Американың Лос-Анджелес аймағында болып жатқан өрт адамдардың бірінші кезекте неге дайын болуы керектігін көрсетті. Бұл оқиға алдағы ықтимал апаттарға сабақ болса керек.
2025 жылдың 7 қаңтарында Лос-Анджелес округінде бірнеше табиғи өрт басталды. Салдарынан он мыңдаған адам эвакуацияланып, бірнеше адам қаза тапты, ал экология мен мүлікке келтірілген зиян миллиардтаған долларға бағаланды.
НЕ БОЛДЫ?
7 қаңтардан бастап, Лос-Анджелес округінде өрт басталды. Бейсенбі күні жағдай бойынша мыңдаған үйлер мен басқа ғимараттар жанып, 135 мыңнан астам адам эвакуацияланды, кемінде 5 адам қаза тапқаны туралы ақпарат тараған. Электр энергиясы мен сумен жабдықтау көптеген аудандарда өшірілді. 7 қаңтарда басталған өрттен бері 28 адам қаза тауып, 16 мыңға жуық ғимарат зақымданған.
ТҰРҒЫННЫҢ ЖАЗБАСЫ
Лос-Анджелесте тұратын қазақ, өз мамандығы журналист Сәкен Қайырбергенұлы 13 қаңтар күні Facebook желісінде өрт туралы ақпарат жариялады.
«Апаттың сұмдық салдары енді жариялана бастады. Өрт кезінде шұғыл кетуге мәжбүр болған тұрғындар үй-жайларына енді оралып, өкінішке орай, басым бөлігі, орнын сипап қалды. Психологиялық жағдай мүшкіл.
Медиа танымал Голливуд тұлғаларының тағдырын талқылап әлек. Мелл Гибсон, Энтони Хопкинс, тағы басқа киногерлер, басқа да шоу-биз өкілдері миллиондаған долларға бағаланған зәулім сарайларынан айырылыпты. Атақтылар негізінен, Palisades ауданында қоныстанған. Ең ауқымды өрт сол жақта болды. Дегенмен, жалын ешкімді де аямады. Бәрін теңестірді.
Eaton өрті жалмаған Altadena қаласы, өзім күнара ерсілі-қарсылы өтетін болғасын, таныс аудан. Бұл тау етегіндегі байырғы тұрғындар ауданы. Көшесі де, ауасы да таза, нағыз еңбекқор жандар тұратын, көбіне балалы отбасылар шоғырланған жер. Төңіректе жер үйлер, төмен қабатты ғимараттар басым. Алтадина - Пасадинаның жалғасы. Лос Анджелестен сәл қашық бұл қалалардың өз әкімшілігі, дербес полиция және өрт сөндіру қызметтері бар.
Әуеден түсірілген өрттен кейінгі кадрлар тұтастай көршілес көше блоктарының дымы қалмай,жанып кеткенін көрсетті. Тып-типыл. Сорайған бағаналар да сирек. “Қалайша үйдің түгі қалмаған?” деп таңырқайтын боларсыз… Шындығында, үйлердің барлығы дерлік, ағаштан тұрғызылған. Ия, кей үйлердің тұғырына, не көп қабатты үйлердің конструкциясына бетон пайдаланады. Ал қабырға (ішкі-сыртқы ), басқа да бөліктеріне қолданылатын негізгі материал - ағаш. Үйлердің басым бөлігі ескі. От тигенде, шырпыдай лаулап, тоқтаусыз жануының бір себебі содан. Ағаш, әрине тым арзан да материал емес. Дегенмен, үй бағасына әсер ететін, негізінен - жер құны.
Ағаш, экологиялық жайлы материал. Әрі (!), Калифорнияның тағы бір қатері - жер сілкінісі салдарын мейлінше азайтуға, тиімді деседі…» - деп жазды ол.
Одан бөлек, Лос-Анджелестегі қазақтың жазбасында:
«Енді өрттің неден шыққаны туралы танымал нұсқаларға тоқталайық. Қыс уақытында Оңтүстік Калифорнияны мазалайтын Санта Ана өкпек желі соғатыны туралы метеорологтар ескертпесі апаттан үш күн бұрын таралды. Бірақ, өрт қаупі туралы, болжам айтылмады.
Қысқа сипаттама: жел, сейсенбі, 7 қаңтарда таңертең көтерілді. Күші біртіндеп еселенді. Түске қарай Pacific Palisades ауданында өрт шыққаны туралы хабар тарай бастады.
Түстен кейін жел дауылға айналды. Бір сәтте қарқыны тым қатты болғаны сондай, ағаштар құлап, шатыр жабындыларын аспанға көтерді. Төңірек астан-кестен болды. Бұл түскі 4.30 шамасы болатын.
Тысқа шыққанымда, шарбақтың бір бөлігі жұлынып түскенін көрдім. Көршілердің көмегімен, қоршауды кері сүйреп жүрген сәтте, қалқайып көрініп тұрған тау жотасы бойымен (Сан Габриел тауының бір сілемі), өрт лаулап жатқанын аңғардық…
Қатты дауылдан электр желісі үзіліп, одан кейінгі 27 сағаттай уақыт, қуат болмады.
Мобилді интернет, қуат болмаса (телефон батареясы отырса), тез сөнеді. Ең тиімді гаджет - байырғы портативті радиоқабылдағыш екен. Бар ақпаратты қоғамдық радиодан тыңдадым.
Тау түнімен жанды. Жел бағытымен от ығысып, Pasadena, сосын,Sierra Madre секілді тау етегіндегі басқа қалалар бағытында тарап жатты. Бүгінде таудың теріскейіне ойысып, қазір сөндірушілер бағындыруға бар күшін жұмсауда.
Сонымен, алапат өртке себепші - Санта Ана желі деген версия бар. Оттың тұтануына тікелей не түрткі болғаны белгісіз. Тергеушілер, электр желісі тұйықталған деген жорамалды тексеруде. Қуат тасымалдаушы компанияға (Southern California Edison Company) қатысты сотқа арыз да түскен», - деп жазды Сәкен Қайырбергенұлы.
Сондай-ақ, ол найзағай, жаңа жылдық отшашу, климаттық ахуал деп бірнеше нұсқаны да ұсынған.
«Жұт - жеті ағайынды. Бұл өрттің шығынын есептеудің өзі айларға созылатын сияқты. Шығынды кім өтейді? Ешкімнің жауап беруге жүрегі дауаламай күйіп тұрған сұрақ осы қазір. Бірқатар сақтандыру компаниялары өрт басталған сәтте, ауқымын аңғарып, өз шарттарын шұғыл өзгертуге әрекеттенсе керек. Калифорния прокуратурасы сақтандырушыларға шартты өзгертуге, бағаны көтеруге тыйым салатын мораторий қабылдады.
Тағы бір тыйым - бағаны он пайыздан жоғары көтеруге жол бермеу туралы шешім. Бұл кез-келген өнімге, азық-түлікке, қызмет түрлеріне қатысты. Төтенше жағдай кезінде асыра пайда тапқысы келетін бизнес жауапқа тартылатыны ескерілді…» - делінген Лос-Анджелестегі қазақ журналисінің жазбасында.
АЛДАҒЫ ҚАУІП - ЖАҢБЫР
Лос-Анджелесте алдағы уақытта жаңбыр жауып, сел жүруі мүмкін. Қалалық кеңесінің мүшесі Трейси Паркс өрттен қалған заттардың жаңбыр суымен бірге ластануға себеп болуы мүмкін екенін ескерткен.
«Өрт ғимараттарды, көліктерді, электрониканы, пластик пен жиһазды жойды. Бұл жаңбыр кезінде жағалауға ағып кететін токсикалық қоспаларға әкелуі мүмкін», - деп хабарлаған.
Сонымен қатар, билік сел мен көшкіннің алдын алу үшін Pacific Coast Highway бойында бетон тосқауылдар орнатып, жағалаудағы аумақтарды нығайтумен айналысуда. Жаңбыр суын тазарту және оның ағысын бәсеңдету үшін арнайы жамылғылар мен сабан тосқауылдар қолданылуда.
ФАКТІ МЕ, ФЕЙК ПЕ?
БАҚ бетінде Голливуд белгісінің өртенгені туралы ақпарат тарап, әлемді дүр сілкіндірген болатын. Алайда X әлеуметтік желісінің қолданушылары Лос-Анджелестегі әйгілі Голливуд белгісінің өртенгені туралы тараған суреттердің шындыққа жанаспайтынын және бұл суреттер жасанды интеллект арқылы жасалғанын айтуда.
«Голливуд белгісі өртенген жоқ... Көптеген жаңалық парақшалары мен басқа да аккаунттар керісінше ақпарат беріп, ИИ-мен жасалған суреттерді таратуда», — делінген жазбалардың бірінде.
Instagram, TikTok қосымша қолданушылары Голливуд белігісінің жанында не айналасында сурет пен видеожариялап, Голливуд белгісінің өртенгеніне ешқандай дәлел жоқ екенін көрсетіп жатыр.
Одан бөлек, бірнеше сайттарда қызыл жалынның жасанды интеллект арқылы жасалған суреттері жарияланған. Көптеген адамдар шынайы сурет пен жасанды интеллект жасаған материалды ажырата алмауда. Осыған сай фейк ақпараттар да желіде қаптап жүр.
ТАРИХТАҒЫ ЖОЙҚЫН ӨРТ
Лос-Анджелестегі өрт әлі сөндірілмеген. Шетелдік БАҚ-та қызыл жалын қайта өршіп жатқаны туралы ақпарат тарауда. Аймақта ондаған мың тұрғын үшін эвакуация туралы міндетті бұйрықтар енгізілген. Округтің өрт сөндіру қызметінің басшысы өртке қарсы күрес ресурстары бір-екі ірі өртке арналғанын, бірақ бір мезгілде төрт өрттің басталуына дайын болмағанын мойындады. Жағдайды күшейтіп тұрған күшті желдер авиацияның жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр етсе, Палисейдс ауданындағы өрт гидранттары істен шыққан.
«Лос-Анджелестен шамамен 72 шақырым солтүстікте орналасқан Хьюздегі өрт 10 000 акрдан (4000 гектар) астам аумақты қамтып, аймақтағы ондаған мың адамды эвакуациялауға мәжбүр етті. Бұл аймақ тарихындағы ең жойқын өрттермен күресіп жатқан еді. Солтүстік жағында тағы екі ірі өрт болып, кемінде 28 адамның өмірін қиып, Лос-Анджелес округінің бірнеше ауданын жойып жіберген», – деп жазады BBC.
31 000-нан астам адам эвакуацияланды. Себебі өрт Кастаик көлінің төңірегіндегі таулы жерлерде үлкен жалын мен қою түтін тудырды. Бұл аймақ бірнеше тұрғын үй аудандары мен мектептермен шектеседі. Лос-Анджелес округінің шерифі Роберт Лунаның айтуынша, жергілікті түрмеден шамамен 500 тұтқын эвакуациялануда.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Хьюз өртінің маңындағы тұрғындар өз үйлері мен бақтарын су шашып қорғауға тырысса, басқалары асығыс эвакуациялануда.
Orora Technologies компаниясының жылу барлау деректері мен болжамдарына сәйкес, өрт шыққан жерінен оңтүстікке және батысқа қарай таралуы мүмкін.
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы