Алматыда орналасқан Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (AMMKZ) мультибрендті зауыты 2025 жылдың екінші тоқсанында іске қосылады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Курсивке сілтеп.
Осы кезеңде алғашқы жеңіл көліктер де конвейерден шығарылады. Бұл жөнінде компания «Астана Моторс» өкілдері хабарлады.
Жаңа автокөлік өндіріс орнының құрылысы аяқталуға жақын. Компания мәліметінше, зауытта металл құрылымдарын құрастыру, сэндвич-панельдер орнату және шатыр жабу жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі басты міндет — өндірістік және әкімшілік ғимараттардың ішкі әрлеуін аяқтау.
Сонымен қатар, отандық мамандар мен шетелдік серіктес инженерлер зауытқа қажетті технологиялық жабдықтарды орнатып, іске қосу жұмыстарын жүргізуде. Көлік шығаратын алғашқы сынақ кезеңіне дайындық та басталған.
Жоспар бойынша, зауыт жұмысы төрт модельмен басталады. Нақтырақ, Chery Tiggo 2 Pro, Haval Jolion, кейінірек Changan CS55 Plus пен TANK 300 үлгілері қосылады. Бұл брендтер қазақстандық және көршілес нарықтардағы тұрақты сұранысқа байланысты таңдалған.
AMMKZ зауыты Қазақстанда автокөлік өндірісін жаңа деңгейге шығарып, ішкі нарықты импорттан азат етуді, сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын ашуды және экономиканы әртараптандыруды көздейді. Зауыт толық қуатына шыққан соң, автокомпоненттерді жергіліктендіру мен ішкі өндірісті дамытудың негізгі драйверіне айналады деп күтілуде.