Ақтау әуежайында Астанадан ұшып келген Scat әуе компаниясының ұшағында жолаушылардың бірі қызметкерді ұрып жіберген, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Куәгер Кариманың lada.kz жергілікті басылымына айтуынша, жанжал 2025 жылғы 20 сәуірде түнгі сағат 00:05 шамасында, ұшақ қонғаннан кейін бірден басталған.
Оның сөзінше, ер адамдардың бірі ұшақтан шыққан соң, салонында ұялы телефонын ұмыт қалдырғанын есіне түсіріп, қайта кіруге тырысқан. Алайда оны бортсерік тоқтатып, жолаушылар әлі толық шықпағандықтан, сәл күтуін сұраған. Бірақ ер адам бұл өтінішке құлақ аспай, салонға күштеп өтуге тырысып, кейін бортсерікті бетінен ұрып жіберген.
«Бұл ер адам ұшу барысында ешқандай мазасыздық танытқан жоқ. Сондықтан біз оның мұндай әрекетінен мүлде күтпеген едік, бәріміз қатты ашуландық. Жақсы болғаны — бортсерік жігіт мықты екен, ал егер ол қыз болса не болар еді? Әлгі ер адам ірі денелі, жұдырығын кез-келгенге сермеп жүрді, сол жерде мүгедек әйел отырған, басқа да жолаушылар болды — біреу зардап шегуі мүмкін еді. Мұндай әрекетке қатаң жаза қолдану керек, — дейді Карима.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері келген. Куәгерлердің айтуынша, құқық бұзушыға көмектесу үшін оның туысы да келген. Ол да агрессивті мінез танытқан. Екеуі де кінәсін мойындамаған. Бірақ оқиғаның куәгерлері шабуыл фактісін растаған.