Тұрарбек Құсайынов,
"Демос" ҚБ төрағасы