"Ынтымақтастықты арттыру үшін" жылу электр станциясын салу. Мәжіліс қарауындағы құжат

782
Adyrna.kz Telegram

Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы келіп түсті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Келісім Қазақстан мен Ресей арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Ол аталған қалаларда жаңа жылу электр орталықтарын жобалау, құрылыс жұмыстарын жүргізу және оларды пайдалануға беру үшін қажетті жабдықтарды дайындау мен жеткізу шараларын қамтиды. Сонымен қатар, Ресей тарапы Қазақстанға мемлекеттік экспорттық кредит түріндегі жеңілдетілген қаржыландыруды ұсынбақ.

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті заң жобасын қарастырып, қорытынды әзірлеуге дайын екенін депутат Еділ Жаңбыршин жалпы отырыста мәлімдеді.

Еске салсақ, өткен жылдың қараша айында Қазақстан мен Ресейдің Энергетика министрліктері арасында осы жобаларға қатысты ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылған болатын.

Бұл жобалар Қазақстандағы жылу энергиясы тапшылығын шешіп, өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Пікірлер