АҚШ-та бір аптаға созылатын Джимми Картермен мемлекеттік қоштасу рәсімі басталды

404
Adyrna.kz Telegram
Фото: the-sun.com
Фото: the-sun.com

Америка Құрама Штаттарында елдің 39-шы президенті Джимми Картермен мемлекеттік қоштасу рәсіміне арналған аза тұту шаралары басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Картер өткен айда 100 жасында өзінің туған жері Джорджия штатындағы Плейнс қаласында дүниеден озды.

Сенбі күні Картердің денесі отбасылық қысқа рәсімнен кейін Джорджия штатының астанасы Атлантаға жеткізілді. Онда Джорджия тұрғындары үшін экс-президентпен қоштасу рәсімі өтті.

Джимми Картермен қоштасқысы келетін барлық адамдар 7 қаңтар, сейсенбі таңына дейін бұл мүмкіндікті пайдалана алады. Сол күні қаралы шеру Картердің денесі ұшақпен жеткізілетін АҚШ астанасы Вашингтонға бағыт алады. Табыт Капитолий ғимаратында қойылады.

Вашингтонда америкалықтар 39-шы президентпен қоштасуды 8 қаңтар, сәрсенбі таңынан бастап 9 қаңтар, бейсенбі таңына дейін жалғастыра алады.

Президент Джо Байден 9 қаңтарды демалыс күні деп жариялады.

Барлық рәсімдер аяқталған соң, Картердің денесі туған жеріне қайтарылып, былтыр 96 жасында қайтыс болған жұбайы Розалин Картердің жанына жерленеді.

Мемлекеттік жерлеу рәсімі – бұл ұлттық деңгейдегі шара, ерекше азаматтарға, елдің қоғамдық өміріне айрықша үлес қосқан тұлғаларға арналған құрмет.

АҚШ-та бұл рәсімдерге президенттер көбінесе, егер олардың отбасы келісім берсе, лайық деп танылады. Жерлеу рәсімі бір аптадан 10 күнге дейін жалғасады. Өйткені марқұммен алдымен туған жерінде, содан кейін ел астанасында қоштасады.

Соңғы мемлекеттік жерлеу 2018 жылы қайтыс болған Джордж Бушқа арналған.

Картердің жаназасы 9 қаңтарда Вашингтон Ұлттық соборында өтеді. Бұл рәсімге бірнеше экс-президенттер қатысады деп күтілуде.

Президент Джо Байден Картердің жерлеуінде сөз сөйлеуге уәде берген.

Бұрынғы президенттер мен олардың жұбайлары әдетте өз алдындағы президенттердің жерлеуіне қатысады. Сондықтан бірінші ханым Джилл Байден және  экс-президент Барак Обама, Хиллари және Билл Клинтондар қатысады деп күтілуде.

Сайланған президент Дональд Трамп та рәсімге қатысатынын растады. Былтыр ол Розалин Картердің жерлеуіне қатыспаса да, оның жұбайы Мелания және басқа экс-бірінші ханымдар сол рәсімде болған еді.

Трамп Вашингтонда өткен республикашыл Джордж Буштың жерлеу рәсімінде де болды. Ол жерде бес президент, оның ішінде Джимми Картер де болған.

Пікірлер