Абай облысында қазақ жылқысының жаңа тұқымы шығарылмақ. Бұл туралы журналист Оңғар Қабден айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Ақсуаттықтар бір тамаша істі қолға алыпты. Жергілікті азаматтар Қарабайыр тұқымын әкеліп, селекциялық-асылдандыру мен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Айналысып жатқандарына 2 жылдың жүзі болды. Терісі қалың , тұяғы жұмыр, қаз табан, еті мен сүті мол, апталаған ыстыққа төзімді, дене бітімі кесек, есік пен төрдей деп сипатталатын бұл тұқымның арғы тегі қазақтікі. Жергілікті жылқылар аласалау, кеуделі, омыраулы, аяқтары қысқа, дене бітімі жағынан тұрпайылау болып келеді. Осы екі тұқымды қазір будандастырып жатыр»,— деді ол.
Журналист бұл істі «Ақзам» шаруа қожалығының басшысы, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Бәделхан Қамалханұлы қолға алып, асылдандыру жұмысымен айналысып жатқанын атап өтті. Ал ғылыми жағынан ауылшаруашылығы ғылымдарының кандитаты, ҚазҰАЗУ-дің профессоры, доцент Қайрат Исхан жетекшілік етуде.
Сондай-ақ ол әзірге 6 тұқымдық айғырға үйір бөліп берілгенін жеткізді.
«Қарабайыр мен жабыны будандастырып, одан тау мен далаға бірдей жүретін, міністі, төзімді қазанат жасау да оңай емес. Бұл бүгін жасап, ертең мініп жүре беретін машина емес қой. Ғылым ұзақ уақытты талап етеді. Алдағы 5-10 жылда будандасқан, қарабайыр мен жабының тұқымдары Ақсуаттың сайын даласында шаңдатып жүрер. Қазір Бәделхан Қамалханұлы мен Қайрат Жәлелұлы екі жыл бойы жүргізіліп жатқан жұмысты бақылап, будандасқан құлындарды бақылап отыр»,—деп түсіндірді Оңғар Қабден.