АҚШ билігі елден шығу туралы сот шешіміне бағынбай жүрген шетелдік азаматтарға, соның ішінде қазақстандықтарға, өз еркімен елге оралуға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Мәліметке сәйкес, заңсыз жүрген азаматтар «CBP Home» мобильді қосымшасы арқылы өз еркімен және қауіпсіз түрде Қазақстанға қайтуға өтінім бере алады. Бұл ретте олар қамауға алынбайды, мәжбүрлі депортацияға ұшырамайды, және тапқан қаражаты өздерінде қалады.
Сондай-ақ, қайту билетін сатып алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға қаржылай субсидия ұсынылады. Ең бастысы — бұл мүмкіндік болашақта АҚШ-қа заңды түрде қайта кіруге кедергі келтірмейді.
Алайда, өз еркімен елге оралмағандарға қатаң шаралар қолданылады. Атап айтқанда, олар тәулігіне 998 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Бұл айыппұл сот шешімі бес жыл бұрын шыққан азаматтарға қатысты қолданылады.
Бұдан бөлек, «CBP Home» қосымшасы арқылы қайтатынын мәлімдеп, бірақ елге оралмағандарға 1000-5000 доллар аралығында қосымша айыппұл салынып, АҚШ-қа қайта кіруге тыйым салынады.