АҚШ президенті Дональд Трамп Халықаралық қылмыстық сотқа (ХҚС) санкциялар енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Reuters жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Трамп аталған ұйымды АҚШ пен оның негізгі одақтастарын, әсіресе Израильді заңсыз қудалаумен айыптады.
Жарлық бойынша, АҚШ азаматтары мен олардың одақтастарына қатысты тергеулер жүргізуге қатысқан адамдар мен олардың отбасы мүшелеріне қаржылық және визалық санкциялар салынады.
Бұл шешім АҚШ Сенатындағы демократтардың өткен аптада ХҚС-қа санкция салу туралы республикашылдардың ұсынысын бұғаттауынан кейін қабылданды. Республикашылар бұл санкцияларды Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантқа ордер шығаруға жауап ретінде енгізбек болған. Нетаньяху қазір ресми сапармен Вашингтонда жүр.
Трамптың жарлығында «ХҚС өз өкілеттігін асыра пайдаланып, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галантқа негізсіз ордер берді» деп жазылған.
Сондай-ақ, АҚШ пен Израиль «соғыс заңдарын қатаң сақтайтын демократиялық елдер» екені айтылған.
Reuters агенттігінің жазуынша, ХҚС АҚШ-тың мүмкін санкцияларына дайындалып, қызметкерлеріне үш айлық жалақыны алдын ала төлеген.
Ал ұйым АҚШ санкцияларын «құқық үстемдігіне араласудың жол берілмейтін әрекеті» деп бағалады.