АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: «Астана процесі» осымен тарихқа кетті-ау деймін

1143
Adyrna.kz Telegram

Башар Асад режимі құлады. 2010 жылы Араб елдерінде басталған «Араб көктемі» Асад режимінің де түбіне жетті. 1971 жылы билікке келген Асад әулеті ақыры 53 жылдан кейін тарих сахнасынан кетті.

Жалпы Сириядағы соғысты келісім арқылы аяқтауға қатысты бірнеше талпыныс болды. Соның бірі «Астана процесі» болатын. 2017 жылы Қазақстан Сирия соғысындағы қақтығысушы тараптарды келіссөз үстеліне жинады. Оған Сирия үкіметі, Түркия, Иран, Ресей, Сириядағы оппозиция өкілдері мен АҚШ тарапы және БҰҰ қатысты.

Келіссөз барысында қақтығысушы тараптардың арасындағы ұрыс қимылдарын бәсеңдету үшін арнайы бақылау пунктерін орналастыру, гуманитарлық дәліздер ашу, «ДАИШ», «Жабхат ан-Нусраға» қарсы бірлесе күресу, лаңкестік ұйымдар басып алған аймақтардың карталарын әзірлеу, деэскалациялық аудандарды құру және басқа іске асты. Автобустармен оппозиция өкілдері отбасы мүшелерін тиеп алып, Идлибке әкету әрекеттері болды.

Жиынтығы 22 кездесу өтіпті. 7-желтоқсанда Катарда Иран, Түркия және Ресей үштігі Сирия бойынша бас қосты. Бұны да сол «Астана форматына» жатқызсақ болатын шығар. Себебі Сирия соғысындағы Астана процесінде негізгі рөлді осы үш ел ойнады.

Сириядағы соғысушы тараптардың Асад әскері құлағанға дейінгі бақылау аймақтарына назар аударсақ, Асад елдің 70 пайызға жуығын бақылауда ұстағанын көре аламыз. Елдің шығысы мен солтүстік-шығысын күрдтер бақылады, елдің солтүстік-батысы мен оңтүстіктегі бір аймақты оппозиция бақылады, Түркиямен шекаралас аймақта түрік әскерлері кірді және ол аймақта Сирия Ұлттық Армиясы ұйымы болды. Қазіргі шабуылды бастаған ХТШ Идлиб аймағында орналасты. Ресей әскері Асад бақылау жүргізетін аймақта әскери колонна болып, бақылау жүргізді. Тартуста әскери портын орналастырып, Хмеймимге ұшақтарын жайғастырды. Одан бөлек ірілі-ұсақты Асадтың өзге базаларында Ресейдің әскері болды.

Иранның Сириядағы әскери қоймалары, базалары, арнайы жасағы, әскери кеңесшілері бар еді. Иран Сирия жері арқылы тек қана Асадқа емес, сонымен бірге Хезболлаға да қару жеткізіп отырды.

Бірақ енді дәл осы 7 жылға созылған статус-кво жоқ. Ол жойылды. Демек «Астана процесі» де осымен тоқтады деген сөз. Енді Сирияда негізгі екі күш бар. Ол Түркия қолдайтын топтар және олар қазір билікті төңкеріп тастады және екіншісі АҚШ қолдайтын күрд жасақтары. Қазір АҚШ қолдайтын күрд жасақтары елдің 30-35 пайызын өз бақылауында ұстап тұр. Осылайша Иран мен Ресей Сирия бойынша ойыннан ысырылып қалды. Ресейдің әскери базасының Сирияда қалатыны немесе шығарылатыны да белгісіз.

Түркия соңғы төрт жылда Ресейге екі мәрте геосаяси жеңіліс сыйлады. Біріншісі, Түркия Қарабақ соғысы арқылы Әзербайжан жерін кеңейтті. Ресей 2020 жылы соғысты пайдаланып, Қарабаққа әскерін кіргізді. Алайда Әзербайжан күтпеген жерден 2023 жылы бір күндік операция жасап, Қарабақты толық азат етті. Сөйтіп Ресей әскерін алып кетуге мәжбүр болды. Ресей үшін Қарабақ Кавказды түртпектеп отыратын бір тетік еді ғой.

Енді міне Сирияда тағы да Түркия өз ойынын жүргізді. Қазір ресейлік сарапшылар «Ердоған тағы да арқамызға пышақ сұқты» деп ойбайлап жатыр.

Ал 8-желтоқсанды тек қана Асад режимінің құлауы емес, сондай-ақ «Астана процесінің» бітуі деп те қарастырсақ болатын шығар. Медиаторлық алаң болған "Астана процесі" осымен тарихқа кетті-ау деймін.

Ashat Kasengali

 

 

 

 

Пікірлер