QazNews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің үйін полиция тағы да тінтуде. Бұл туралы Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсенділері жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Шұғыл! Қазіргі уақытта ҚазNews24 сатиралық қоғамының авторы Темірлан Еңсебектің үйінде тінту жүргізілуде. Алдын ала мәлімет бойынша оған 174-бап (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, расалық, сословиялық немесе діни араздықты қоздыру) бойынша айып тағылуы мүмкін»,делінген қозғалыстың хабарламасында.
Айта кетейік, егер Oyan, Qazaqstan қозғалысының мәліметі рас болса, бұл сатирашының алғашқы тінтуі емес. 2021 жылдың 15 мамырында полиция Еңсебекке тергеу жасаған болатын. Ол кезде Қылмыстық кодекстің 274-бабының 2-бөлігі (Қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне немесе азаматтардың құқықтарына және заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын жалған ақпарат тарату) бойынша тергеу басталған. Бұл жағдайда Еңсебек өзінің парақшасы туралы сипаттамасында жарияланған ақпараттың фейк жаңалықтар мен юмор, сатиралық контент екенін және «адамдар мен оқиғалардың ұқсастығы кездейсоқ екенін» нақты жазған.
17 мамырда халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы «Әділ сөз» жағдайға түсініктеме бере отырып, ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының сатира мен юморға қатысы жоқ екенін атап өтіп, полиция қызметкерлерінің Қазақстан Конституциясын дұрыс білмейтінін білдірді.
18 мамырда беделді халықаралық құқық қорғаушы ұйым «Шекарасыз репортерлер» Қазақстан билігінен сөз бостандығын құрметтеуді сұрап, юмордың қылмыс емес екенін ерекше атап өтті.
2021 жылдың 20 мамырында халықаралық құқық қорғаушы ұйым Human Rights Watch Еңсебекке қарсы істі тоқтатуды талап етіп, Қазақстан билігінің әзілдерді түсінбейтінін мәлімдеді.
Айта кету керек, халықаралық үкіметтік емес ұйым Amnesty International кейінірек Еңсебектің ісін фейк жаңалықтар туралы Қазақстан заңын талдау кезінде мысал ретінде келтірген.