Бішкекте 2019 жылдың тамыз айында Кой-Таш оқиғасына қатысты Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен тағы бірнеше адамның үстінен сот процесі өтіп жатыр. Бірнеше сағат бойы айыптаумен танысқан прокурор экс-президентті 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы 24.kg сайтына сілтеп.
Сондай-ақ айыптаушы тарап Атамбаевтың бұрынғы күзетшісі Қанат Сағымбаевты 11,5 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынды. Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Фарид Ниязов, парламенттің бұрынғы депутаты Равшан Жээнбеков және Атамбаевтың партияласы Фархат Баабиев әрқайсысын 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Қой-Таш оқиғасына қатысты іс екі э іспен – заңсыз жер телімдері мен Бішкек ЖЭО-на көмір жеткізуге қатысты істермен біріктірілген.
Алмазбек Атамбаев 2011 жылдан 2017 жылға дейін Қырғызстан президенті қызметін атқарды. Ферғана агенттігінің мәліметінше, билікті Сооронбай Жээнбековке тапсырғаннан кейін олардың қарым-қатынасы бұзылып, Атамбаев оппозицияға өтті. 2019 жылы оның қол сұғылмаушылық мәртебесі алынып, оған бірнеше қылмыстық айып тағылды, соның ішінде қылмыстық авторитет Азиз Батукаевты заңсыз босату ісі бар.
2019 жылдың 7 тамызында ҰҚК арнайы жасағы Атамбаевты тергеуге алып келу үшін оның резиденциясын шабуылмен алуға әрекет жасады. Алайда оның жақтастары қарсылық көрсетіп, бір арнайы жасақ жауынгері қаза тауып, алтауы тұтқынға алынды.
Келесі күні күштік құрылымдар екінші операция жүргізіп, Атамбаевты ұстады. Қақтығыс кезінде экс-президенттің жақтастары өрт шығарып, күш құрылымдарының қызметкерлеріне тас лақтырған. 7-8 тамыз күндері болған оқиғалар кезінде 225 адам зардап шекті, оның ішінде 91 ІІМ қызметкері мен 40 ҰҚК қызметкері бар.
2020 жылдың маусымында Атамбаев Батукаевты заңсыз босатты деп танылып, 11 жыл 2 айға бас бостандығынан шектетілді. Мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік наградаларынан айырылды. 2023 жылдың 13 ақпанында Қырғызстанның Жоғарғы соты жаңа ашылған мән-жайларға байланысты үкімді жойды. Келесі күні Атамбаевқа шетелге шығуға рұқсат берілді.
2023 жылдың 14 ақпанында кешке ол түрмеден босатылып, келесі күні шетелге емделуге ұшып кетті.