Оқулықтан – нарыққа дейін. «Білім саласында сапалы кадр табу өте қиын»

1362
Adyrna.kz Telegram

Педагог Аятжан Ахметжан қазіргі білім жүйесін ширату және саладағы қордаланған мәселелерді шешу жолдары туралы өз ұсыныстарымен бөліседі.

Қазақстанда  соңғы 5 жылда жекеменшік мектептер саны артып келеді. Ресми статистикаға сүйенсек, 2016 жылы елімізде 112 мектеп болса, 2023 жылдың оқу жылында 551 мектепке дейін жеткен. Ал мемлекет меншігіндегі мектептер керісінше қысқаруда. Бұл еліміздегі білім сапасын арттыра ала ма? Жеке меншік мектеп қандай мәселені шешпек?

Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы белгілі ұстаз, білім сарапшысы, «Qazbilim» орталығының жетекшісі Аятжан Ахметжанмен сұхбаттасты.

«ОРТА МЕКТЕПТЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ»

—  Аятжан мырза, Қазақстанның қазіргі білім беру жүйесін қалай бағалайсыз?

– Қазіргі еліміздің білім беру жүйесін 3 деп бағалауға болады. Себебі, сапа осындай. Қазақстанның халықаралық деңгейдегі олимпиадалардан көрсеткіші жоғары. Дегенмен, бұл еліміздегі білім беру сапасының жалпы көрсеткішін көрсетпейді. Өйткені, олимпиадалардан жетістікке жететіндер санаулы. Олар Назарбаев зияткерлік, Республикалық физика-математика сынды мектептер. Ал негізі орта мектептердің жағдайы сын көтермейді.

30 жылдан астам уақыт үш ауысымды мектептердің, оқулықтың, оқу бағдарламаларының жырын шеше алмай келеміз. Бұл -  еліміз үшін үлкен сын. Жалпы ең алдымен, оқу бағдарламаларын, оқулық жазудың жүйелерін реттеуіміз керек еді. Өкінішке қарай, орындалмады.

Ал білім беру саласының артықшылығына келсек, біздің қазақ балаларының табиғаты дарынды, қабілетті. Сол қабілетті көрсете алуымыз керек.

Ал білім беру жүйесіне қандай өзгерістер қажет? Оны қалай жетілдіруге болады?

– Ең алдымен, оқу бағдарламалар мен оқулықтарды реттеу керек. Біздің білім беру жүйеміз халықаралық стандартқа сай болу үшін 12 жылдық білім беру жүйесіне, оның ішінде 6+3+3 жүйесіне өту керек, деп ойлаймын. Яғни, 6 жыл бастауыш, 3 жыл орта, 3 жыл жоғары мектеп көзқарасымен оқу керек.

Сонымен қатар, оқулық жазудың нақты форматын өзгерту керек. Ол үшін кең көлемді реформа қажет. Яғни, оқулық жазуды мемлекеттік монополияға айналдырып, оқу бағдарламасын дайындайтын мамандар жыл он екі ай отырып, жұмыс істеуі керек. Яғни нақты жауапкершілік бір мекемеде болуы дұрыс. Бұл туралы ұсынысты біз үнемі айтып келеміз. Алайда, тыңдайтын құлақ жоқ.

Қазақстандағы жеке мектептердің саны жылдан-жылға артып келеді.   Олардың даму деңгейі туралы ойыңыз қандай?

— Елімізде білім беру орталықтарының қалыптасқанына 15 жылдай болды. Ал жеке меншік мектептер соңғы 5-6 жылда қарқынды дамуда. Бұл әлде де дами беруі керек. Өйткені, бәсеке бар жерде сапа болады. Дегенмен, жеке меншік мектептер білім беру орталықтарының біршама дамуын әлсіретеді. Егер біз әлемдік деңгейдегі білім беру стандарттарының сапалы деңгейіне көшеміз десек, барлық сыныптағы оқушы саны 24-тен аспауы керек. Ал мектеп 1 ауысымды болу қажет. Бала негізгі сабақты да, қосымша сабақты да, спорт пен үйірмені де бір мектепте таңертеңнен кешке дейін алып кететіндей жағдайға жетуі маңызды. Ол үшін бірден-бір шешім –  жеке меншік мектептердің дамуын жеделдету.

–  Жеке мектептердің оқу сапасы мемлекеттік мектептермен салыстырғанда қандай артықшылықтарға ие? Кемшіліктері бар ма?

– Жеке мектептер мен мемлекеттік мектептерді салыстырғанда, жалпы сапа деген ұғымды меншікпен салыстыруға келмейді. Мәселен, Қазақстандағы топ-10 университет десеңіз, ішіне 5-6 жеке меншік университет, 5-6 мемлекеттік университет кіруі мүмкін. Тура сол секілді сапа мәселесі меншік мәселесіне қатыссыз, басқару менеджментіне қатысты. Мемлекеттік мектептердің ішінде мықты да, әлсіз де мектептер бар. Жеке меншік мектептер де дәл солай. Жалпы мектепті таңдаған кезде менеджмент қандай, оның құрылтайшылары кімдер, оның негізгі концепциясы қандай, деген ұғымдарға мән беру қажет. Жеке меншік мектептер мемлекеттік мектептерге қарағанда көбіне оқушыға жайлы. Яғни, оқушы санының аз болуы, мектептің бір ауысымды болуы секілді балаларға беретін артықшылықтары көп.

«ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР НАРЫҚТА ІРІКТЕЛІП ШЫҒУЫ КЕРЕК»

 - Сіздіңше, жеке мектептердің болашағы қандай? Олардың дамуы қандай бағытта болуы керек?

– Шыны керек, дәл қазір бізде мектеп жасына Қазақстанның “демографиялық дүмпу кезеңіндегі” балалар келіп жатыр. Мектептерде жылдан-жылда бала саны артуда. Бұл мектеп тапшылығын әлі де сездіреді. Біздегі 350-ге жуық “Жайлы мектеп” ешқандай мәселені шешпейді. Өйткені, ол жетпейді. Сондықтан баланың бүгінгі бәсекеге қабілетті болуы үшін жеке меншік мектептерге, білімге ата-аналардың инвестиция салатын кезі келді. Жеке меншік мектептердің дамуы барған сайын көп дүниені қажет етеді. Меніңше, бүгінге сай, заманауи мектептер нарықта іріктеліп шығуы керек!

Жеке мектептер мен оқу орталықтарын ашудағы басты қиындықтар қандай? Оны қалай шешуге болады?

– Жеке меншік мектептер мен оқу орталықтарын ашудағы қиындық - кадр мәселесі. 30 жылдық білім беру саласында ең төменгі орында болып, соңғы 4-5 жылдың көлемінде ғана көңіл бөліне бастаған білім саласында сапалы кадр табу мәселесі өте ауыр және қиын. Бұл мәселеде кез келген білім беру ұйымы белгілі бір деңгейде кадр дайындаумен өздері айналысу керек. Онсыз мәселе реттелмейді.

«БІЛІМ – ТАМАҚ, ТӘРБИЕ – ТҰЗ»

Білім беру мен тәрбие беру арасындағы байланыс қандай болу керек деп ойлайсыз?

– Жалпы білім беру мен тәрбие берудің екеуін бөліп қарауға болмайды. Білім - тамақ, тәрбие - тұз. Тұз бен тамақты бір-бірінен бөліп қарай алмайсыз, яғни тұзсыз тамақ немесе құр тұздың өзін жей алмайсыз. Екеуі бір-бірінен бөлінген кезде мәні де, мағынасы да жойылады. Сондықтан қашан да білім беру мен тәрбие беру егіз ұғым болуы қажет. Біз Qazbilim ұлттық лицейлер жүйесінде бұл ұғымды қатты ұстанамыз. Мектептегі әр сабақ, әр сағат тәрбие негізінде құрылады.

Болашақта білім беру саласындағы жұмыс нарығында қандай дағдылар мен қабілеттер ең маңызды болады?

– Қазіргі таңда білім беру саласы болсын, жалпы қоғамдық сала болсын қарқынды дамып келе жатыр. Өйткені, жасанды интеллектің дамуы, цифрлық технологиялардың пайда болуы көптеген мамандықты жойып, жаңа деңгейге әкелуде. Тіпті, қазір әртүрлі деңгейдегі кез келген сұрақты, тесттің өзін жасанды интеллект құрастырып беретін жағдайға жеттік. Яғни, бұл қоғамдағы нарықты қатты өзгертеді.

Біз цифрландыру дәуірінің жаңа кезеңіне тап келдік. Осы кезеңде оқушыларға “біз қандай дағдыны береміз” деген ой ең маңызды болуы керек. Сондықтан бүгінгі білім беру жүйесінде кезек күттірмейтін өзгерістерді еңгізіп, балаларды цифрландыру мәселесінде, жасанды интеллектпен жұмыс істеу барысында жаңа деңгейдегі даму кезеңіне алып келуіміз қажет.

«БАЛА НАРЫҚҚА ШЫҚҚАНДА ӨЗІН-ӨЗІ КӨРСЕТЕ АЛУЫ КЕРЕК»

Сіз үшін үздік білім беру моделінің негізгі принциптері қандай?

– Мен үшін үздік білім беру моделінің негізгі принципі - оқушының болашағына, елдің келешегіне бағытталған, идеологиясы мен сапасы бір жүйеге негізделген білім беру жүйесі. Яғни, бұл мәселеде қазіргі Шығыс Азиядағы Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур деген сияқты мемлекеттердің біршама ілгері тұстары бар. Ал біздің Қазақстан үшін Алаш қайраткерлерінің негізгі білім беру ұстанымдары келеді. Сондықтан Qazbilim ұлттық лицейлерінде біз сапалы білім, ұлттық тәрбие, бәсекеге қабілетті тұлға концепциясымен жұмыс істейміз. Яғни, сапалы білім беру керек, сонымен бірге ұлттық құндылықтармен сусындатып, ұлттық тәрбие беру және баланың болашығына, бүгінгі заманауи дүниелерде бәсекеге қабілетті болуына барынша жағдай жасау қажет. Өйткені, бала нарыққа шыққанда өзін-өзі жан-жақты көрсете алу керек.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Каждый диабетик в г.Вашингтон с 12 февраля имеет право получить...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Школьники потрясли всю сеть этим танцем — смотреть без детей!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Пьяные что ли? Пугачева с мужем шокировали своим развратом
Пікірлер