Түркияның онға жуық қаласында Газадағы шабуылға қарсы жаппай наразылық акциялары өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Демонстранттар Израиль мен оның одақтастарын айыптап, бұл елдің тауарларына бойкот жариялауға шақырды.
Ыстамбұлдағы шеруді IHH гуманитарлық көмек қоры ұйымдастырды. Наразы жұрт Баязит алаңынан Айя-София мешітіне дейін жаяу жүріп өтті. Мыңдаған адам Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарын қатаң айыптады.
Анкарада ANFIDAP платформасының мүшелері АҚШ елшілігінің алдында акция өткізді. Демонстранттар Израильді «барлық қызыл сызықты бұзды» деп кінәлады.
Ал Ордада шеруді Палестинаны қолдау платформасы ұйымдастырды. Оның мүшесі Шенол Варол Газада болып жатқан оқиғаларды «адамзатқа қарсы қылмыс» деп атап, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды.
Айта кетейік, 13 сәуірде Израиль әскері Газа секторындағы ірі ауруханаларды зымыранмен атқылаған болатын. Әуе соққысынан жедел жәрдем бөлімі мен бас ғимаратқа зақым келген.