13 сәуір, жексенбі күні Тәжікстанның шығысында болған жер сілкінісінің салдарынан үш жасар бала қаза тауып, 30-ға жуық үй қирады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Тәжікстанның төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің дағдарыс жағдайларын басқару орталығы мәлімдеді.
"Рашт ауданында болған жерасты дүмпулері салдарынан үш жасар баланы үйдің қабырғасы басып қалып, көз жұмды", – делінген хабарламада.
Жексенбі күні Тәжікстанның шығысында үш рет жер сілкінді. Тәжікстан сейсмологтарының мәліметінше, бірінші сілкініс жергілікті уақытпен 09:24-те, екіншісі – 12:14-те, ал үшіншісі – 13:33-те тіркелген.
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) ақпаратына сәйкес, бірінші жер сілкінісінің магнитудасы – 5,9, екіншісі – 4,2, үшіншісі – 4,7 болған.
Барлық жерасты дүмпулері Душанбеден солтүстік-шығысқа қарай орналасқан Рашт ауданы аумағында тіркелген. Қашықтығы ел астанасынан шамамен 158–163 шақырым.
Жер сілкінісі салдарынан барлығы 29 тұрғын үй мен бір мектеп қираған. Қазіргі таңда залалды бағалау үшін төтенше жағдайлар комитетінің арнайы комиссиясы жұмыс істеуде.
Айта кетейік, бұл жер сілкінісі Қазақстанның оңтүстігіндегі Астана, Тараз, Кентау, Түркістан секілді 20-дан астам елдімекенде, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанда да сезілген.