Кешелері осы фб-да Saken Znurgen Дженнифер Лопестің Астанада өтпекші гастрольдік концертіне байланысты пост беріп, онда Санжар Керімбайдың "Қуыс кеуде" дейтін кітабынан тақырыпқа қатысы бар үзік келтірген екен. Автор 10 жылда( 2008--2018) Астана күнін тойлауға шақырылған шетелдік артистердің толық жылнамасын беріп, бір ондықты көзінен шәлкілеп тізіп, көгендеп тастапты.
Біз осындағы төрт жылды (2009-2012) қызмет бабымен Астанада өткізген едік. Ондағы әлгіндей мәдени оқиғалар жадымызда тұтылып қалыпты.
Қалалық әкімдікке қарайтын баспасөз органы болғандықтан бізге сол күндері оқта-текте әлгі "жұлдыздардың" концерттеріне тегін билеттер тиіп қалатын. Өз басым солардың бірқатарына бардым. Бочеллиге жақындатпады, алыстан емескі дауысын ғана естідік. Есесіне Лара Фабианды екі рет тыңдадым: 2011-дің қысында ол Азиаданың шымылдығын Игорь Крутойдың Almaus композициясымен ашты, ал жазда сол Крутоймен бірге "Қазақстан" залында жеке концерт берді. Азиададағы әні спорт сарайында шырқалғандықтан реверберация салдарынан жаңғырығып дұрыс естілмеді, жеке концерті де пәлендей әсер ете қойған жоқ. Дегенмен аудиториямен контактіні күшті жүргізеді екен, мысалы, сахнаға баяғы Айседора Дункан құсап жалаңаяқ шықты, сосын фортепианода отырған Игорьды өзіне саусағымен іліп шақырып еді, анау емпелеңдеп жетті. Үйдегі әзірлеме, әрине, сол жерлері кейін теледидардан көрсеткенде қырқылып қалыпты. Сонан соң бір есте қалғаны, ұйымдастырушылар бізге әншінің аты-жөнін ағылшынша транскрипциямен беруді ұсынды.
Өз басым Сергей Безруковтың "Хулиган" моноспектаклінен де әсерлене қоймадым. Есениннің өлеңдерін жанын жеп оқығаны онша табиғи шықпады, жалпы бұл артистің пацандық сахналық образы сәтті емес деп білемін.
Есесіне Денис Мацуевтың сол "Қазақстан" залында өткен концерті ұнады. Оның фортепианодағы ойынын ұрмалы аспап, арасында фагот қостап отырды, дауылпаздағы жігіт бір мезгілде әбден қызып, фортепианоның аяғына дейін таяқшаларымен ұрып шықты. Шоу элементтері, десе де өз басым тұқымымен пианист Денистің ойынынан бөлекше күй кештім. Әсіресе, Рахманиновтың әйгілі #2 концерті әліге дейін есімнен кетпейді...
Санжар аталған кітабында "Жоғарыда баяндалған деректерде сәл де болса нағыз өнердің иісі шығатын, 2012 жылдан соң оған да зар болып қалдық" депті. Болса болар, мен 2012 жылы Астанадан кетіп қалдым ғой. Жалғыз қосарым, ол жылдары шеттен шақырылған артистерден шын өнер сәл-пәлден көбірек, тіпті одан да көбірек табылатын деуге аузым барады. Сара Брайтманда нағыз өнер сәл ғана деп кім айта алады?! Ойымша, бір нәрсе жөнінде пікір айтардан бұрын сол нәрсені толық білмек, көзбен көріп, құлақпен ұстамақ керек. Мен бұл жерде көрген- баққанымды ғана айтып отырмын.
Осы тұрғыдан келгенде Дженнифер Лопестің жанды концертіне барған қазақстандық көп болмас, тіпті азбыншы десек қателеспеспіз. Сырттай, виртуал әсерлер бойынша пікір түйер болсақ, ойға мына жағдайлар түседі.
ДжеЛо өнерге 1960--1990 жылдар аралығындағы әлемдік белгілі музыкалық эрадан кейін келген буынның өкілі. Ал бұл буыннан классикалық, неоклассикалық биік, шынайы өнер күтудің өзі абсурд. Ол - " Голливуд жұлдызы" дейтін қазіргі мәртебелі атақтың иесі, мәселе оның бұл қиыннан табар қымбатты қалай иеленгенінде. Сөзсіз, алпауыт американ шоу- бизнес нарығына ДжеЛо өзінің маңдай терімен, өжеттігімен кіре алды, жеңе алды, мойындата алды. Еуропалық ақ нәсілді Лара Фабиан Селин Дионмен арадағы бәсекеге шыдамай, американ сахнасына көтеріле алмай кетіп қалғанда, бұратана саналатын латинос ДжеЛо өзінің азиялық тұрпатты еске салатын шығыңқы бет сүйегі, үлкен нұрлы көздерімен осынау шікәмшіл ( нәсілшіл) елді бағындыра алды. Арғы тамырымыз бір (үндістік тұрғыдан) бұл өнер иесін біз осы жағынан да өзекке теппеуіміз керек.
Екіншіден, Дженнифер қалайда таланттан құралақан емес. Голливудтың Даңқ залына есім жайдан жай жазылмайды және бұл турада ДжеЛоның белгілі "алмұрт" порымды дене мүсіні, бес жасар баланың басындай омырауы һәм бесіктей балтыры да қол ұшын соза алмайды.
Лопес, негізінде, артистік амплуасы бойынша характерлі рөлдердің актрисасы. Ішкі, имплицид мәні бойынша интраверт шығармашылық тұлға. Бірақ оған осы бөлекше қалыбына сай рөл, жоба бұйырып жүр ме, міне, мәселе сонда. ДжеЛоға сапалы драматургия жетпейді, характер ауқымдылығы айқын рөлдер жетпейді, жекетұлғалық қайталанбас даралықты сыртқы эффектілік, ракурстың шұғылдығы басып кетіп жатқан еуроамерикан өнерінде оған сұраныс та жоқ. Соның өзінде де бір нәрсе айқын -- сахнаға жарқырап ДжеЛо шыққан кезде, басқаны білмеймін, менің есіме " Ұлы актер, актриса дегеніміз сахнада болғанының өзі өнер фактісіне айналатын әртіс" деген ұлағатты сөз түседі.
Демек, қазақ қоғамы үшін Дженнифер Лопестен ат-тонын ала қашатындай ештеңе жоқ. Біз қазірдің өзінде әлемдік мәдениетке кірігуден отыз жылдай кеш қалдық, соның кесірінен әлем Еуразияның жартысын алып жатқан елімізді біле де бермейді, сонан да кейде бізге надандарға қарағандай қарауы мүмкін.
Сонан соң, Лопес бізге байрақты тойға арнайы шақырумен емес, концерттік гастрольмен келмек. Бұрын бізге осылай арнайылап келген әлемдік жұлдыз статусындағы өнерпаз болды ма, жоқ па, о жағын білмеймін. Білетінім, осындай жобалар арқылы әлемдік үлкен мәдениетке интеграцияланудың моделі біртіндеп жасала беруі керек. Аламандыққа бой алдырып қажеті жоқ.