20 наурыз күні Хиуада Қазақстан мен Өзбекстан СІМ кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Күн тәртібінде екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қаралды, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік және логистикалық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жайы талқыланды. Тараптар стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға бейілділігін растады.
Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мемлекет басшыларының саяси ерік-жігері мен даналығының арқасында қазақ-өзбек қатынастары жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Сондай-ақ ол биік және жоғары деңгейдегі саяси диалогты одан әрі дамыту мен парламентаралық байланыстарды жандандырудың маңыздылығы екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов екі ел басшысының тікелей бастамасымен ынтымақтастықтың барлық деңгейде қарқынды кеңейіп жатқанын растады.
Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, өзара тауар айналымын арттыру және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, құрылыс салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша келісілген шараларды қабылдауға уағдаласты.
Қазіргі уақытта Қазақстан Өзбекстанның үш негізгі сауда серіктесінің қатарына кіреді, екі ел арасындағы жылдық тауар айналымы 4 млрд АҚШ долларынан асады. Мемлекет басшыларының тапсырмаларына сәйкес 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу және «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын іске қосу жоспарланып отыр.