Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Әндіжан облысының тұрғындарымен кездесуде бұл өңірде салынып жатқан жаңа қалаға мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Захириддин Мұхаммед Бабырдың есімін беруді ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғана агенттігіне сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, Әндіжан – дәл осы жерде Бабыр дүниеге келгендігімен әйгілі, сондықтан ұлы бабаның арманын орындау ретінде жаңа қаланың оның есімімен аталуы ерекше мәнге ие болады.
"Бабыр Мирзо – Әмір Темір дәуірінен кейінгі ренессанстың лайықты жалғастырушысы, ғылым, мәдениет, өнер мен әдебиеттің жанашыры, адамзат дарынының ұлы өкілі. Оның бірегей мұрасы халқымызды бүкіл әлемге танытты", – деді Шавкат Мирзияев.
Президенттің сөзінше, жаңа қалада ауқымды білім беру кластері – балабақшалар, мектептер, университет, музей, кітапхана мен IT-парк салынады. Университет аумағында халықаралық деңгейдегі спорт кешені де бой көтереді.
Бабыр қаласы ұлттық құндылықтарды бейнелейтін рухани орталық, жастар үшін шабыт көзі, туризм мен мәдениет орталығы, сондай-ақ озық технологиялармен жабдықталған «ақылды қала» болады. Сондай-ақ, осы аумақтағы парктың ең биік жеріне Бабырға арнап ескерткіш орнатылмақ.
Шавкат Мирзияв бұл жобаны жүзеге асыру үшін 250 миллион доллар бөлінгенін атап өтті.
Айта кетейік, Әндіжан – Өзбекстандағы ең тығыз қоныстанған қала. Ел халқының 10%-ы оның 1% аумағында тұрады. Осыған байланысты 2021 жылы президент Мирзияев жаңа қала салу бастамасын көтерген болатын. Қазіргі сапары барысында ол жоба аясында іске асырылған алғашқы жұмыстармен танысты.
Бабыр есімі берілген жаңа қала Әндіжан ауданындағы 4 мың гектар аумақта салынып жатыр. Қала құрылысы сегіз кезеңмен жүзеге асады.
Қала құрылысы аяқталған соң Бабыр қаласында 410 мыңнан астам адам тұрады деп жоспарлануда.