"Ең жас қызметкер 76 жаста". Министрлік ғалымдардың жұмыстан босатылуын түсіндірді

998
Adyrna.kz Telegram
Сурет: inbusiness.kz
Сурет: inbusiness.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігі В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институты Ай мен планеталар физикасы зертханасының қызметкерлері не себепті жұмыстан босатылғанын түсіндірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желіде 12 сәуірде бірнеше ғылыми қызметкердің жұмыстан шығарылғаны туралы ақпарат тараған еді. Зертхана жетекшісі Виктор Тейфель институт қызметкерлерінің еш себепсіз жұмыстан босатылғанын мәлімдеді.

Министрліктің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаевтың айтуынша, 3 наурызда институтта ғылыми қызметтің тиімділігін арттыру және кадрлық әлеуетті дамыту мақсатында кадр құрамын жаңарту және ғылыми құрылымдардағы сабақтастықты күшейтуге қатысты ұсынымдарды көздейтін бұйрық шығарылған. Құжатқа сәйкес, зейнет жасына жеткен зертхана басшыларына зертхананы басқаруға үміткер ғалымдар туралы ұсыныс беру тапсырылған. Сондай-ақ ғылыми семинарлар өткізу, ғылыми-ұйымдастырушылық іс-шараларға қатысу және еңбек тәртібін сақтау қажеттілігі атап өтілді.

Аталған бұйрық аясында Ай мен планеталар физикасы зертханасының қызметкерлерімен институтішілік кездесу ұйымдастырылған.

«Бұл зертхананы 1974 жылдан бері басқарған Виктор Германович Тейфель қазір 92 жаста. Ең жас ғылыми қызметкердің жасы — 76. Тейфель В.Г. денсаулығының нашарлауына байланысты көру қабілетінен айырылып, өздігінен жүріп-тұра алмайтын жағдайға жеткен. Өкінішке қарай, зертхана құрамында жастардың болмауы соңғы 20 жылда жалғасып келе жатқан түйткілге айналды. Бұл — зертханада ғылыми сабақтастық мүлдем жоғалғанын көрсетеді. Институттың өзге зертханаларында, мысалы жұлдыздық астрономия, спектроскопия және радиоастрономия бағыттарында жас мамандар мен магистранттар есебінен кадрлық құрам жүйелі түрде жаңартылып жатқанда, Тейфель зертханасында мұндай үдеріс мүлдем байқалмайды»,—деп түсіндірді Олжас Беркінбаев.

Сондай-ақ ол зертхананың 2023 жылдан бері мүлде жоба ұсынбағанын атап өтті.

«Зертхана басшыларына Қазақстанның «Ғылым туралы» заңына сәйкес ғылыми жобалар мен гранттар арқылы қаржыландыру тек ғылыми жетекшінің бастамасы мен басқаруымен жүзеге асырылатыны еске салынды. 2020 жылдан бері Ай мен планеталар физикасы зертханасынан небәрі 3 гранттық өтінім берілген, өкінішке қарай, барлығы сәтсіз болды. Ал 2023 жылдан бері мүлде жоба ұсынылмаған. Сол уақыт аралығында институттың өзге зертханалары 40-тан астам өтінім беріп, өз қызметтерін қажетті құрал-жабдықтармен және жалақымен қамтамасыз етіп отыр. 2018 жылдан бері Тейфель зертханасының қызметкерлері Scopus, Web of Science халықаралық дерекқорларына кіретін рейтингтік журналдарда ғылыми мақала жарияламаған. Зертхана институт ішілік семинар өткізбеген, ел ішіндегі немесе шетелдік конференцияларға қатыспаған. Соңғы 30 жыл ішінде бірде-бір аспирант не PhD докторантты дайындамаған», – деді министрліктің баспасөз хатшысы.

Айтуынша, зертхана қызметкерлері институттың ғылыми және қоғамдық өміріне араласпайды.

«2025 жылдың 4 наурызыда АФИФ директорының атына Наблюдаторлық астрофизика бөлімінің жетекшісі А.В. Серебрянскийден (аталған зертхана осы бөлімге қарайды) қызметтік жазба келіп түсті. Онда жоғарыда аталған мәселелер нақты көрсетілген. Кездесу барысында институт директоры Тейфельге зертхананы қысқартып, Наблюдаторлық астрофизика бөлімі құрамында жұмысын жалғастыруды, сондай-ақ жеке жұмыс орны ұсынылатынын айтты. Алайда В.Г. Тейфель және оның екі әріптесі – Харитонова Г.А. (88 жаста) және Филиппов В.А. (76 жаста) бұл ұсыныстан бас тартты», – деді Беркінбаев.

Осыған байланысты Қазақстанның Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағы 24-тармақшасына сәйкес, бұл қызметкерлерге еңбек шартының бұзылатыны туралы хабарламалар табысталған. Олар бұл хабарламалармен танысып қол қойған.

Пікірлер