Қазақстан Бас прокуратурасы кәсіпкер Рамис Ибрагимовтың арызы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұған дейін ол экс-сенатор Ерлан Нығматулинді – Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің сыңарын – рейдерлікке айыптаған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
Сәрсенбі күні Бас прокуратураның баспасөз қызметі бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
11 наурызда Қарағанды қаласының тұрғыны, Zara франшизасының бұрынғы иесі Наталья Овдейчук пен оның жұбайы Рамис Ибрагимов Ерлан Нығматулинді рейдерлікке қатысы бар деп айыптаған.
Нұрлан Нығматулин 2022 жылғы 1 ақпанда Мәжіліс төрағасы қызметінен кетті. Ол 2016 жылдан бастап төменгі палатаны басқарған, бұған дейін 2012-2014 жылдары да Мәжіліс спикері болған. Әр жылдары ол Президент Әкімшілігін басқарды және Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарды.
Ерлан Нығматулин – Нұрлан Нығматулиннің егіз сыңары – Мәжіліс пен Сенатта депутат болған.
Олардың үлкен ағасы – Арғын Нығматулин Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты.
Нығматулиндерге қатысты рейдерлік, қылмыстық құрылымдарға қатысы бар болуы, заңсыз схемаларға араласуы және қылмыстық істерді қолдан ұйымдастыруы туралы айыптаулар бірнеше рет айтылған. Алайда, олар әлі күнге дейін бостандықта.
2025 жылғы 7 қаңтарда Нығматулиндерге рейдерлікке қатысты жаңа айыптаулардан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевты биліктен кетіруге дайындалды деген күдік бар екені хабарланған болатын.