Жұрттың бәрі жақсы, біз ғана жаманбыз!

3973
Adyrna.kz Telegram

Біз жалпы еліктегіш халықпыз. Әйтеуір жұрттыкі өзіміздікінен артық көрініп тұрады.
Жұрттың баласы тілалғыш, көршінің күйеу мал тапқыш, басқаның әйелі пысық, шетелдің киімі жақсы, көрші елдің азық-түлігі сапалы, өз тіліміздегі мектептер нашар білім береді, баламыз өзге тілде білім алса, мықты, жан-жақты болады... Айта берсек, көп енді...
"Ойбуй, ана жапондар деген керемет екен, балаларын титтейінен еңбекке үйретеді, содан бұлардың тәрбиесі керемет, өзі бай ел екен!", -дейміз!
"Ана АҚШ дегенде артық су ағызбайды, жарық жақпайды, үнемшілдігі сұмдық екен енді",-дейміз.
Тағы бір елді "көшелері тап-таза, бір қоқыс жоқ, елдің үкіметі қандай тамаша!" дейміз.
Кеші бір тілге қатысты постыма: "ой, тілдің жағдайы сол, біз қазақ болмаймыз",- деп жазыпты.
Сонда осының барлығын әрқайсымыз өзімізден, өз отбасымыздан бастау керектігін ұмытамыз.
Әйтеуір бәрін "біреу бастау керек, біреу жасап беру кереу, тек өзіміз емес"...
Қазақтың да тәрбиесі үнемшілдікке, ысырапшылдыққа жол бермеген, еңбекқорлыққа үйретіп, жастайынан тәрбиелеген.
Қазақтың әр мақалын күніне бір оқып қойыңызшы, әрқайсының астарында ұшан-теңіз тәрбие жатыр!
Мәселен, "Судың да сұрауы бар" дегенді айтамыз, соның мағынасына назар аударамыз ба?
Міне, үнемдеуге үйрету, ысырапшылдыққа жол бермеу!
Баланы еңбекпен тәрбиелеуге қатысты да көптеген нақылдар бар.
Қазағым әр ісіне, қимылына мақал-мәтел, нақыл сөз шығарып қойғандай, тереңіне бойла да, ұрпағыңның тәрбиесіне пайдалана бер! Сонда жапонға да, Әмерикаға да,басқа да қызықпайсың.
Өзбектер тәлім-тәрбиеге мықты, шешендер қыздарының тәрбиесіне жақсы дейміз, қызығымыз.
Қазақтың тәрбиесі ешкімнен кем болмаған, тіпті кезінде талай жиһанкездер, патшалар таңқалған екен.
Қазақ ешқашан жетімін жылатпаған, жесірін жібермеген, байлары кедей-кепшік ауылдастарына, руластарына қарайласқан.
Жетімдер үйі, ажырасу деген "көріңде өкіргір" кеңес үкіметімен келген дерт.
Енді кеп, "Жапонияда солай екен" деп, Жапонияға таңғаламыз. Өзбек салт-дәстүрге берік деп тамсанамыз.
Революцияға дейін біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға таңғалған зерттеушілердің пікірлері -ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ ХАЛЫҚ болғанының дәлелі!
Басқаға қарап таңғалмай, бойымыздағы, қанымыздағы тегіміздегі асыл қасиеттерді оятуымыз керек.
Өзгенікін "Керемет!" деп тамсана бергенше, НАҒЫЗ ҚАЗАҚ әрқайсымыз өзімізден бастайық, ерінбей, қағаз-құжатты ауыстыру жұмысынан қашпай, тегімізді қазақшалайық, баламызды тек қазақша оқытайық, еңбекқорлыққа, үнемшілдікке, экотазалыққа үйретейік!
Өзіміз көшеге қолымыздағы қоқысты тастап, қақырып-түкіріп жүріп, "мынаны, әкімдер неге қарамайды,ә!" деп жүріп,бала түгілі өзімізді-өзіміз тәрбиелей алмаймыз.
Жағылып қалған жарық болса, сөндір, шашылып жатқан нәрсе болса, жина, шашып жатса, айт, сонда ұл-қызыңыз қарап бой түзейді.
Тегіңді қазақшала, "ов, овадан,ович, овнадан құтыл. Қызметті, банкоматты қазақша қолдан.
"Балаңды қазақша оқытпа" деп саған үкімет айтып жатқан жоқ ғой!
Қазақтар балаларын жаппай қазақшаға берсе, орыс мектебіне сұраныс азайып, өз-өзінен жабылады.
Сонда өзге елге қызықпай, өзіміздікімен мақтанатын боламыз!
Ал мұның бәрі ата-бабамыз мұраға тастап кеткен тәрбиеде бар!
Қыздарымыз қылықты, ұлдарымыз намысты болсын, ажырасу болмасын, жетімдер жыламасын десек, ұлттық тәрбиені қолға алу керек!
"Ұлтымыз ұлт болып қалсын" десек, бесігімізді түзейік!
Басқа жол жоқ!

 

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер