Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевқа қатысты сот процесі сегіз айға созылып, әлі күнге дейін үкім шықпаған. Антикоррупциялық қызмет бұл жағдайдың себебін түсіндірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Антикор төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаевтың айтуынша, іс сот қарауында, бірақ тергеу мүддесіне байланысты толық ақпарат беру мүмкін емес.
"Іс сотқа жіберілді, қазір қаралып жатыр. Алайда тергеу мүддесіне байланысты егжей-тегжейлі мәліметтерді жариялай алмаймыз. Әзірге нақты шешім жоқ, қандай да бір пікір білдіруге құқығымыз жоқ," – деді Құрақбаев.
Қазіргі таңда Көкірекбаев қамауда отыр.
2022 жылдың желтоқсан айының соңында "ҚР ТЖМ Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің директоры Кәрім Көкірекбаев пара алу күдігімен ұсталған болатын. Тергеу мәліметтері бойынша, ол BAZIS CONSTRUCTION - INFR компаниясының филиал директоры Андрей Поплавскийден 800 мың доллар көлемінде пара алды деп айыпталған.
Бастапқыда Жамбыл облысының алқабилер соты экс-әкімді ақтап шыққан. Алайда, екі аптадан кейін бұл үкім күшін жойып, Көкірекбаев қайтадан қамауға алынған.
Қазіргі таңда сот процесі жалғасуда, ал оның нәтижесі әлі белгісіз.