Павлодар облысында жылқыларды қаққан жүргізуші қаза тапты

545
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Павлодар облысында жылқыларды қаққан көлік жүргізушісі қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.

Жол апаты Новосибирь облысымен шекараға 10 шақырым қалған жерде орын алған.

«Volkswagen автокөлігінің жүргізушісі түнгі уақытта көлік басқаруын жоғалтып, екі жылқыны қаққан. Ары қарай көлік орға аударылған. Жүргізуші оқиға орнында қайтыс болды. Жол апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп жексенбі күні Павлодар облысы полиция департаменті хабарлады.

Жылқылардың иесі анықталды.

Заңгерлердің айтуынша малдың қатысуымен жол апаты болған жағдайда моральдық және материалдық шығынды шаруа өтеуі керек.

Бұған дейін Қаражанбас-Ақтау тас жолында мұнай компаниясының қызметкерлерін тасымалдап бара жатқан шағын автобус жылқыны қағып, төрт адамның жарақат алғаны туралы жазған едік.

Ауылда қалыптасқан тәжірибеге сүйенсек, түнде жолда жылқы көрінгенде жарықты азайту керек. Тіпті қажет болған жағдайда өшірген абзал. Көлік жүргізушілер мұны білмегендіктен жылқыны үркітем деп одан сайын жарықты күшейтіп жібереді. Мұндай жағдайда жылқы көбелек сияқты жарыққа қарсы жүгіреді.

Осыған орай жол жүру кезінде жануарлардан сақтану жолдарын ұсынамыз:

  • Рөлде отырғанда алдымен қауіпсіздік белдігін тағып, жарықшамдарды тазалап, ұйқыны қандырып алу қажет.
  • Жануарлар жайлы белгі беретін жерде жылдамдықты барынша азайтқан дұрыс. Мамандардың айтуынша, жануарлар мекендейтін аумақта ең жоғарғы жылдамдық 90км/сағ. болуы керек. Кенеттен алдыңыздан жануар шығып қалса, осы жылдамдықтағы көлікті тоқтату немесе жануарды айналып өту оңайырақ болады.
  • Жануарлар белгісі бар жерде жүріп келе жатқанда жол жиектерін мұқият бақылап отыру қажет. Сонымен қатар, жолдан көзді алмау керек.

 

Пікірлер