Ресей сыртқы саясат мекемесін ұзақ жылдардан бері басқаратын саясаткердің елдердің тәуелсіздігіне қатысты Қазақстан басшысының пікірімен келіспеуін айтуы ел қоғамында реакция тудырды. Алайда депутаттар ондайда ел позициясын білдіруге қауқарсыз болып шықты. Пікір айтқан бірер депутат Лавровтың айтқанын жеке пікірі ретінде тануға бейіл.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Коммерсант» басылымына берген сұхбатында жер тұтастығы мәселесі жөнінде Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіспейтінін мәлімдеген болатын. Елдің ішкі-сыртқы саясатындағы маңызды мәселелерге реакция білдіре ме деген Мәжіліс депутаттары тиісті сұраққа жауап беруден жалтарып бақты.
ЛАВРОВТЫҢ СӨЗІ МЕМЛЕКЕТТІҢ САЯСАТЫ ЕМЕС ПЕ?
Журналистің «Сізге ұлттардың өзін-өзі анықтау құқығы мен мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау бір-біріне қайшы келмей ме?» – деген сұрағына министр тосын жауап берді.
«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі есімде. Мен онымен келіспеймін. Кейін біз өз ұстанымымызды қазақ достарымызға түсіндірдік. Оның пікірінше, тек аумақтық тұтастықтың ғана құқығы бар екен. Бірақ мен тағы да қайталаймын: егер сіздер БҰҰ қатарында болсаңыздар, онда ұйымның Жарғысын толық құрметтеу қажет. Мен деколонизацияның мысалын келтірген едім. Ол жерде мемлекетаралық қарым-қатынастардың принциптері туралы Декларацияда нақты жазылған. Жалпы алғанда, дәл солай болды, яғни аумақтық тұтастық тек өз территориясында тұратын бүкіл халықтың мүддесін көрсете алатын үкіметі бар мемлекеттерге ғана қатысты құрметтеледі», - деген РФ сыртқы істер министрі.
Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Петербург халықаралық экономикалық форумында Путиннің алдында батыл мәлімдеме жасаған болатын. Аталған мәлімдеме елімізде және әлемде қызу талқыланған.
Лавровтың мәлімдемесіне байланысты Мәжіліс депутаттары жауап бергісі келмейтінін аңғартты. Мысалы Бақытжан Базарбек «Халықаралық саясатқа араласқым келмейді» десе де президенттің пікірін қолдайтынын жеткізді.
«Ресей сыртқы істер министрі президенттің 3 жыл бұрын айтқан пікірмен келіспеймін деп отыр. Сол кезде президенттің пікірін қоғам жақсы қолдады. Біздің стратегиялық серіктесіміз президенттің пікіріне неге қарсы болып отыр?» - деген сұраққа депутаттың жауабы мынандай болды:
– Ол шет мемлекеттің шенеунігінің бір пікірі ғой. Оған мән бермеуіміз керек. Лавровтың сөзі мемлекеттің саясаты емес. Мысалы, біз олардың министрі мен мемлекеттік дума депутаты немесе федерация кеңесінің мүшелерінің әр түрлі жеке пікірлерін естіп отырамыз. Бізге жеке адамдардың пікірі маңызды емес.
– Бірақ Лавров жеке адам емес, бір елдің сыртқы істер министрі ғой...
– Түсініп тұрмын ғой. Ол мемлекеттік саясат емес қой. Ол мемлекеттік саясатты қалыптастырмайды. Ол оның министр ретіндегі емес, жеке азамат ретіндегі пікірі. Сондықтан біз оған мән бермеуіміз керекпіз. Мен өз басым президентіміздің позициясын толықтай қолдаймын. Оның позициясы жөнінен айтқан сөзі – біздің сыртқы саясаттан шығатын дүние. Сондықтан да біздің сыртқы саясатымыз нық, сыртқы саясаттың стратегиясы мен оның линиясы анық. Жеке өз басым сыртқы саясаттағы іс-әрекетті қолдаймын. Себебі біздің сыртқы саясатымыздың квазимемлекеттердің тәуелсіздікті алған мемлекеттерді тәуелсіз мемлекет ретінде танымауы өте орынды. Халықаралық конвенциялар бар, онда қандай жағдайларда тәуелсіз мемлекет ретінде танылатыны жазылған. Егер ол талаптарға сәйкес болмаса, біз БҰҰ шеңберінен қалай шыға аламыз? Шыға алмаймыз. Жеке өз басым мұндай мәлімдемелерге мән бермеуіміз керек. Лавров айтсын, одан жоғары тұрған лауазымды тұлға айтсын оған мән бермеу керек.
«БІЛМЕЙМІН...»
Депутат Максим Рожиннің пікірі де осы тақылеттес екені байқалады.
– Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Президент Тоқаевтың пікірімен келіспейтінін айтып отыр. Осыған сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Көзқарас біреу, кім не демейді, біз өз мақсатымызбен ары қарай жұмысымызды істеуіміз керек. Президенттің сол кезде айтқан ойын, логикасын да мен толық қолдаймын. Өйткені БҰҰ-ның барлығымызға ортақ ережелері бар, біз соларды қолдауымыз керек. Ал енді оны Лавров айтты ма, жоқ әлде басқа елдің саясаткері немесе қарапайым азаматы айтты ма, ол енді өзінің пікірі. Келісемін десе, келіседі, келіспеймін десе, келіспейді. Біз өзіміздің бағытымызбен, өз ұстанымымызбен ары қарай жұмыс жасауымыз керек деп ойлаймын.
– Ресей тарапынан біздің елге қандай да бір қысым бола ма?
– Менің ойымша шетелдің саясаткері пікір білдірді екен деп өзгере қоюымыз дұрыс емес. Егер пікірге бола өзгере берсек, онда біз алға қойған мақсат пен болашақтан күткен нәтижемізге қалай жете аламыз?
– Сергей Лавровтың пікірі қауіпті мәлімдеме ме?
– Білмеймін. Бәлкім біз көрмей тұрған өзінің мақсаттары бар шығар. Бірақ меніңше біздің президенттің сол кезде Ұлытауда өткен құрылтайдан кейін барып осы пікірді айтуы біріншіден, елімізде үлкен қолдауға ие болды, екіншіден, әлемнің алпауыт елдерінің лидерлерінің пікірімен сәйкес келеді. Сондықтан бұл жерден ешқендай қауіп көріп тұрған жоқпын.
– Біз Ресеймен Еуразия экономикалық одақ арқылы одақтас мемлекетпіз ғой. Бірақ ресейлік саясаткерлердің қазақтың ұлттық мүддесіне қайшы пікірді жиі айтуының себебі неде?
– Өйткені олар өздерінің мүдделері сай жұмыс істеп жатқан шығар? Бәлкім олар өздерінің ұлтының ығына жығылу үшін сондай ой айтатын шығар? Черчилдің «Ангияның досы жоқ, тек қана мүддесі бар» дегені секілді олардың да осы бағытта жасап жүрген әрекеттері шығар деп ойлаймын. Бірақ ондай пікір қанша жерден айтылса да өз ниетімізбен, өз мақсатымызбен жүруді тоқтатпауымыз керек секілді.
«АЛАҢДАУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»
Депутаттардан соң тұщымды жауап ала алмаған соң бұрынғы дипломат, саясаттанушы Қазыбек Бейсебаевқа хабарластық.
– Сергей Лавровтың пікіріне қалай қарайсыз? Депутаттар аса мән берудің қажеті жоқ деп айтып жатыр. Сыртқы істер министрінің сөзіне мән беру керек пе, жоқ па?
– БҰҰ-ның бір-біріне қарама-қайшы қағидаты бар. Біреуінде «Әр халық өзін билеуге құқығы бар» деп жазылса, екіншісінде «Территорияның тұтастығы сақталуы керек» деп көрсетілген. Міне, дау осы екі қағиданың арасынан туындап отыр. Әр мемлекет өзінің мүддесіне байланысты осы қағиданың бірін ұстанады. Мысалы Әзербайжан мен Қытай территорияның тұтастығын қолдайды. Себебі аталған мемлекеттер Қарабақ пен Тайван мәселесінде өз мүдделерін бірінші орынға қойып отыр.
Ал Ресей секілді кейбір мемлекеттер «Әр халық өзін билеуге құқығы бар» деген ұстанымда. Бұған әрине таңғалатын ештеңе жоқ. Себебі Ресейдің қазіргі таңдағы ұстанымы осындай. Бірақ аталған мемлекет Сербияның тәуелсіздігін мойындауда басқаша ұстанымда болады.
– Лавровтың пікіріне алаңдауымыз керек пе?
– Жоқ, алаңдаудың қажеті жоқ. Біздің кейбір депутаттар мен әлеуметтік желі белсенділері біреу бірдеңе айтса айғай-шу көтереді. Олар айта береді. Бізде осындай жағдайда жауап беретін президент және сыртқы істер министрі мен оның ресми өкілі бар. Ал енді «анау айтты, мынау айтты» дегенге мән берсек оған уақытымыз да жүйкеміз де жетпейді.