22 наурызда Ақтау қаласында тарихи сәт орын алды. Қазақтың ұлттық киімін киген 5500 адам бір мезетте жиналып, «Қазақ ұлттық киіммен ең көп адам жиналысы» номинациясы бойынша Гиннес рекордын орнатты.
Шараға арнайы барған журналист Алма Сайлауқызы Facebook парақшасында жазба жариялады.
Ол қатысушылардан сұхбат алып, әсерімен бөліскен.
Жиналғандардың айтуынша, іс-шараны өткізуде жаңбыр жауып, қиындықтар болған. Алайда жаңбыр халықтың көтеріңкі көңіл күйіне әсер етпеген.
Шараға қатысқан Ақтау тұрғыны өзінің әсерін жеткізді.
“Қазақтың ұлттық киімі енді Гиннес рекордтар кітабында бар! Патриоттық сезім өте жоғары, шынымды айтсам. Жаңбыр ешқандай жоспарымызды бұзған жоқ. Көңіл күйіміз де тамаша. Бәріміз бір қолшатырдың астында жылынып, ән айтып, би биледік. Мен 3997-ші болып тіркелгенмін”, - деді.
Жиналғандардың қатарында қазақ халқының мәдениетіне қызығушылық танытқан өзге ұлт өкілдері де болды. Солардың бірі – қазақы нақышта киінген Татьяна есімді тұрғын.
“Бүгінгі көңіл күй тамаша! Қаншама әдемі әйелдер мен ер адамдар жүр. Шынымен осы рекордтың болғанын қаладым. Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабында болуын қаладым. Менің білуімше, Маңғыстауда әрбір отбасында, әр әйел мен қыз баласында ұлттық киім бар. Маған солай айтты. Наурыз құтты болсын!” – деп әсерімен бөлісті.
Іс-шараға қатысқан апалы-сіңлі Ізімхан мен Нысанкүл бұл рекордтың болашақ ұрпақ үшін маңызы зор екенін айтты.
“Әсеріміз өте керемет. Барлығы күшті өтті. Рухымыз көтерілді. Өзіңнің шыққан жеріңді, тегіңді, қазақ екеніңді әлемге атың қалатындай іске неге араласпасқа?” - дейді олар.
Ұлттық мәдениетті әлемге танытудағы бұл бастама алдағы уақытта да жалғасады деп күтілуде.