Елімізде бірнеше күн қатарынан ұн және ұн өнімдерінің бағасы қымбаттап тұр. «Аналитик» талдау орталығы мамандарының пайымынша, жыл басынан бері елде ұн және ұн өнімдері 25-30 пайызға дейін қымбаттаған. Қазір наубайханашылар «қыркүйек айында бір қап құны 4200 теңгеге алсақ, қазір бір қап ұнның бағасы 5200 теңге» деп дабыл қағуда. Жекелеген наубайханашылар «ұнды қымбатқа алып, одан шығатын өнімді арзанға сата алмаймыз, сондықтан өнім қымбаттап жатыр» деген уәж айтуда.
Қапшығы өз алдына, бірқатар аймақтарда ұннің бір келісі де қымбаттаған. Мысалы, Алматыда қыркүйек айында бірінші сорттағы ұнның бір келісі 93 теңге болса, қазан айында бірінші сорттағы ұнның бір келісі 110 теңгеге қымбаттап сала берген. Ал астықты өңір саналатын Солтүстік аймақтарда бірінші сорттағы ұнның бір келісі 120-125 теңгеге дейін өсіп кеткен.
Ұн бағасының шарықтауы, елдегі нан бағасына, ұн өнімдерінің бағасына айтарлықтай әсер ететіні даусыз. Қазақстан шикізатқа бай ел бола тұра, неліктен елде жыл сайын ұн бағасы қымбаттап барады? Астықты ел бола тұра еліміз неге қымбат өнім тұтынуы керек?
Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл елде 19,1 млн тонна астық бастырылды. Бұл 2018 жылғы өніммен салыстырғанда 2 млн тоннаға аз. Биылғы жылы жаз мезгілінің ыстық әрі құрғақ болуына байланысты өнімнің шығымы осылай кеміген.
Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров «Жыл сайын ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін, әр жылдың ақпанынан шілдесіне дейін азық-түлік корпорациясы ұн тарту комбинаттарына 150 мыңнан 250 мың тоннаға дейін бидай сатады. Биыл нан күрт қымбаттамас үшін біз ішкі нарыққа 150 мың тонна астық өткіздік», – деп отыр.
Бұған қоса министр мырза, «Қазір нан бағасы өңірлерге байланысты 75-78 теңге. Мен болашақта баға болар-болмас өседі деп топшылап отырмын. Шамамен 80-82 теңгеге дейін»,- дейді.
Сапархан Омаровтың айтуынша, министрлік нан бағасының күрт өсуіне жол бермеу үшін «Азық-түлік» корпорациясымен бірлесіп, мемлекеттік тұрақтандыру қорларына астық сатып алуда. Сондай-ақ, әр өңірдің әкімдігі де тұрақтандыру қорларына бидай мен ұн сатып алып, қамданып жатыр.
Осылайша аталмыш ведмоства өкілдері ұн бағасын әрі қарай өсірмеуге барынша әрекет жасап жатқандарын алға тартты.
Ал бұған қатысты сала мамандары болашақта ауыл шаруашылығы министрлігі нақты жүйемен, нақты бағытпен жұмыс істеуі керектігін алға тартып отыр.
Сала мамандарының пайымынша, алдымен осы салада бақылауды нығайту керек. Мамандардың байыптауынша, қазір мемлекеттік қордан бөлінген астықтардың қолды болуы кеткен. Бұл ретте ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Жаңабай Алдабергенов былай дейді:
«Соңғы уақытта бізде мемлекеттік қордан бөлінген астықтардың қолды болуы фактілері де тіркеліп жүргені рас. Мысалы жақында ғана Шығыс Қазақстан облысында, Ақмола облысында мемлекеттік қордан бөлінген астықтардың ұрланғаны белгілі болды. Мұндай жайттар да астық тапшылығына соқтырып ұн бағасының өсуіне әкелері даусыз».
Сала мамандары осылай деп пікір білдіргенімен, Ауыл шаруашылығы министірліктің мәліметінше, мұндай фактілердің бары рас, бірақ ол тікелей ұн бағасын қымбататып жіберетін фактор емес.
«Жуырда Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы басқармасының жоспардан тыс тексеруі барысында мұндай факті тіркелген. Тексеру барысында қамбада сақталуы тиіс 17 300 тонна астықтың 200 тоннасы ғана бары анықталған. Осы факті бойынша қазірді «Азық-түлік» корпорациясына ұрланған бидайдың 1 млрд 400 мың теңгесі өтелген. Кінәлілер шығынды өтеп, оған қосымша 280 млн теңге айыппұл төлеуі тиіс. «Бірақ мұндай фактілер ұн бағасының өсуіне тікелей әсер етеді деуге негіз жоқ» дейді аталмыш ведмостваның баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан.
Сондай-ақ сала мамандары кез келген мәселені шешу үшін оның шығыны да дұрыс есептелуі керектігін және алдағы уақытта астық өндірумен айналысатын шағын шаруашылықтарға мемлекет өз деңгейінде қолдау көрсетуі тиіс екеннін алға тартып отыр. Бұл ретте экономика ғылымының докторы профессор Жасқайрат Сүндетұлы:
«Қазірде статистикалық деректер көрсетіп отырғандай, ауыл шаруашылығының дамуының біраз көрсеткіштері 1990 жылмен салыстырғанда әлі де кемдеу. Мол астық жиналды деп қуанудамыз. Егістіктің әр гектарынан орта есеппен 18,5 центнерден өңделмеген өнім алынды. Тазартқан кезде оның 10-15 пайызы өлі және басқалай қалдықтарға жатады. Біразы ашық токтарда қардың астында қалып шіруі мүмкін. Экспортқа жіберілетін астықтар да Ресей мен Украина порттарында әртүрлі себептермен тежеліп те жатады. Осындай жайттарды ескеру керек, ашық жариялау қажет. Сондықтан жиналған астықтың біразын жергілікті тұрғындарға тамақтық ұн-нан өнімдерін өндіру және жем-азық үшін арзандау бағамен сатқан дұрыс. Соңғы алты жылда жалпы өнімнің 70 пайыздан астамын шағын бизнес субъектілері (жеке қосалқы және шаруа қожалықтары) береді. Солай бола тұрса да кішігірім шаруашылықтарға мемлекет тарапынан лайықты қолдау болмай отыр. Шағын шаруашылықтарды несиелендіру көбі несе олардың кепілдіктерінің болмауы салдарынан жетімсіз болады. Алдағы уақытта осындай шаруашылықтар өзара бірлесіп, өндірістік және қызмет көрсету кооперативтерін ұйымдастырулары қажет. Қаржыландырудың бірлескен тәсілін, яғни шағын шаруашылықтар өз құралдары есебінен несиенің – 30-пайызын мемлекет – 50-60 пайызын, банк 10-20 пайыз мөлшерінде енгізудің маңызы зор. Ол тәуекелдіктің әділ бөлінуіне мүмкіндік берер еді. Міне, агросаясатқа осындай жаңашылдық енгізсек, астық өндірушілер қолдауды анық сезінер еді»,- дейді.
Сөйтіп, мамандардың пайымынша, астық өндірушілерді нақты мемлекеттік қолдаудың жетіспеуі, техникалардың ескілігі, диқандар еңбегінің еленбеуі, астық сақтайтын қоймалардың тапшылығы болашақта да астық өндірісіне айтарлықтай кері әсерін тигізуі бек мүмкін. Ал астық өндірісі солқылдады дегенше, елде ұн бағасы да шарықтай бастайды. «Соның ішінде әсіресе ішкі нарықтағы ұн және ұн өнімдері де қымбаттай береді. Ал мұның соңы бұқараның базынасын көбейтіп, онсыз да қымбатшылықтан көз ашпай отырған халыққа қамыт болып артылары даусыз. Сондықтан бұл арада ауыл шаруашылығы реформасына құрылымдық өзгерістер енгізілуі керек. Сонда ғана жыл сайын ұн бағасы өсті, нан қымбаттап кетті деп отырмайтын боламыз» дейді мамандар.
Сөйтіп мамандардың пайымынша, алдымен мынадай жайттарға мән берілуі керек.
- Астық өндірісінде жүрген жекелеген монополияларға бақылауды күшейту керек. Олардың астық бағасын көтеріп жібермеуіне мән берілуі керек. Бұған қатысты барлық астық өндірушілер мемлекет бекіткен бағаның көлемінен шықпауы тиіс.
- Астық сақтайтын қоймаларды заманға сай жабдықтау керек. Астық сақтайтын қоймалардың сапасыздығынан ішкі нарықты қамтуы тиіс шикізат қызып, бүлініп, қар астында қалып сапасын түсіріп жатады.
- Астық сақтайтын қоймалар санын арттыру керек. Жиналған астықтың дер кезінде қамбаға сыйып кетуіне жағдай жасалуы қажет.
- Жиналған астықтан ұн көбірек түсуі үшін астықты тартатын халықаралық талапқа сай диірмендері бар шағын зауыттар ашылуы тиіс. Астық сақтайтын қоймалардың қасынан модернизацияланған осындай диірменді зауыттар ашылғаны жөн.
- Ең бастысы диқандар мен астық өндіруші жекелеген компанияларға тиісінше мемлекеттік қолдау көрсетілгені жөн. «Ішкі нарықта ұн бағасы өспеуі үшін міне алдымен осы аталған жайттарға басымдық берген жөн» дейді мамандар.
Қарлығаш Зарықханқызы,
"Адырна" ұлттық порталы