Украинаның Сумы қаласына жасалған шабуыл салдарынан 34 адам қаза тапты. Бұл туралы елдің Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«13 сәуірдегі жағдай бойынша Ресей шабуылынан 34 адам қаза тапты, оның ішінде екі бала бар. 117 адам жарақат алды»,—делінген хабарламада.
Бұған дейін Украина ішкі істер министрі Игорь Клименко Ресей әскері қала орталығына баллистикалық екі соққы жасағанын мәлімдеген еді. Оқиғадан кейін президент Владимир Зеленский мәлімдеме жасап, халықаралық қауымдастықтан Мәскеудің шабуылына қатаң жауап беруді талап етті. Сонымен қатар ракеталық соққыны Ұлыбритания, Германия, Италия айыптады.
Ресей билігі бұл шабуылға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.