QazNews24 сатиралық парақшасының әкімшісі Темірлан Еңсебекке қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Orda.kz-ке сілтеп.
27 ақпан күні Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында QazNews24 сатиралық парақшасының әкімшісі Темірлан Еңсебекке қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Ол сотқа онлайн режимде қатысты.
Сот процесі басталар алдында күтпеген өзгерістер орын алды – судья ауысып, істі Серік Кенішев қарайтын болды. Бұған дейінгі сот отырысы «судьяның отбасылық жағдайына» байланысты кейінге шегерілген еді.
Отырыста прокурор Айнаш Жуасбаева істі Наурызбай аудандық сотына ауыстыруды сұрады. Себебі Еңсебек дәл осы ауданда ұсталған. Адвокат Жанар Балғабаева бұл мәселенің тергеу кезінде көтерілмегенін айтып, Темірланның сотқа оффлайн қатысуын сұрады. Судья бұл өтінішті қанағаттандырды.
Сондай-ақ, адвокат Балғабаева соттың ашық өтуін және халықаралық бақылаушылардың қатысуын талап етті. Ал Еңсебек:
«Айыптау актісінде мені адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп көрсетсе, онда адамзат осы сотты көретін болсын. Оның үстіне, сот қызықты өтеді», – деп мәлімдеді.
Адвокат сот отырысы кезінде Темірланды бостандыққа шығаруды және бұлтартпау шарасын үй қамаққа ауыстыруды сұрады. Алайда прокурор оның қылмысын «ауыр» деп бағалап, өтінішті қанағаттандырмауды сұрады. Нәтижесінде, барлық өтініштер қабылданбай, іс Наурызбай аудандық сотына ауыстырылды. Темірлан Еңсебек қамауда қала береді.
Еске салсақ, Темірлан Еңсебекке ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы («Ұлт аралық араздықты қоздыру») бойынша іс қозғалған. Оның Тина Канделаки туралы жазбасы мен «Йоу, орыстар» әнінің жариялануы тергеуге негіз болды.