Cарапшылар Қазақстанда су үнемдеу жолдары туралы пікірін білдіріп, ұсыныстарын айтады.
Бүгін, желтоқсанның 3-інде Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында One Water саммиті ұйымдастырылып отыр. Осы саммитке қатысу үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы елге сапарлады. Жиында су ресурстарын игерудің ғаламдық мәселелері қарастырылады деп жоспарланған. Басқосу Қазақстан мен Францияның төрағалығымен, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банк тобының қолдауымен өтеді.
Қазақстанда су мәселесі сел, тасқын кезінде ғана қоғам талқысын тудыратыны жасырын емес. Қалған уақытта судың жай-күйі тиісті сала мамандары арасында ғана талқыланатын тақырыпқа айналған.
Су тапшылығының алдын алу және суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру бойынша сарапшылардың пікірлеріне назар аударып, бұл мәселеге тереңірек үңілуге тырыстық.
СУДЫ ҮНЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ
“Жас эко патруль” экологиялық жастар жасағының басшысы Әділ Нұрпеисов суды үнемдеу мәдениеті жетіспейтінін айтады.
- Су – экономикалық тұрақтылық пен болашақ ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты факторлардың бірі. Өкінішке қарай, суды үнемдеу мәдениеті біздің елде енді ғана қалыптасып келеді. Осы бағытта біздің "Жас эко-патруль" атты жобамыз бастау алды. Бұл жоба аясында жастардан құралған экологиялық жасақтар күнделікті қалалық мониторинг жүргізіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын атқаруда, - дейді ол.
Айтуынша, суды үнемдеу бағытында инфрақұрылымдарды жаңарту, халық арасында ақпараттандыру мен білім беру жұмыстарын күшейту, мектеп жүйесіне суды тиімді тұтыну мәселесін енгізу сынды жұмыстар атқарылу қажет.
Бұл жайында су сарапшысы Нұрлыхан Бимурзаев су үнемдеуде жеке әрекеттердің маңызын жоққа шығармайды, бірақ ол басты назарды ауыл шаруашылығындағы суды пайдалану әдістерін жетілдіруге аудару керек деп есептейді.
Оның пайымынша, Қазақстандағы судың 70-80 пайызы ауыл шаруашылығында қолданылады, сондықтан тиімді суару технологиялары мен инфрақұрылымды жаңарту негізгі шешім бола алады. Бұл салада суды көп тұтынатын мақта, күріш сияқты дақылдар мен суды көп қажет ететін өсімдіктер баршылық. Шаруашылықта суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жеткілікті техника, нақты стратегия қажет. Тамшылап суару, жаңбырлатып суару, тұщыландыру, қайта өңдеу техникалары қазіргі таңда әлемдік практикада кеңінен қолданылып келеді.
- Қазіргі таңда әлемде суды қайта өңдеу мен тазарту технологиялары кеңінен қолданылады. Мысалы, бізде фильтрация деп аталатын процесс бар. Сонымен қатар, теңіз суын тұщыландыру, иондау, мембраналық фильтрация секілді технологиялар да пайдаланылады. Алайда,бұл жерден шыққан судың бағасы қанша болады, оны біздің қарапайым халықтың қалтасы көтере ме, қаражаты жете ме деген мәселе бар. Дегенмен, бұл технологиялар Израиль, Сауд Арабиясы, Араб Әмірлігі, Австралия сияқты елдерде қолданылып жатыр. Осы елдер бізге суды тиімді пайдалануда үлгі бола алады. Сонымен қатар, біздің елде жаңа Су кодексіне «айналмалы сулар» термині енгізіліп жатыр. Бұл өндірістік масштабта су ресурстарын қайта өңдеуді білдіреді, яғни үлкен зауыттар мен фабрикалар өздерінің су ресурстарын қайта айналымға шығарады. Осы арқылы өзендерден, каналдардан алынатын судың көлемін азайтуға болады, - дейді Нұрлыхан Бимурзаев.
ҚАЛАЙ, ҚАЙТІП ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ?
Теңіз суын тұщыландыру – тұзды және минералды компоненттері көп теңіз суын ауыз су немесе техникалық қажеттіліктерге жарамды тұщы суға айналдыру процесі. Бұл технология, әсіресе су тапшылығы мәселесін шешу үшін, әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады.
Суды үнемдеудегі иондау технологиясы – судың құрамындағы зиянды заттарды жою немесе су сапасын жақсарту үшін иондар алмасу немесе иондар бөліну принципіне негізделген технология. Бұл әдіс өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, тұрмыстық қажеттіліктерде және ауыз суды тазартуда қолданылады. Бұл әдіс қайта өңделген суды қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Өнеркәсіпте немесе ауыл шаруашылығында үлкен көлемдегі суды үнемдеуге ықпал етеді.
Мембраналық фильтрация — бұл судағы қоспалар мен зиянды заттарды бөліп алу үшін арнайы мембраналар арқылы өтетін технологиялық процесс. Бұл әдіс сұйықтықтан бөлшектер мен молекулаларды белгілі бір өлшемдерге сәйкес сүзу үшін қолданылады. Мембраналық фильтрацияда сүзгіден өту үшін су белгілі бір қысыммен мембрана арқылы айдалады, нәтижесінде таза су мен қоспалар бөлінеді. Су белгілі бір қысыммен мембрана арқылы өткізілгенде, судағы қоспалар мен микробтар мембрананың құрылымында қалатын болады.
ІРІГЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Ауыл шаруашылығынан бөлек еліміздің инфрақұрылымдарының ескіргенін де атап айтуымыз керек. Қазіргі таңда урбанизация процесі күшейіп келеді. Мысалы, Алматы, Астана және Шымкент сияқты қалаларда инфрақұрылым бастапқыда белгілі бір халық санына негізделіп салынған болатын. Ал қазір бұл қалаларда халық саны күннен-күнге өсіп жатыр, бұл инфрақұрылымдарға қосымша жүктеме түсіретіні айдан анық. Алматы сияқты ірі қалаларда инфрақұрылым халық санының өсуіне сәйкес жаңартылмаған. Бұл жағдай қосымша су жүйелерін салуды талап етеді. Мемлекет тарапынан инфрақұрылымды цифрландыру және жаңарту жұмыстарын қолға алып, ескі құбырларды ауыстырған жөн.
Орталық Азия елдері үшін Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясы жанындағы Су шаруашылығы мәселелері жөніндегі ғылыми-ақпараттық орталықтың қазақ филиалының бас сарапшысы Құралай Қалмағанбетқызы Қазақстандағы сумен жабдықтау жүйесі мен ауыл шаруашылығындағы мелиоративтік жүйелердің тозуы судың ысырап болуына үлкен себеп болатындығын айтып, "Инфрақұрылымды жақсарту арқылы біз суды пайызға дейін үнемдей аламыз," - деп өз пікірін білдірді.
ҚАРАПАЙЫМ ӘРЕКЕТТЕР
Сарапшылар Әділ Нұрпеисов пен Құралай Қалмағанбетқызы суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру алдымен мектептерде, балабақшаларда және қоғамдастықтарда басталуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерге судың шектеулі ресурстар екендігін, оның болашағы үшін жауапкершілік қажет екенін түсіндіру өте маңызды. Қоғамдық ұйымдар мен медиа арқылы экологиялық білімді таратуға болады. Суды үнемдеу туралы түрлі викториналар, мультфильмдер мен иллюстрациялық кітаптар балаларға осы дағдыларды ерте жастан үйретуге көмектеседі.
Әділ Нұрпеисовтің пікірінше, әр адам су үнемдеуді күнделікті өмірінде қарапайым іс-әрекеттерден бастауы керек. Мысалы, кранды босқа ағызбау, ақауларды уақытында жөндеу, суды үнемдейтін құрылғыларды қолдану — осының бәрі жеке жауапкершілікті сезінуге көмектеседі. Қоғамға су тапшылығының жақындап келе жатқанын түсіндіру үшін үнемі ақпараттық кампаниялар мен экологиялық акцияларға қатысу қажет.
Сарапшы Құралай Қалмағанбетқызы суды үнемдеу үшін суды үнемдеу мәдениетін қолдау үшін қоғамдық шаралар мен субсидиялауды арттыруды ұсынады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында су үнемдеу қажеттілігін айтып, "көп тұтынсаң – көп төлейсің" қағидатын басшылыққа алынатындығын аңдатқан. Мемлекет басшысының сөзінше, суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, осы салада кеңінен қолдану қажет. Президент бұл туралы былтырғы жолдауында да құлаққағыс еткен.
"Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет,"- деген Қазақстан басшысы.
2023 жылдың күзінде Қазақстанда суға жауапты су жаңа мекеме су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Экология және табиғи ресурстар министрлігінен бөлініп құрылған министрлікке су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы функциялар мен өкілеттіліктер берілді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биыл елдің басым бөлігін су басып жатқанда іс басынан, ел ішінен көрінген жоқ. Сол екі ортада ол сәуір айында президенттен қатаң сөгіс алып үлгерді.
Делназ Менсейтова