Талғарда кісі қолынан көз жұмған Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оның үндеуін қарындасы Перизат Нұрымова оқып берді.
«Құрметті президент мырза, Конституция кепілі ретінде сізден әділ сот сұраймын. Бауыр етім бауырым мен ұлымды жоғалтып, болып жатқан әділетсіздікке қарсы күрестім. Өзімнің отбасымды, жақындарымды қорғауға тырыстым. Ешқашан дүрбелеңге және жаман нәрселерге үгіттеген емеспін. Желтоқсанда тек інімнің ісі әділ тергелуін талап етуге тырыстым. Бұған дейін орнын босатқандар — ескі жүйенің қалдығы. Сондықтан әділетті Қазақстанға сене отырып, күресуге бел будым. Сізден соттың әділетті өтуін сұраймын. Қазақтың ұлдары мен қыздары көшеде өлуі осымен тоқтасыншы»,— делінген үндеуде.
Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында 16 жастағы мектеп оқушысы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапқан болатын. Қайғылы оқиғаға дүкен маңындағы жанжал түрткі болған еді.