Шешімі бар: Сорбұлақ көлін ауыл шаруашылығына қалай тиімді қолдануға болады?

1451
Adyrna.kz Telegram

Сорбұлақ көлін ауыл шаруашылығына қолдану: Диқандар су тапшылығы проблемасын қалай шешіп жатыр?
БҰҰ даму бағдарламасының баяндамасына қарағанда, Қазақстан 2040 жылға қарай су тапшылығын тартып, елдегі су ресурстары сұраныстың тек елу пайызын ғана өтей алатын жағдайға тап болуы мүмкін. Қазірдің өзінде оңтүстік өңірлерде диқандар суармалы су тапшылығын сезе бастады. Ал Алматы облысы Жамбыл және Іле ауданының диқандары суармалы су тапшылығымен күресті әлдеқашан бастап кеткен. Сарқынды су көпсатылы тазарту жүйесінен өтіп жиналатын Сорбұлақ суын егістікті суаруға қолдану − су тапшылығын шешудің бір жолы.

Диқандар Сорбұлақ көлінің суын тамшылатып суаруға қолданады
Алматыдан 90 шақырым қашықтықта Сорбұлақ көлі маңында орналасқан «Агро-тон» шаруа қожалығы 745 гектар аумақта жүгері өсіреді. Шаруа қожалығы жүгері дақылын суару үшін Сорбұлақ суын қолданады. Шаруа қожалығының жетекшісі Олег Ткачук егістікті 2008 жылдан бері Сорбұлақ суымен суарып жүр. Бір маусымда бір гектар жерді суаруға 9,5 мың текше метр су кетеді. Бірақ шаруашылық тамшылатып суаруға көшкелі бері жұмсалатын судың көлемі екі есе азайды: қазір бір гектар үшін 4,5-5 мың текше метр су жеткілікті. Ткачук жылына 9-13 тоннаға дейін жүгері өнімін алады.


Андромеда” тұқымды жүгері. Фото - Олег Ткачуктың жеке архивінен.

Алматының сарқынды суы Сорбұлаққа жеткенше қалай тазаланады?

Алматы тұрғындары Сорбұлақ дегенде қаланың сарқынды суы жиналатын көлді елестетеді. Кір жуу, қол жуудан кейінгі су кәріз жүйесіне түскеннен соң қайда кетеді? Кәсіпорын, пәтер, үйлерден шыққан су тікелей топырыққа сіңіп кетпейді немесе бірден су қоймасына жіберілмейді. Қаланың және төңіректегі сарқынды су коллекторға түседі, бұл – диаметрі үлкен құбыр. Кейін ол қаланың тазарту қондырғысынан өтеді. Кәріз суын тазалау қондырғысынан күн сайын 400 мың текше метр су тазалаудан өтеді. Бұл қондырғыда «Алматысу» мекемесінің 100-ге жуық қызметкері жұмыс істейді.
«Алматысу» шаруашылық коммуналдық мекемесінің дерегінше, сарқынды су әуелі механикалық тазалаудан өтеді. Яғни су 5-9 милиметрлік тоғыз тор арқылы өтіп, ірі қалдықтардан тазаланады. Қалдықтар транспортерлерге кетіп, сол жақта жойылады. Ал су келесі кезекте құмнан тазартылатын құрылғыдан өтеді. Сосын суды тұндырма бассейндеріне бұрып, тұндырады.
Келесі кезеңде тұндырылған су аэрация станциясына кетіп, темірбетон канал арқылы насос камерасына өтіп, артынша үлкен бассейн – аэротентерге айдалады. Оған оттегі жіберіліп, суда микроорганизмдер дами бастайды. Олар судағы органиканы, түрлі бактерияларды сіңіре бастайды.

Артынша су диаметрлі 40 метрлік екіші тұндырмаға түседі. Онда үш сағат тұндырылып, лайдан толық арылады. Осы кезеңнен кейін бұл сарқынды су емес, таза суға айналып, 49 шақырымға созылып жатқан канал арқылы Сорбұлақ көліне жөнелтіледі.

Алматы қаласының сарқынды суы 1970-жылдардан бері Алматы облысы Іле ауданындағы Сорбұлақ көліне жиналады. Әу бастан сарқынды суды Сорбұлаққа жинау туралы шешім қабылдағанда ғалымдар оны суаруға пайдалануды ойластырған. Алматы облысы су ресурстары және ирригация басқармасының мәліметінше, көл суының бір бөлігі 1989 жылдан бері төңіректегі егістікті суаруға қолданылады. Сарқынды су Сорбұлаққа жетпес бұрын көпсатылы тазалау жүйесінен өтеді.

Алматы облысы су ресурстары және ирригация басқармасының бізге жолдаған ресми жауабына қарағанда, «су тазартылған күйде Сорбұлақ көліне келеді, ол «Алматы Су» МКК қарасты, Сорбұлақ көліне тазартылған күйде келіп түскеннен кейін табиғи жолмен тұндырылады, барлық қоспалар көлдің өзінде тұндырылады. Бұдан әрі арна арқылы сорғы станцияларына дейін және сорғы станцияларынан ауылшаруашылық өндірушілеріне суды таратады».


«Сорбұлақ сорғы станцияларын пайдалану үшін шаруашылықтар су шаруашылығының мемлекеттік коммуналдық мекемесімен келісімшарт жасасуы керек», − дейді Алматы облысы су ресурстары және ирригация басқармасы.

Сорбұлақ көлін ұстауға жауапты «Алматысу» шаруашылық коммуналдық мекемесінің дерегінше, көл барлығы бір миллиард текше метр су қабылдап, жинай алады. Бүгінде көлдегі судың деңгейі 618 метр, 744 миллион текше метр. Тереңдігі 25 метр, көл 58 шаршы шақырымға созылып жатыр. Көл еңісте орналасқандықтан, сарқынды су табиғи түрде көлге ағып жиналады. Күн сайын 400 мың текше метр сарқынды су қаладағы аэроция станциясында тазартудан өтеді, содан кейін 49 шақырымға созылып жатқан канал арқылы су Сорбұлаққа ағады.

«Агро-тон» тәрізді шаруа қожалықтарына жетпес бұрын Сорбұлақтың суы үш түрлі шлюзден өтіп, арнайы каналға түседі. Каналда тұрған бес сорғы станциясы арқылы суды егістікке жеткізу қиын емес. Тамшылатып суару үшін фильтростанциялар қойылады. Егістікті құбыр не артезиан суымен суарса, мұндай қуатты фильтростанциялар әдетте қажет емес. Бірақ сарқынды су қолданылатындықтан, қуатты фильтростанциялар керек. Фильтростанцияға жердің асты құбырды жалғау үшін канал қазылады, құбыр төселіп, станцияға қосылған соң, қазылған каналдың беті жабылады. Артынша жердің үстімен өтетін клапандар мен құбыр жүйесінің бөлімдерін жинап, монтаждайды, оған сарқынды тесіктері бар тамшылатып суаратын лента жалғанады. Ткачкутың шаруа қожалығындағы фильтростанциялар компьютер арқылы өздігінен тазаланады.

Өзге диқандардың тәжірибесі

Сорбұлақ көлінің жағасына қоныстанған Алматы облысы Жамбыл ауданындағы шаруа қожалық иелері су тапшылығы проблемасын егістікті тамшылатып суару әдісімен шешкенін айтады. Тамшылатып суару әдісімен Жамбыл аудандық шаруалар мәселені шешіп қана қоймай, бірнеше гектарға созылып, қурап жатқан жерлерді көгалдандыра да бастаған.

Бұл ауданда соңғы бірнеше жылда жүгерінің ыстыққа төзімді, суды көп сұрамайтын жаңа түрі көптеп өсіріліп жатыр.Жамбыл аудандық ауылшаруашылық басқармасының деректеріне сүйенсек, соңғы екі жылда егістіктен алынған өнімнің көрсеткіші 17-20 пайызға артқан.

Былтыр Жамбыл ауданының диқандары әр гектардан 15 тоннадан астам жүгері алыпты.
“Жемге арналған жүгері сорты бізде 600 гектар жерге егіледі. Жалпы, егістіктен түскен өнімнің бір бөлігі "Жаркент крахмал-сірне" зауытына жөнелтілсе, келесі бір бөлігі ірі қара малдың жемі ретінде пайдаланылады”, − дейді “Олжас” шаруа қожалығының басшысы Хамза Бабалықов.

Жамбыл ауданындағы «Шкаев» шаруа қожалығының директоры Алексей Шкаев үш жылдан бері испандық «андромеда» жүгері сортын егіп жүр. Шкаев Жамбыл ауданындағы өзге шаруалар тәрізді тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясына көшкен.

“Былтыр жаз айларында ауа температурасы 40 градустан жоғары дәрежеде ысыды. Жүгері үшін бұл үлкен стресс десек те болады. Алайда тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясының арқасында еккен жүгерілерімізді қуратып алмай, жақсы өнім алдық. Егістіктің кей жерлерінде 15 тоннадан астам өнім алдық”, − дейді Шкаев.

Тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілінде егістіктің бүкіл жүгерісі бірдей және жеткілікті мөлшерде суарылады. Сонымен қатар бұл әдіс суды үнемдеу үшін де өте тиімді тәсіл.

“280 гектар аумақтағы егістік алқабымды суару үшін жыл сайын 2 млн метрлік арнайы құбыр сатып аламыз. Егін жиналып біткен соң, құбырларды жинастырып, қайта өңдеу үшін арнайы мекемеге жөнелтеміз. Су тамшылату құбырлары жүйектерге рет-ретімен қойылады. Екі жүйекке − бір құбырдан орналастырамыз. Әрбір төрт күнде бір бір секцияны суарамыз. Суды үнемдеп пайдалану тұрғысынан бұл әдіс өте тиімді. Бірінші суарудан кейін өсімдікке арналған тыңайтқыштар төгіліп, ол тыңайтқыш әр өсімдіктің тамырына дейін тереңдеп сіңуі үшін тағы да суарып шығамыз”, − деген Алексей Шкаев тамшылатып және жаңбырлатып суару арқылы сапалы өнім алудан бөлек, су үнемдеу шарттарының да толықтай жүзеге асырылатынын айтады.

Қазіргі кезде Жамбыл аудандық шаруа қожалықтары 5000 гектар аумаққа арналған арнайы су сорғышты қолданып отыр. 5000 гектар аумақтың 2300 гектары тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолданады. Бұл жерлерге жыл сайын жүгері мен күнбағыс өсіріледі дейді бізбен болған сұхбатында Олег Ткачук. Былтыр 2300 гектар жерге егістік егіліп, тамшылатып және жаңбырлатып суару үшін 15 миллион куб метр су пайдаланылыпты.

Осы әдістің арқасында Жамбыл аудандық фермерлер алдағы уақытта басқа да жаңа сорттағы егін түрлерін өсіруді қолға алуды жоспарлап отырғандарын айтады.
Мәселен, былтыр Олег Ткачук кондитерлік шемішке түрін егіп, өз бетімен тәжірибе жасап көріпті. Нәтижесінде бұл аймақта алғашқы рет күнбағыстың жаңа түрі жақсы өнім берген.

““Басы өте үлкен, ал дәндері толық, майлы болып келетін бұл күнбағыс түрі “Феникс” сорты деп аталады. Бұл шемішке сортына жергілікті өндіріс орындары ғана емес, тіпті шетелдік компаниялардан да алдын-ала сұраныс көптеп түсті. Бастапқыда қорқақтап кіріскен жұмысымыз керемет нәтиже берді. Әр гектардан ең азы 3 тоннадан сапалы, дәмді шемішкелер алдық”, - дейді Олег Ткачук.

«Сорбұлақ көлінің маңында көбірек жүгері өсіруді жоспарлап, егістік аумағын былтыр 438 гектарға ұлғайттық. Ал майлы дақылдарды өсіруге 218 гектар аумақты қостық. Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін кеңінен қолдана отырып, алдағы уақытта егістік аумағын 2 мың гектар жерге дейін көбейтуді қарастырып жатырмыз. Қазірдің өзінде Сорбұлақ көлі маңына арнайы 5 су сорғыш орнаттық. Ауданда тамшылатып суару әдісінен бөлек, 11 жаңбырлатып суарғыш машиналары бар. Диқандар егістікті суару құрал-жабдықтарын төменгі пайыздық несиемен және мемлекеттің арнайы қолдау бағдарламалары арқылы алуда», − дейді Жамбыл ауданының бас агрономы Қайрат Тойшыбеков.

Диқандар жыл сайын Сорбұлақтан суарылатын егістік көлемін қазіргі 3 мың гектардан 9-15 мың гектарға дейін арттыруға болады дейді.

Көл жағасы 300 метрге шегініп, суы азайып кеткен. Жыл сайын Алматыда 145 миллион текше метр сарқынды су шығады, бұрын осы судың тек 40 пайызы ғана егістік суаруға қолданылып, қалған суды тоған не Іле өзеніне бұрады. Судың бір бөлігі буланып, бір бөлігі құмға сіңіп кетеді, 40 жыл бұрын салынған суару жүйесі мен су бұру арналарының барлығы әлдеқашан ескірген. Олар жаңартуды қажет етеді.

Айналадағы шаруа қожалықтарының суға сұранысы өсіп жатыр. БАҚ беттерінде фермерлердің бірнеше жылдан бері Сорбұлақтың суын көбірек пайдалануға ынталы екені жазылып та жүр. Бүгінде Сорбұлақтан жыл сайын алынатын 18 миллион тонна су 3 мың гектар жерді ғана суаруға жететінін айтады бізбен сұхбатында Алматы облысы, “Іле ирригация” мекемесінің басшысы Жексембек Бейсембаев.

Жүгері өсірумен айналысатын Іле ауданының диқаны Әуелбек Закариянов су тапшылығына қатысты: «Жыл өткен сайын жағдай тым қиындап барады. Қазірдің өзінде жыл сайын 3 мың гектар жерге жүгері егіп отырмыз. Күн ысып, жаз басталғанда, егістікке су таппай қиналамыз. Су тапшылығы мәселесі шешіледі дегелі 4-5 жыл болды. Әзірге мардымды нәтиже жоқ», − дейді.

Осыдан екі жыл бұрын Әуелбек Закариянов Сорбұлақ маңындағы диқандар атынан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдап, Сорбұлақ суын көбірек пайдалануға рұқсат ететін нормативті құқықтық құжатты әзірлеуді, Сорбұлақ насос станцияларын жаңартып қайта салуға рұқсат етуді және Сорбұлақ көліне сарқынды суды толтыру деңгейін 620,5 метрге жеткізуді сұраған. Диқандар Сорбұлақ көлін көбірек көлемін суаруға қолдануды бұған дейін де сұрап, ақпарат құралдары арқылы жеткізген.
«Іле ирригация» мекемесінің басшысы Жексембек Бейсембаевтың айтуынша, әу баста Сорбұлақ көлін салудағы мақсат 23 мың гектар жерге суармалы су беру болған.
«Сорбұлақтың өзі 200-300 метрге шегінді, су деңгейі төменге түсіп кетті. Ал оны қазір қайтадан орнына көтеріп, келтіріп, оның өзінің 900 миллион деген межесі бар. Соған дейін жеткізсе, қасындағы 15 мың гектарды суаруға болады», − дейді Жексембек Бейсембаев.

1991 жылға дейін Іле ауданы Сорбұлақтың  суымен 10 мың гектар жерді суарып отырған. Ал қазір 1 млрд куб сыйымдылығы бар Сорбұлақтың айналасындағы Алматы облысы, Іле ауданының шаруа қожалықтары су тапшылығын тартып отыр.

“Алматының кәріз қалдығы механикалық, биологиялық өңдеуден өтіп, «Сорбұлақ» су қоймасына құяды. Ал іргелес жатқан Жамбыл, Іле ауданындағы алқаптар қажетті суды осы жерден алады. Бірақ су көлемі шектеулі. Соның салдарынан қазіргі кезде Іле ауданында 5 мың гектар суармалы жер игерілмей тұр”, − дейді «Іле ирригация» мекемесінің басшысы Жексембек Бейсембаев.

Шаруалардың осы мәселесіне қатысты сауалымызға Су ресурстары және ирргация министрлігі мәселені шешуге бағытталған министрліктің алдағы уақытқа бекіткен жоспарларын атап өтті.

“Әкімдіктердің дерегі бойынша 2024 жылы қазақстандық шаруалар 158 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізді. Атап айтқанда, 56 мың гектар егіс алқабына табиғи жауын-шашынды имитациялайтын жаңбырлатып суару жүйелері, 44 мың гектарға суды өсімдіктердің тамырына тікелей жеткізетін тамшылатып суару жүйелері енгізілді.

Сонымен, диқандар бар суды үнемдеу үшін тамшылатып суару технологиясына өткен. Бірақ диқандар Сорбұлақ суын көбірек қолдану төңіректегі егістіктердің су тапшылығы мәселесін шеше алады деп есептейді. Бұл Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев былтыр желтоқсанда Іле ауданына сапармен барғанда Сорбұлақ көліне аялдап, су тапшылығын шешу үшін көл сун пайдалануға өзгерістер енгізу мәселесін тиісті министрлікке жолдауды тапсырды.

Гидролог ғалым, техника ғылымдарының кандидаты Қайрат Оспанов Сорбұлақ суын егін шаруашылығына молынан пайдалануға мүмкіндік беретін жоба ұсынған.
«Бұған дейін сарқынды суларды биологиялық тазарту құрылғылары болмағандықтан, Алматыдан шыққан сарқынды сулардың зиянды бөліктері қазіргі Сорбұлақ көлінің түбіне шөгіп отырды. Міне, сол себепті қазіргі кезде Сорбұлақтан үлкен көлемде су алынса, түбіндегі зиянды қалдықтар ауаға тарап, экологиялық зардапқа соқтыруы мүмкін. Өзім 3-4 жыл бұрын Қазақстандағы 500-ге жуық сарқынды су жинағыштарға қатысты өз жобамды ұсынған болатынмын. Еуропа елдерінде бар тәжірибеге сүйеніп, Сорбұлақ көлінің түбіне тұнған зиянды қалдықтарды біртіндеп тазарту арқылы, көлдің суын толық тазалап, ауылшаруашылыққа молынан пайдалануға мүмкін беру туралы ұсыныс жасаған едім. Әзірге бұл жобам қаржыландырылмады», − дейді Оспанов.
Қалай болғанда да Сорбұлақ маңындағы шаруалардың сарқынды суды егістікке қолдану тәжірибесі су тапшылығы жағдайында басқа өңірлердегі диқандар үшін үлгі бола алады. Қызылорда облысында диқандар Сорбұлақ маңындағы шаруалардың ізімен сарқынды суды тазартып, егістікті суаруға қолдана бастаған. Былтыр мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин Қазақстанда сарқынды судың тек 29 пайызы екінші мәрте тазартудан өтетінін айтып, тиісті инфрақұрылымды дамытқан жағдайда сарқынды суды ауыл шаруашылығына қолдануды жолға қоюға болатынын мәлімдеген.
«Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанның су саласына шетелдік технологиялар мен инвестицияларды тартудың маңызын тағы да атап өтті. Бүгінде біздің министрлік шаруаларды заманауи су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру үшін субсидиялар түрінде барлық қажетті жағдайды жасайды. Бұл іс-шаралар өткен жылы 158 мың гектар егіс алқабына су үнемдейтін жүйелерді енгізуге мүмкіндік берді», − деп атап өтті Су ресурстары және ирригация министрлігінің Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Мәндібаев.
«Сорбұлақ көлінен суды тамшылатып пайдалану − ең тиімді әдіс. Десек те, тамшылатып суару әдісін қолдану үшін де көлдің суы тамшылатып суаруға арналған құбырларды бітеп тастамағаны жөн. Лай бөлігі аз, мөлдір су бөлігі көбірек болуы керек», - дейді Қайрат Оспанов.
Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылық өнімдерін өсіру үшін табиғи өзен-көлдердің суларын тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолдану арқылы негізгі проблеманы шешуге болады. Мұнан бөлек, алдағы уақытта ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі ұсынған мажарлық препарат кәдеге жараса, еліміздің қуаңшылықтан қаңырап жатқан мыңдаған гектар жері көгорай шалғынды алқаптарға айналуы бек мүмкін.

Меруерт ХУСАИНОВА
Democrat.kz. ақпараттық порталы
Алматы облысы.
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Женатым лучше не смотреть: танец роскошной Татьяны (видео)
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Пьяные что ли? Пугачева с мужем шокировали своим развратом
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Танец на выпускном взорвал сеть: смотреть без детей
Пікірлер