Қоғам белсендісі Жан Ахмадиев кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың отбасы қайта қудалауға ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен құқық қорғаушы Айтбек Амангелді арасында дау туындаған болатын. Осы жанжалдан кейін марқұмның отбасы Амангелдінің көмегінен бас тарту туралы шешім қабылдап, сотта олардың мүддесін адвокаттар Мейірман Шекеев пен Жандос Палманов қорғайтыны белгілі болды.
Жан Ахмадиевтің айтуынша, Перизат Нұрымова (Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы) үйінде тінту жұмыстары қайта басталғанын жеткізген.
"Осы жағдайлар басталғалы бері 2,5 ай бойы келмеген полиция Қаржаубайдың пәтеріне қайта келіп, тінту жүргізді. Олар үйде қару-жарақ бар-жоғын, тұрғылықты мекенжайының дұрыстығын тексеріп жатыр. Бұл жайдан-жай болып жатқан жоқ деп ойлаймын. Осы істерді Айтымның өзі ұйымдастырып отырған жоқ па деген күдігім бар. 102-ні сол кісі жіберіп отырған сияқты", – дейді Перизат Нұрымова.
Қазіргі уақытта бұл іске қатысты ресми органдардан нақты мәлімет берілген жоқ. Сот отырысы жақында басталуы тиіс, сондықтан бұл жағдай қоғамның назарында қала бермек.