Баспана мәселесін шешу үшін..

297

Баспана мәселесін шешу үшін алғашқы жарнаны 5%-ке түсіріп, жылдық 5%-пен, 25 жылға, бірінші және екінші рыноктан да ала беретін жағдай жасаса жетіп жатыр. Табысы ең төменгі жалақы 42500 теңгеден асса болды деген шартпен берілсе логикаға сияды. Себебі, халықтың табысын 30 жылда осы деңгейден асыра алмаған экономика құрған биліктің өз кінәсі.

15 млн екі бөлмелі үйдің алғашқы жарнасы 750 мың теңге. 10 млн теңгелік бір бөлмелі пәтердің алғашқы салымы 500 мың теңге болады. Бұл Қазақстандықтар көтере алатын сумма.

Төлей алмаса пәтерді алып қоятынын білетін халық уақытылы төлейтініне күмәнім жоқ. Төлемесе қаладағы пәтер бағасы өспесе түспейді. Банк ұтылмайды. Тегін беріп жатқан жоқ неге сонша мәселе тудыратыны маған түсініксіз!

Жеке меншік банктерге миллирадтап қаржы салған ұлттық қордың қаржысы баспанаға бөлінбегенде қайда бөлінеді? Зейнетақы қорындағы ақшаны Әзірбайжанға салып жоқ қылып, ЭКСПО-ға салып та шашып жатыр. 30 жылда неше түрлі бағдарламаларға қаржы шашып нәтижесіз кеткеніне ел куә. Сонда да завод ашып, экономиканы көтеріп тастағанымыз шамалы. Бұл жүйеден экономикалық секіріс жасайтын реформаторды мен күтпеймін өз басым. Бірақ, "дай-дай" деген қоғамға қаржыны баспана үшін халықтың бүгінгі күнкөріс деңгейіне шақтап бір рет  берсе болады деп ойлаймын.

30 жылда экономиканы керемет қылмадыңыздар. Енді ең болмағанда мұнай мен газды сатып әлеуметтік салада бірдеңе істеп кетіңіздер. Түбі кетесіздер. Ол уақыт та жыл өткен сайын жақындап келеді. Келешекте алдыңғы буын туралы ел аузынан тастамай айтып жүрер халықтың есінде қалар бірдеңе қалсын!

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер