Мәжіліс SMM маманын іздеуге қатысты хабарландыру жариялап, онда орыс тілін жетік меңгерген үміткерлерге басымдық берілетінін көрсеткен. Бұл талап әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, қоғам арасында үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жұртшылық мемлекеттік мекеменің мемлекеттік тілге басымдық бермеуін сынға алды, өйткені Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша қазақ тілі – мемлекеттік тіл.
Жарияланған хабарландыруда болашақ қызметкердің Мәжілістің әлеуметтік желілерін жүргізуі тиіс екені айтылған. Алайда талаптар қатарында орыс тілінде сауатты жазу міндеттелгенімен, қазақ тілін білу тек қосымша артықшылық ретінде көрсетілген.
"Кімді күтеміз? Осы салада кемінде 1 жылдық тәжірибесі бар; графикалық қосымшалармен және SMM-нің заманауи құралдарымен, соның ішінде нейрожелілермен жұмыс істей алатын; орыс тілінде сауатты жаза білетін; қазақ тілін білуі қосымша артықшылық болып саналатын; аналитикалық құралдармен жұмыс істеп, Facebook пен Telegram-да жылжыту стратегиясын жасай алатын маман қажет" – деп жазылған еді.
Кейіннен бұл хабарландыру жұмыс іздеу платформасынан өшірілген. Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары мемлекеттік тілдің мәртебесі ескерусіз қалмауы тиіс екенін алға тартып, билік өкілдерінен бұл мәселеге нақты жауап беруді талап етуде.