Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданына қарасты Қызылшаруа ауылында Наурыз мейрамын тойлау кезінде күтпеген оқиға орын алды. Театрландырылған қойылым барысында жылқы үркіп, сахна маңында отырған көрермендерге қарай шауып кеткен, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Аудан әкімдігі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
“22 наурыз 2025 жылы Т. Рысқұлов ауданы, Ақбұлақ ауылдық округінің Қызылшаруа ауылында өткен Наурыз мейрамында театрландырылған қойылым кезінде жылқы шошып, көрермендерге қарай шабуылдады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Оқиғадан кейін мереке өз жалғасын тапты.”
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кеңінен таралуда. Алғашқыда оқиға Маңғыстау облысында болды деген ақпарат тарағанымен, кейінірек оның Жамбыл облысында болғаны анықталды.
Бейнежазбада жылқының шабандоздың басқаруынан шығып, көрермендер отырған жаққа қарай шауып кеткені көрінеді. Кейбір адамдар құлап, балалардың жылаған дауысы естілген. Алайда, жылқы көпке ұзамай оқиға орнынан алыстап кеткен.
Ұлттық ойын кезінде жасөспірім жарақат алды.
Айта кетейік, Павлодарда да 2008 жылы туған бала ұлттық ойын – "Құнан бәйгеге" қатысып, жарақат алған. Шабандоздық жарыс кезінде ат үркіп, жарық бағанасына соғылған. Жасөспірім құлап, салдарынан ауыр бас-ми жарақатын алып, жансақтау бөліміне жеткізілді.