Уағыздың да уағызы бар!

420

" Дүмше молла ел бұзар"- дегенді қазақ баяғыда айтқан. Сол дүмшелер әлі бар екен.  Тіпті көп пе деймін. Өйткені әлеуметтік желілерде мешітте, медреседе уағыз айтып жатқан молла- имамдардың видеоларын жиі көріп қаламыз. Көбі ҚМДБ - ының сарабынан өткендер. Яғни діни басқарманың өкілдері.

Ал енді осылар жамағатқа не айтып жүр дегенге келер болсақ. Айтылып жүрген дағуаттарының көбісі тек өлімге, қабыр азабына, ондағы періштелердің сұрағына, тозақтың қорқынышты суретіне, күнәлардың түрлеріне, о дүнеиенің азабына қатысты болып келеді.

Осында бір жас имам жамағатқа " өлгенде сенің бұл дүниедегі абырой- атағың, алған марапатың, оқыған білімің түкке керегі жоқ" деп кесіп айтты. Жарайды. Онысына келіселік. Өлгесін бір боқсың. Ол " данышпанның" негізгі айтпағы мынау болды: " оқу- білім іздеме, бакалавр- магистратурада оқыма, ғылыммен айналыспа, Құдайға оның түкке керегі жоқ, қабірдегі үш сұраққа дайын болсаң болды. Осымен тамам". Бұл имамсымақ тас қараңғы надан екен. Өз надандығымен өзге жұртты надандыққа шақырып отыр. Әуелі осы сөзімен исламның өзіне қайшы келіп отыр.

" Қытайдан болса да ілім- ғылым ізде", " О дүниеде менің қатарымда оқығандар тұрады"- деген Хадистер бар емес пе еді? Ислам білімді, ғылымды жоққа шығармаған. Қысқасы әлгі молланың айтуынша қабірдеге үш сұраққа ғана дайын болсаң болды екен. Осындайларға иланатын, сенетін, бас шұлғитын қазақ баршылық. Өзі надан өзгені де надан деп ойлайды- ау. Діни сауаты аз, дүниеге көзқарасы толық қалыптаспаған жастарды надандыққа, өресіздікке, білімсіздікке, үрейлі психикаға, қорқынышты болмысқа қарай тартып жатыр.

Сирияға "жұмақ" іздеп кеткендердің көбі сауатсыздар екені белгілі. Расында қазір дін, оның айналасындағылар туралы бірдеңе айту қауіпті болып кетті. Аузыңды ашырмайды. Өре түрегеледі. Сені неше саққа жүгіртеді. Мәселе дінде емес, мәселе шала сауатты дүмшелерде болып тұр. ҚМДБ осындай уағызшыларды неге байқамайды? Әлде олардың да деңгейі осындай ма? Уағыздың да уағызы бар. Исламның ахлақ ілім туралы айтылса сөз басқа ғой. Осындай моллаларға, діни догмалық экспанцияға тыйым керек! " Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді'- деген қазақтың аталы сөзі қайда қалды?

Ерболат БАЯТҰЛЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер