Туған күніне қатаң сөгіс алған сумин не бітіріп жүр?

2496
Adyrna.kz Telegram

Былтыр жасақталған Су ресурстары және ирригация министрі елдегі облыстардың басым бөлігін су басып жатқанда іс басында, ел арасында көрінген жоқ. Туған күні қарсаңында Президенттен қатаң сөгіс алған шенеуніктің 7 айға жуық уақыт ішінде атқарғандарына шолу жасап көрдік.

Көктем келді. Қар еріді. Жылғалардан су аққаны былай тұрсын, бұл жолы су тасып, халықтың жиған-тергенін бір сәтте ағызып өтті. Үйі құлап, малы суда қырылғанын көрген халық шарасыз күйге енді.

Қазақстанның он облысын су басты. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар және Абай облыстарына қауіп төніп тұр. 31 наурыз күнгі Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген штаб отырысында төтенше жағдайдағы аумақтан 11 306 адам эвакуацияланғаны, 5 мыңнан астам адам уақытша пунктерде тұрып жатқаны айтылды.

Апат айтып келмейді. Дегенмен, жыл сайын қателіктер қайталана бермек пе? Тиісті сала басшылары қайда?

ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚТАН – ТАСҚЫНҒА ДЕЙІНГІ ҚАТАҢ СӨГІС

2023 жылдың күзінде Қазақстанда суға жауапты су жаңа министрлік құрылды. Оны сол жылдың 1 қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында айтты.  

"Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінен бөлініп құрылған министрлікке су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы функциялар мен өкілеттіліктер берілді. Демек, суға жауапты кім болса, кінәлі де сол болмақ.

Көп күттірмей Мемлекет басшысының жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрі болып Нұржан  Нұржігітов тағайындалды. 

Еңбек жолын механик болып бастаған министр әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманынан әкім қызметіне дейін көтерілді. 2019 жылдан 2021 жылға дейін Байзақ ауданы әкімі қызметін атқарса, 2021 жылы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, 2022 жылдың сәуір айынан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарды. 2023 жылдың 4 қыркүйегінен бастап Су ресурстары және ирригация министрі болды. 

Су министрлігі Қазақ ССР кезінде болған. 1990 жылы биліккегі Назарбаев президент атанған соң, сол кездегі Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі жабылып, функциясы бөліске түскен. Ал арада 34 жылдан кейін қайта құрылған министрлікке кім басшы болады деген сұрақ күзде көпті күпті қылғаны рас. Басқасы басқа, сол кезде Жамбыл облысын басқарғанда аймақ құрғақшылыққа ұрынған Нұржан Нұржігітовтың министр болғаны да таңғалдырған. Өткен жылы Жамбыл облысы шектесетін Қырғызстанмен арада су мәселесі туындаған.  

Нұржан Нұржігітов министрлікке келген 7 айға жуық уақыттың ішінде 2 рет осы орынға тағайындалды. Біріншісі жоғарыда айтылды. Екіншісі ақпан айында жаңа Премьер Олжас Бектеновтің кабинеті жасақталғанда, Нұржан Нұржігітов министр болып қайта тағайындалған.  

Алайда,  министр болғанына 1 жыл толмаған шенеунік Президент Тоқаевтан бір демде қатаң сөгіс алып үлгерді. 30 наурыз күні Президент үкімет пен әкімдерді ісіне немқұрайлы қарайды және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды. Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке және Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне – қатаң сөгіс жариялап, ал Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіспен бірге қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді

Айтпақшы, қатаң сөгіс алған соң, бір күн өткенде, кеше, 31 наурыз күні Нұржан Нұржігітов 57 жасқа толды. Туған күніне қарай қатаң сөгіс алған министр соңғы бірнеше күн бойы облыстарды су басып жатқанда оқиға орнында көрінген жоқ. Ол үшін министрліктің ресми сайтына қарасаңыз, немесе министрдің телеграм-парақшасына қарасаңыз, жеткілікті. Су министрі 10 облысты су басып болған соң, кеше ғана апатқа байланысты бірінші рет үн қатты. Соның бәріне туған күннің тура келгені жай ғана сәйкестік болар...   

СУМИННІҢ СУДАҒЫ ЖОЛЫ

Балапанды санайтын күзде құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің сайтын шолып өтсек, Нұржігітов қызметке тағайындалғаннан кейін ақпарат 9 қазаннан басталған. Министрдің алғашқы сапары Қызылорда облысынана басталыпты. 

Кейін 11 қазанда Нұржан Нұржігітов Қарағанды және Павлодар облыстарына жұмыс сапарымен барып, «Қазсушар» РМК «Қ.Сәтбаев атындағы канал» филиалының нысандарын аралаған.

Министр каналдың құрылымымен және жұмысымен танысып, филиалдың басшылық құрамымен және пайдалану учаскелерінің басшыларымен кеңес өткізген. Кеңесте каналдан Есіл өзеніне дейін су құбырын қайта жаңарту қажеттілігі, сондай-ақ №4 су торабының №87 бөгетін реконструкциялау мәселелерін талқылап, сорғы станциялары мен қосалқы станциялардағы жабдықтарды ұзақ мерзімді жұмыс мерзіміне байланысты жаңарту қажеттілігі айтылған.

Сондай-ақ, министр жоғарыда аталған барлық мәселелер бойынша жұмыс істеп, егжей-тегжейлі зерделейтінін мәлімдеген. Дегенмен, әлі күнге дейін аталған бөгетке қатысты шара туралы хабарланбады.

Айта кетсек, су тасқынынан зардап шегіп отырған облыстардың бірі – Қарағанды мен Павлодар облысы. Қазірдің өзінде Қарағанды облысының шет ауданындағы үш елді мекенді су басқан. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 292 адам эвакуацияланған. Ал Павлодар облысы Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында 15 үй су астында қалған.

Апаттық жағдайда деп жарияланғанына он шақты жыл өткен жоғарыдағы бөгетті су бұзып өтер болса, Астананы қосқанда бірқатар ірі қаланың халқы жазда ауызсусыз қалу қаупі сейілмеген.

Қарашаны Нұржігітов көрші елдерге сапарымен бастады. 2 қарашада Ташкентте Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы ведомстволары басшыларының қатысуымен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 85-ші отырысына қатысты. 15 қарашада Қырғызстанға барып, елдің ауыл шаруашылығы министрі Асқарбек Жәнібековпен кездесті. Тараптар Шу-2 айналма каналын салу мәселесін талқылады. 

28 қарашада министр Шығыс Қазақстан және Абай облыстарына жұмыс сапарымен барып, су қоймалары мен каналдарды жөндеу, су тасқынынан қорғау және «Қазсушар» РМК жаңа филиалын ашу туралы мәселе қозғады. «Қандысу» су қоймасына барып, оны жөндеуді бастау бойынша жұмысты жеделдету қажеттігін айтты. Дегенмен, аталған тапсырма орындалмады ма, әлде дұрыс қадағаланбады ма, Абай облысы да су тасқанынан аман қалмады. Қазіргі кезде облыста су тасқыны салдарынан үш адам жоғалып кетті. Әлі күнге дейін денесі табылмады.

Желтоқсанда министр Нұржігітов Қазақстанның батыс бөлігіне аяқ басты. Маңғыстау, Атырау облыстарына сапарлады. Министр өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту, су шаруашылығы нысандарын реконструкциялау және дамыту жобаларын іске асыру барысымен танысты.

Сондай-ақ, ол су шаруашылығын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде еліміздегі 15 су қоймасы реконструкциядан өтетінін айтты.  Атап айтқанда, күрделі жөндеу жұмыстары Қазақстанның 9 облысында жүргізілетін болады делінген. Бұл нысандардың жалпы көлемі 1,9 текше шақырымды құрайды.

Министр аталған су қоймаларын реконструкциялау 70 мың адам тұратын 64 елді мекенді су басу қаупін азайтуға, сондай-ақ 74 мың га суармалы жерге су беруді жақсартуға мүмкіндік беретінін айтқан болады. Бірақ айтқанымен, еріген су мұны күте алмады. Елдің 10 облысын су шайып өтті.

Қазақстанның су саласы үшін Жаңа жыл жаңалықпен басталды. 2024 жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтті. Одан кейін Қазақстанда 4 иесіз қалған бөгет, 1 су қоймасы және 3 тоған мемлекет меншігіне берілді. Бұлар – Ақтөбе облысындағы 4 бөгет, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы 3 тоған мен су қоймасы. Сондай-ақ, Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институты құрылатыны хабарланды. Үкімет Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген институт құру туралы қаулыны бекітті.

Ал ақпанда Үкімет Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексінің жобасы Парламент мәжілісіне енгізілді. 

Наурыздың басында министр Нұржігітов тағы да Қызылорда мен Түркістан, Жамбыл облыстарына сапарлады. 

Ол басқаратын министрліктің сайтында салаға қатысты ақпаратттарды топтастырып, апталық шолу беріліп тұратын. Алайда сайт бетінен апталық шолу 17 наурыздан бері жасалмағанын көреміз. Су тасқыны басталғаннан кейін 26 наурызда сайт бетіне Су ресурстары және ирригация министрлігі Ақмола облысында Есіл су реттегішін салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмысын аяқтап жатқаны туралы жарияланды.

Ақпарат бойынша, нысан Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы елдімекендерді су басу қаупін азайтуға, сондай-ақ жалпы ауданы 25 мың гектарға дейін Ақмола облысының суармалы жерлерін сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

31 наурыз күні Республиканың су тасқыны аймақтарында Су ресурстары және ирригация министрлігінің 1000-нан астам маманы мен 280-нен астам техникасы жұмыс істеп жатырғаны хабарланды. 

 «Министрлік жанынан құрылған жедел штаб жергілікті әкімдіктермен өзара тығыз іс-қимыл жасап жатыр. Республикалық меншіктегі барлық гидротехникалық құрылыстарда тасқын суын апатсыз өткізу жөнінде іс-шаралар жоспары мен су қоймаларының жұмыс кестесі бекітілді. Жауапты мекеме қызметкерлері су шаруашылығы ахуалына тәулік бойы бақылау жүргізеді»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, Нұржігітов су тасқынына қатысты министрліктің жүргізіп жатқан жұмысы туралы баяндаған. Дегенмен, министр кабинетінен шығып, төтенше жағдайдағы аумақтарды аралап, жағдайымен танысқаны туралы ақпарат жоқ.

Қазақша коммуникация бойынша ОБСЕ ұлттық консультанты Айбар Олжаевша айтсақ: «Бізде ирригацияның өзі жоқ, тек министрлігі бар. Ол мекеме компьютерде бір апта отырып, «2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» жасап бітті де, шаршап қалды».

Тұжырымдама жасағаннан шаршады ма, әлде министр халық алдына барудан қорқа ма, белгісіз. 

ТАҒАЙЫНДАУЛАР ТАСАСЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

2022 жылы да Қазақстанда 200-ден астам елді мекен қауіпті аймақта қалған. Ол кезде су тасқынына қардың уақытылы шығарылмауы, арықтардың тазаланбауы мәселенің себебі ретінде айтылған.

Ал биыл барлық облыста дерлік қауіп бар. Сол кездегі қателік әлі де түзелмеген. Бұл туралы «Адырна» тілшісіне «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай айтып берді.

- Биыл қар қалың түсті. Кейбір жерде күрелмеді. Ол еріп, қаншама жерлер суға ағып кетті. Қарап отырсақ, бұл төтенше жағдайды қолдан жасап отырмыз. Біріншіден, Кеңес Одағында су тасқыны болмас үшін арнайы арықтар болды, соларды арнайы тазартып отырды. Кейін ол каналдарға ағаштар өсіп кетті. Арнайы инфрақұрылым болмағаннан кейін, қар еріген кезде үйлерді басып қалып жатыр. Ол үшін қайтадан сол арықтарды, каналдарды тазартып, қар ерігенде ағыстар қалай кетеді, соны ойластырып жасау керек. Сонымен қатар, қар қалың түскен кезде қысты күні жинақтап, арнайы жерге апару керек еді. Осындай жағдай қалыптаспас үшін су қоймалары да керек, - дейді Азаматхан Әміртай.

Ол мәселенің басты себебін жауапкершілікпен байланыстырады. 

 - Қай саланы алсақ та мемлекеттік мекемелердің жауапкершілігі аз. Өзара байланыс жоқ. Әкімдік өзімен-өзі, министрліктер өзімен-өзі, әрқайсысы жауапкершілікті өзіне алмайды, соңында ешкім жауапты болмай қалады. Жүйелі ештеңе қаралмайды. Сондықтан жыл сайын бір оқиға осылай қайталана береді, -дейді Азаматхан Әміртай.

Осы арада айта кету керек, кеше, 31 наурыз күні Премьер-министрдің жетінші орынбасары болып Қанат Бозымбаев тағайындалды. Оның құзырына  басқа да мәселелермен қатар төтенше жағдайлар және су ресурстары мәселелеріне жетекшілік ету енгізілген. Бұл бұрын осы саланы сүйрейді деген Премьердің бірінші орынбасары, ақыры қатаң сөгіс алған Роман Склярдың жауапкершілігін бөлісу ме, әлде соңғы жылдар құрылған Төтенше жағдай министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің ісін ілгерілету үддесі ме – ресмилерден ешкім түсіндірмеді. Анық ешкім түсіндірмеген соң, болжам мен жорамалға жол берілетіні белгілі. Одан да анығы – қоғам өз саласын бірден иіріп әкететін, жұлқына жұмыс істейтін Су министрін көріп тұрған жоқ.   

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы




Пікірлер