- Ермек аға, білім саласында білек сыбанып тұрып, қызмет істеп жүрген белсенді азаматтың бірісіз. Қазір ел іші жаппай жасанды ақыл ой туралы көп айтып жүр ғой. Осы ретте Қазақстандағы айти әлемдік стандарттармен салыстырғанда қай деңгейде?
- Артық айтты деп сөкпеңіз, біздің айти кадрлер әлемдік нарықта мықтап өз орнын алмаққа ынта-шынтасымен тырысып жүр. Оған 2019 жылы құрылған «Alem School» мектебі де өз үлесін қосты деп батыл айта аламын. Ең қызығы бұл заманауи мектептің мұғалімі мен деканы, тіпті сабақ кестесі де жоқ. Білім қуған балаларға арнайы тапсырманы 24 сағат жұмыс жасап тұратын компьютердегі бағдарлама беріп отырады. АЙТИ фабрика деп бағаланған мектеп – оқушысына білім ғана емес, инновациялық шешім қабылдау, сандық жүйені шебер меңгеру, ең бастысы бірігіп, командамен жұмыс жасауды үйретеді. Және білімді мұғалім емес, балалар және компьютерлік бағдарлама бағалап отырады.
- Қызық екен, айти саласы үшін дәстүрлі білім беру жарамай қалды дейсіз ғой? Бұл мектепке түсу үшін қандай базалық білімің болуы шарт?
- Қатып қалған шектеу жоқ. Мысалы бізде шахтер болып жұмыс істеген адам келіп, программист болып шықты. Бұрын телефон сатушы болғандары да бар. Айтпағым — біздегі оқудың бір ерекшелігі: ол — геймификация, яғни, ойын негізінде құрылған, ал студент оқу басынан өзін сол ойынның кейіпкері ретінде сезінеді. Әрі әр сынақтан өткен сайын сол ойынның кейіпкері ретінде нәтиже көрсетіп, сол ойынның кейіпкері ретінде ұпай жинайы және басқа студенттермен бәсекелеседі және өзара команда құрып, бірге жұмыс жасайды. Осының нәтижесінде студенттердің қызығушылығы өте жоғары. Ойын негізінде осы оқуды бітіріп шығады.
- Білуімше, француз кәсіпкері Хавьер Нилдің әдісімен салынған мұндай мектептегі білім алу ұзақтығы үш жыл. Бізде қалай?
- Иә, дұрыс айтасыз. Бастапқыда біз осы әдіспен білім алдық, уақыт өте келе өз платформамызды әзірлеп алдық. Сондықтан біздегі білім беру бір жыл. Басы артық диплом, сертификат сұрамаймыз. Базалық ағылшын тілің болса, ынтаң болса — мархабат!
- Бес жылда қанша студентті даярлап шықтыңыздар?
- Бес жылда он тоғыз мыңнан аса азаматтан оқуға өтініш түсті. 900 ден астам студент қабылданды. Оның алты жүзін еңбек нарығына сақадай сай етіп, дайындап шығардық. Жұмысқа орналасу көрсеткіші өте жоғары. Бітіре сап, басқа бағытқа кетіп қалатын шәкірт аз. Былай айтайыншы, оқуға түскеннен кейінгі жарты жылда-ақ шәкірттердің алпыс пайызы жұмысқа тұрады. Ал оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа орналасқандар тоқсан пайызды құрап отыр. «Alem School» енді ашылғанда Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Р2Р принципімен оқытатын бірегей білім беру ордасы болған, қазір бәсекелестеріміз көп.
- Ермек аға, сұхбаттың басында жасанды ақыл ойдың дендеп еніп жатқанын айтып өттік қой. Осы туралы да пікіріңізді білгіміз келеді.
- Бұл сала біздің студенттерге ғана қатысты емес, бәрімізді өмірде де, тұрмыста да, жұмыста да мықтап қамтып алды ғой. Десе де әсіресе, біздің шәкірттер оқу барысында жасанды ақыл ойдың көмегін тиімді қолдану үшін кәсіби мүмкіндіктерін терең пайдаланып жүр. Болашақта оң жемісін көреміз деп сенем.
- Ермек аға, сіздің айти мектепте журналистерді дайындау жоспарда бар ма? Ақпаратты барынша тиімді жеткізу жолында жасанды ақыл ойдың мүмкіндігі мол ғой?
- Нақты айти саласындағы журналистерді даярлап шығу жоспарда жоқ. Бірақ ойланып көруге болатын қызық сауал екен. Дата аналитика, киберқауіпсіз саласын дамыту саласын қолға алдық қой, ал Сіз айтып отырған ақпараттық қауіпсіздік айтимен тығыз байланысты.
- Мән-мағыналы сұхбатыңыз үшін көп рақмет, сізге және сіздің шәкірттеріңізге толағай табыс тілейміз!