Семей қаласында мұғалімнің қалалық шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алу оқиғасы бойынша тергеу жалғасуда. Қалалық әкімнің орынбасары Арайбек Хамзаев осы іс бойынша күдікті деп танылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бас прокуратураның мәліметінше, тергеу "ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Әкім орынбасарына қатысты тергеу өткен жылдың 27 желтоқсанында басталған. Ол мұғалімдерді қызметтік міндеттеріне кірмейтін жұмысқа тартқаны үшін айыпталып отыр.
Еске сала кетейік, 21 желтоқсан күні Семейде қалалық шыршаны безендіру кезінде мұғалім Қуат Айтқали биіктен құлап, ауыр жарақат алған болатын. Бұл оқиға қоғамда үлкен наразылық туғызып, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерді өз міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуға болмайтынын қатаң ескерткен еді.
8 қаңтарда министр мұғалімнің ауруханадан шығарылғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиғаға жауаптылардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.